• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Қазан, 2024

Инклюзивті ойындар додасы өтті

126 рет
көрсетілді

Астанада «Жұлдызай-2024» атты ұлттық инклюзивті ойындар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді.

Бәсекеге 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысып, жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сынға түсті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 600-ге жуық спортшы қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі міндеті – балалардың спортқа деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттық әлеуетін дамытуға және физикалық, интеллектуалдық шектеулерге қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ету. Сонымен қатар ойындар мүмкіндігі шектеулі балалардың алдында тұрған мәселелерге қоғамның назарын аударады.

Салтанатты іс-шараның ашылу рәсіміне парадзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей арнайы қатысты.

«Соңымнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыма сәттілік тілеймін! Өзім парадзюдо спортынан үлкен жетістіктерге жеттім. Әлі де тоқтап қалмаймын. Сіздер де біз секілді қазақтың көк туын абыроймен асқақтатын боласыздар. Бізден де асып түсуге тілектеспін. Сол үшін тынымсыз еңбек етіп, үміттеріңізді ешқашан үзбеңіздер. Осында келіп отырған қадамдарыңыздың өзі – үлкен жеңіс. Барлығыңызға сәттілік тілеймін!», деді ол.

Айта кетейік, ауқымды іс-шара 2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.