• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Қазан, 2024

Конвенция аз этностарға қамқор бола ала ма?

87 рет
көрсетілді

Әр мемлекеттегі азшылық этнос­тар сол елдің заңына бағынатыны сөз­сіз. Десе де, Еуропа кеңесінің Ұлт­тық азшылықтарды қорғау туралы негіздемелік конвенциясы қабыл­данып, құрамына әлемдегі жетекші елдер енді. Бұл конвенцияға қосылып, кейін шығып кеткен мемлекеттер де бар. Ал бұдан соң ондағы этностық халықтың жағдайы қалай болмақ? Жалпы, аталған құжат азшылық этнос­ты қалай қорғайды?

Конвенция мақсаты

Еуропа кеңесінің Ұлттық азшылықтарды қорғау туралы негіздемелік конвенциясы 1994 жылы 10 қарашада Страсбургте өткен Еуропа кеңесінің Министрлер комитеті­нің (ЕКМК) сессиясында қабылданған. 1996 жылдың 28 ақпанында қол қойылып, 1998 жылдың маусым айында ратификацияланды.

Конвенцияның кіріспесінде мүше мемлекеттер құжаттың ережелерін «ұлттық заңнама және тиісті мемлекеттік саясат» негізінде орындауға міндетті екені айтылған. Негіздемелік құжат бола отырып, конвенция кемсітушіліктен қорғап, теңдікті, мәдениетті, дінді, тіл мен дәстүрді сақтауға көмектеседі, сөз бостандығы, экономикалық, мәдени және әлеуметтік қоғамға араласуды қамтиды. Сондай-ақ тіл мен білімге қатысты еркіндік, күштеп ассимиляциялауға тыйым салуды көздейді. Алайда сарапшылар этностық азшылықтың нақты тұжырымдалған құ­қық­тары мен бостандықтары жоқ дегенді алға тартады. Сондықтан ел үкіметтері­нің конвенция аясындағы міндеттемелері шектеулі. Сонымен қатар құжат «ұлттық азшылықтарға» анықтама бермейді. Осы уақытқа дейін Еуропа кеңесінің Министрлер комитеті барлық мүше мемлекеттің бұған қатысты анықтамасын тұжырымдай алмай келеді. Мәселен, Аустрия, Дания, Эстония, Латвия, Германия, Польша, Словения, Швеция секілді бірнеше ел конвенцияға қол қою және ратификациялау кезінде осы термин туралы өз түсініктерін білдірді. Көбі азаматтығы жоқ мигранттар азшылық этносқа жатпайтынын айтқан.

Мәселен, Швейцарияның Федералдық Сыртқы істер департаментінің (FDFA) ресми сайтындағы осы туралы мәліметте де «Еуропа кеңесінің Ұлттық азшылықты қор­ғау туралы негіздемелік конвенциясы ұлт­тық азшылықтың нақты сипатын анықта­май­ды» делінген.

«Мемлекеттер өз аумағында қандай азшылықты қорғағысы келетіні – өз ер­кінде. Швейцарияның негіздемелік кон­венцияны ратификациялағандағы түсіндір­ме мәлімдемесіне сәйкес, Швейцарияның ұлт­тық азшылығы: елдегі ең саны аз ұлт­тар; Швейцария азаматтары; Швейцария­мен ұзақ, берік және тұрақты байланыстары бар және өздерінің бірегейлігін ортақ мүд­деге байланыстырған адамдар. Әсіресе бұл мәдениетін, дәстүрлерін, діні немесе тіліне қатысты», деп жазылған.

Сондай-ақ қазіргі кезде Швейцарияның ұлттық азшылығы ретінде ұлттық тілде сөйлейтін азшылық, швейцариялық еврей қауымдастығының мүшелері және көшпелі немесе көшпелі емес йениш және синти/мануш қауымдастықтарының өкілдері танылған.

Аталған құжатқа қосылған мемлекеттер бес жыл сайын Еуропа кеңесінің Министр­лер комитетіне конвенцияның орындалуы туралы баяндамалар ұсынуға міндеттел­ген. Оған 1998 жылы құрылған сарапшылар­дың консультативтік комитеті көмектеседі. ­Олар барлық мүдделі елдің ұлттық азшы­лық­қа қатысты түрлі салаларда конвен­­ция стандарттарының орындалуына міндетті. Оның құрамына ЕКМК тағайындайтын 18 тәуелсіз сарапшы кіреді.

 

Мемлекеттер ұстанымы

Конвенция құрамында 39 ел бар. Оған кеңеске мүше елдер ғана емес, өзге де мемлекеттер ене алады. Алайда Еуропа кеңесінің 46 елі конвенцияға толықтай қосылмаған. Мәселен, Франция, Монако, Андорра және Түркия құжатқа қол қойған жоқ. Ал Бельгия, Грекия, Исландия және Люксембург қол қойғанымен, әлі ратификацияланбаған.

Франция конвенцияға қол қоймауын, ­елде қорғауға жататын қандай да бір этнос­­тық азшылықтың болмауымен түсіндіреді. Ел­дің барлық тұрғыны француздармен мәдени түрде бірігуі қажет деп санайды. Түркия да конвенцияға осындай себеппен қол қоймаған.

Ал былтыр Ресей конвенция құрамы­­нан шығып кетті. Ресей Президенті жанын­да­ғы Ұлтаралық кеңес төралқасының мүшесі Александр Брод БАҚ-қа берген мә­лімде­месінде «Ресей ұлттық азшылықты қор­ғау жөніндегі конвенциядан шыққаны­мен, осы саладағы халықаралық ұйымдармен ­ын­тымақтастығын тоқтатпайды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ТМД және ШЫҰ-мен келісім­­дер бар. Біздің елімізде саны азына қара­мас­­тан, барлық халықтың этномәдени құқық­­тары мен бостандықтары тең және мемлекет­­тік ұлттық саясат нормаларына сәйкес жүзеге асырылады», деген еді.

Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы өт­кен халық санағы бойынша Ресейде 40-қа жуық байырғы азшылық ұлт бар. «Оларды қолдау іс-шаралары тоқтатылмайды, ұлт­­тық азшылықтың құқықтарына Кон­ституцияда көрсетілгендей еш шектеу қо­йылмайды», делінген Ресей Үкіметі таратқан мәліметте.

Ресейдегі аз ұлттардың бірі – қазақтар. Десе де олар ірі диаспораны құрайды. Саны жағынан еврей, бурят, осетин, кабардин, якуттардан көп. 2021 жылдағы санақ бойын­ша Ресейде 600 мыңға жуық қазақ бар. Алайда БАҚ-та жарияланған статистика­ға сүйенсек, онда 1,5 млн этностық қазақ тұрады. Олардың басым бөлігі Алтай өлкесі, Астрахан, Орынбор, Самар, Қорған, Шелебі, Омбы, Сарытау, Волгоград, Новосібір, Түмен облыстары мен Татарстан, Қалмақияда қо­ныстанған. Әсіресе Астрахан, Орынбор облыстарында, Сібір федералды аймағын­да, Мәскеу мен Санкт-Петербор қалала­рын­да қазақ отбасылары тығыз орналасқан. Шекаралық өңірлерде тұратын қазақтар ­ауыл шаруашылығымен айналысса, қалалар­­дағы қазақтар жоғары білімді, түрлі салалар­да қызмет етеді.