• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Қазан, 2024

Алина Соловьева, мұғалім, Қазақстанның Еңбек Ері: Марапат адал мұғалімді өзі іздеп табады

186 рет
көрсетілді

Елімізде Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған үш педагог болса, соның бірі – Алина Соловьева. Ол қазір Шымкент қаласы Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында биология пәнінен сабақ береді. Отыз үш жылдық еңбек тәжірибесінде ұстаз 20 республикалық, 5 халықаралық пән олимпиадасының жүлдегерлерін дайындады. Ең жоғары награданы алған оған талай қызмет ұсыныпты. Бірақ кәсібіне адал жан оның барлығынан бас тартып, қарапайым мұғалім болып қала бергенді жөн санаған. Өйткені ұлағатты ұстазға шәкірт тәрбиелеу, олардың әрбір жетістігіне қуану, оқулық жазып, артынан үлкен мұра қалдырудан артық бақыт жоқ. Педагогтердің кәсіби мерекесі қарсаңында мектеп-гимназияның қарапайым мұғалімі әрі биология пәні оқулығын құрастырушы авторлардың бірі А.Соловьевамен педагогика саласы, кітап шығару ісі төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Алина Робертқызы, бүгінгі таңда биология пәні қалай оқытылып жатыр? Шетелмен салыстырғанда елі­міздің әдістемесінде қандай өзге­шеліктер бар?

– Шетелмен салыстырғанда бізде биология пәні жақсы оқытылады. Әрине кейбір жерде кемшін тартқан тұстар да жетерлік. Бәрінен де кеңестік оқыту жүйесі жақсырақ еді. Бірақ оның әдістемесі жаңа заманға бейімделіп үлгермеді. Кеңестік білім беру жүйесі ескі «Волга» көлігі сияқты. Өте сенімді, міз бақпай, қанша жүк болса да көтере береді. Тек онда жайлылық жоқ. Бұрынғы оқыту тәсілі де сондай болды. Сол үшін ескі тәртіпті қалдырып, бүгінгі заманның әдістемесінен тиімді тұстарын алып, оқыту әдістемесін қатты өзгертпей-ақ қою керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмады. Мен био­логия пәнін оқытудың финдік, ағыл­шындық, америкалық, Балтық теңізі жағалауы елдерінің әдістемелерін жақсы білемін. Бірақ онымен салыстырғанда еліміздің сабақ беру үлгісі әлде­қайда жақсырақ. Мәселен, АҚШ-та бі­рыңғай оқыту жүйесі жоқ. Әрбір штат­тың, тіпті әр мектептің өзіндік жеке әдіс­темесі бар. Соған қарай бір мектептер үш жыл қатарынан құстарды немесе көбелектерді үйретуі мүмкін. Есесіне бала­лар адамның анатомиясы, балықтар, басқа да жануарлар туралы түк білмей шығады. Қазақстанда пәнді оқытудың мемлекеттік ортақ жүйесі бар. Бала сол арқылы биология саласы бойынша біраз нәрсе біліп шығады. Осы жағынан келгенде біздің ұтарымыз көп. Әрине, мектеп – ғылыми зерттеу институты емес. Онда күрделі зерттеу жүргізе алмайсыз. Өйткені бала қауіпсіздігі бірінші кезекте тұра­ды. Назарбаев зияткерлік мектебінде жағдай сәл басқаша. Онда тиісті зертханалар болғандықтан оқушылар ДНҚ дәрежесіне дейін зертханалық тәжіри­бе жасай алады. Жалпы орта білім беру мектептерінде балалар биология пәні бойынша тәп-тәуір базалық білім алып шығады.

– Осыдан үш жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда «егер жаңартылған оқу бағдарламасы жақсарса, жаңадан сапалы оқулық басып шығарар едік» депсіз. Содан бергі аралықта жағдай қалай өзгерді, жаңартылған оқу бағдар­ламасы түзелді ме?

– Әзірге жаңа оқу бағдарламасы жа­сал­мады. Алайда бұл мәселе талайдан көтеріліп келеді, әлі күн тәртібінен түс­кен жоқ. Оқу бағдарламасы өзгермей, жаңа биология пәнінің оқулығы жазылмайды. Ал оқу бағдарламасының не үшін жаңармай жатқаны белгісіз. Әр 4 жылда оқулықтар жаңадан басылып тұру керек. Елімізде 30 жылдың ішінде оқулықтар үш рет жаңартылды. Биология пәні оқулығы сегіз жылдан бері әлі жаңартылған жоқ. Дегенмен бұл соншалықты маңызды мәселе емес. Одан оқушылардың білімі кеміп қалмайды. Бірақ жалпы жағдайдың өзгерісіне қарап оқулықтарды да жаңартып отырған абзал. Оқу бағдарламасын жаңарту – күр­делі шаруа. Бұл іске еліміздегі ең білікті педагогтердің кемі 20 пайызы атсалысуы керек. Бірінші кезекте солардың көзқарасы, ұсыныстары ескеріледі. Жаңартылған оқу бағдарламасына мектептер 2015-2016 жылдан көше бастады. Бағдарламаны өзгерту Конституцияны ауыстырумен бірдей. 2022 жылы Аста­нада осы мәселе төңірегінде үлкен жиынға қатысқанмын. Одан кейін талқылауларға білікті сарапшылар, әдіс­керлер, тиісті академия мамандары қосылды. Алайда бұл жұмыс қыруар еңбек пен күшті талап ететін болған­дықтан, бағдарламаны өзгерту мәселе­сі кейінге қалып қойды. Егер жаңа бағдар­лама қабылданса, соның негізінде сапа­лы оқулық басып шығаруға дайын­быз. Сегіз жылдан бері талай нәрсе өзгер­ді, соған сай оқу бағдарламасын жаңа­лаудың мезгілі жетті.

– Оқулықты әзірлеу барысында неге көбірек сүйенесіздер, отандық ғалымдардың зерттеулеріне ме әлде халықаралық, шетелдік авторлардың еңбектеріне ме?

– Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, екі жақтың да таразы басын тең ұстауға тырысамыз. Отандық мықты ғалымдары­мыз да жеткілікті. Шетелдің үздік тәжірибелерін алуға да тура келеді. Мәселен, менің аты-жөнім жазылған оқулықтарда еліміздегі атақты биофизик М.Гелманов, бүкіл дүние жүзіне танымал орнитолог А.Ковшарь, ауыл шаруашылығы ғылымдарының ака­демигі М.Асанов сынды ғалымдармен бірге тұрмын. Бұл оқулықтар негізінен сол ғалымдардың ғылыми зерттеулері бойынша жазылған. Дегенмен биология пәні оқулығына қазіргі қоғамның өзекті мәселелері де кірістірілген. Мәселен, «аборт дегеніміз не», «әртүрлі контрацепциялардың тиім­ділігі» секілді тақырыптар да кезде­седі. Көпшілігі мені сол үшін жазғырады. Бірақ менің бұл жерде еш кінәм жоқ деп айтқым келеді. Әңгіменің бәрі – оқу бағдарламасында. Бағдарламада не талап етіледі, біз соны жазамыз. Одан бір қадам да артық кете алмаймыз. Себебі оқулық жазылып болған соң, бір жыл бойы мемлекеттік сараптаудан өтеді. Егер сараптамада қате табылса, түзетуге қайта жіберіледі.  Біз – жай ғана орындаушымыз, не тапсырыс берсе, соны жазып береміз. «Жүктілікке қарсы препараттардың тиімділігі» деген тақырыпты жазуға келгенде төрт күн ойланғам. Сондағысы бар-жоғы 1,5 ғана бет. Бірақ балалар оқығанда үстіне су құйып жібергендей әсерде болмасын деп барынша жұмсартуға, алыстан орағытуға тырыстым. Жоғары жақтың талабы сол. Жеке өзіме салса, мұндай тақырыптарды оқулыққа мүлде кірістірмес едім. Егер жеке тақы­рыптарды қозғау керек болса, дәрігер-мамандар ұлдарға бөлек, қыздарға бө­лек мектепке келіп дәріс оқысын. Жалпы менің түсінігім осындай.

– Біздің оқушылар биологиядан қалай? Сосын сізде сабақ барысында қолданатын жеке әдістемеңіз бар ма?

– Балалардың бәрі биологиядан күш­ті дей алмаймын. Бұл жерде оқушы­ның ерекшеліктерін ескеру керек. Әр бала табиғатынан әртүрлі. Біреу алғыр талапты болады. Екіншісі жалқау, оқығысы келмейді. Сондай білімді баланы тауып талантын аша білсең, сол ертең сенің үмітіңді ақтап, республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарда бәйгеден оза шауып келеді. Ал сабақ беру тәсіліне келсем, менде кереметтей бір әдістеме жоқ. Бірақ балаларды оқытуда Марал Жанпейісова, Темір Ғалиев сынды мықты педагогтердің тәжірибесіне, әдіснамасына сүйенемін. Олар – мен үшін педагогика саласында тура жолдан тайдырмас темірқазықтарым. Дегенмен мұғалім де – бір өнердің иесі. Балаларға сабақ беру үшін де адамға кішкене талант керек секілді. Әрі қарай мықты педа­гог болып кету өзінің ынта-жігері мен еңбегіне байланысты. Менің бар құ­пиям осы болса керек. Бастысы – баланы оқытуға бар жаныңды салып, өз ісіңді жүрекпен, адал атқару. Пәнге қызықтыру үшін мұғалім кейде образға кіріп актер болып та ойнап көру керек. Біреуден мақтау есту үшін бала оқытпай-ақ қойған жақсы. Педагогтің жүрегінде «менің шәкіртім» деген сөз тұрса ондай ұстаздың орны әрқашан да биік болады. Абырой да, марапат та адал мұғалімді өзі іздеп табады.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

 

Әңгімелескен –

Әнуар ЖҰМАШБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»