Күннің әрбір ашық сәтін ұтымды пайдаланған ақмолалық диқандардың алды егін орағын аяқтады. Дала ерлері 5 млн тоннадан астам астық бастырды.
«Родина» агрофирмасы» ЖШС өңірдегі жауапты науқанды қысқа мерзімде аяқтап, дарқан дала төсіндегі өзге әріптестеріне үлгі көрсетті. Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын, 25 жылдық тарихы бар серіктестікте 46 мың гектардан астам алқаптың астығы жиналды. Ораққа 63 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты, оның ішінде заманауи 35 комбайн мен 9 трактор бар. Гектар берекесі 19 центнерден айналды. Кейбір құнарлы алқаптардағы астық шығымы 27 центнерге дейін жетті.
«Егістіктердегі іс-қимылдардың үйлесімі мен жеделдігі қойылған міндеттердің сапалы орындалуына жағдай жасап, егін ору уақытын қысқартты. Егін жинау жұмыстарының сәтті аяқталуы өндірісті механикаландырудың нәтижесінде мүмкін болды», дейді шаруашылықтың бас агрономы Қанат Әділбеков.
Шаруашылықта барлығы 43 мың тоннадан астам астық бастырылды, бұл өткен, жылдағы көрсеткіштен екі есе артық. Агрофирма жыл сайын жақсы жұмыс істеген адамдарды ынталандырады. 28 жыл еңбек өтілі бар комбайншы Федор Меркулов 1 515 гектар алқапты орып, 3 030 тонна астық бастырса, 39 жыл комбайн тізгіндеген Юрий Городецкий де 1 475 гектар алқаптан 2 950 тонна астық бастырған.
«Биылғы науқанда 1 535 гектар алқаптың егінін жинап, 3 070 тонна астық бастырдым. Мен мұнда 27 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Биыл орақ кезінде ауа райы қолайлы болды», дейді комбайнер Александр Прохоров.
Алқаптағы астықты қырманға тасымалдауда жүк көлігінің жүргізушісі Александр Мюсик топ жарды. Ол науқан басталғалы 10 700 тонна астықты қамбаға жеткізген.
Субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау өнімділіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуде ерекше рөл атқарғанын атап өткен жөн. Осы арқылы шаруашылық жанар-жағармай материалдарын, өсімдіктерді қорғау құралдары мен минералды тыңайтқыштарды сатып алу шығындарын едәуір төмендете алды.
Бір айта кетерлігі, биылғы егіннің берекесі гектарына 13 центнерден жоғары. Астық сақтайтын кәсіпорындар мен элеваторларда 148 астық кептіретін құрылғы жұмыс істеп тұр. Орақ жұмыстарын жүргізуге арзандатылған бағамен 80,3 мың тонна дизель отыны бөлінген. Өңір диқандарының табысы былтырғы межемен салыстырғанда қомақты. Алты млн тоннадан астам астық бастыру межеленсе, қазірдің өзінде құт қамбаға құйылған қызыл дән бес млн тоннадан асты.
«Облыс элеваторларына түскен астықтың 60 пайыздан астамы үшінші класты. Бұл жай астықты нарықтық бағамен сатуға мүмкіндік береді», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
Биыл мол астық жинаған іргелі шаруашылықтар аз емес. Мәселен, Бұланды ауданының «Журавлевка – 1» серіктестігі әр гектардан 57 центнерден өнім жинады.
«Көктемде 71 мың гектар жерге дәнді және бұршақ дақылдарын сіңірген болатынбыз, – дейді «Журавлевка – 1» серіктестігінің бас директоры Ерлан Тоқанов, – гектар берекесі 30 центнерден айналып жатыр. Саралап қарасақ, жақсы өнім алуға қажетті минералды тыңайтқыштарды қолданып, агротехникалық шараларды дер кезінде жүргізуіміз себепші болып тұр. Биыл жекелеген алқаптардағы өнім тіпті жақсы. Бабы келіскен алқаптардан 50 центнерден астам өнім жинадық».
Сандықтау ауданындағы «Максимовское» серіктестігінде гектар берекесі 40 центнерден асса, Зеренді ауданындағы «Дихан плюс» серіктестігі әр гектардан 33 центнерден өнім жинап жатыр.
Ақмола облысы