Астанада АӨСШК Жастар кеңесі аясында волонтерлер слеті өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығымен бірлесе АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен ұйымдастырған. Жиынға Қырғызстан, Ресей, Шри-Ланка, Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан, Иран, Тайланд, Тәжікстан секілді 21 елден 450-ден аса делегат арнайы келді.
Форумның алғашқы күні «Қоғамдағы волонтерлік қызметтің маңыздылығы: Азия елдерінің тұрақты дамуына жәрдемдесудегі волонтерлік қызметтің рөлін талқылау» тақырыбында АӨСШК Жастар кеңесінің 7-отырысы өтті. Кездесу қоғамдағы еріктіліктің маңыздылығына және оның Азия елдерінің тұрақты дамуындағы рөліне арналды.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы шілдедегі отырыста Астанада Жастар кеңесінің қолдауымен АӨСШК-ке мүше елдердің еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетін өткізуді ұсынған. Осылайша, басқосуға әлемнің әр түкпірінен волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары, белсенді волонтерлер, сондай-ақ АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің волонтерлік мәселелеріне жетекшілік ететін мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Бұл іс-шара Азияның әр аймағынан келген сарапшылар мен мамандарға тәжірибе, идея алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін таптырмас алаң болатынына сенімдімін. Мұнда мәдениетаралық диалогке, қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылып отыр. Форумда көтерілген тақырыптардың әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Себебі волонтерлік қызметтің тек әлеуметтік мәселелерде ғана емес, елдің экономикасын ілгерілетуде де қосар үлесі зор, – деді АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Лин.
Негізгі отырыстан бөлек, панельдік сессиялар да ұйымдастырылды. Басқосулар шетелдік спикерлер қатысуымен «Әлеуметтік және инклюзивті волонтерлік», «Зияткерлік волонтерлік: инновациялық тәсілдер және халықаралық тәжірибе», «Төтенше жағдайлардағы волонтерлік қызмет», «Еріктілердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі», сондай-ақ «Денсаулық сақтау саласындағы волонтерлердің рөлі» тақырыбында өтті.
– Бізде әрбір жоғары оқу орнында жүздеген медициналық волонтер бар. Географиялық тұрғыдан ауқымды аймақты алып жатқандықтан ауыл-аймақтардағы медициналық мекемелерге еріктілеріміз жиі көмек қолын созуға барады. Жас волонтерлер ем алушыларды тіркеуге көмек береді, олардың ауруларына байланысты жергілікті тұрғындарды мамандандырылған дәрігерлерге бағыттап отырады. Яғни волонтерлер денсаулық сақтау саласы секторындағы жүктемені азайтуға көмек береді. Бүгінде Үндістанда медицина бағытында 20 мың волонтер жұмыс істейді, – деді Үндістаннан келген волонтер Субрата Хазра.
Жалпы, әлемде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде жаһанда 970 миллион волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші Қазақстан азаматы еріктілер қатарын толықтырып отырады.
– Дәрігерлік жұмысымнан тыс реабилитация жөнінде церебралды сал ауруымен ауыратын балалары бар ата-аналарға, медицина саласындағы қызметкерлерге YouTube платформасында тегін кеңес беремін. Ақысыз түрде балаларға ем тағайындап, оңалу жолында қажетті әдіс-тәсілдерді айтып отырамын. Қазір елімізде мен секілді қосымша еріктілікпен айналысатын әріптестерім көп. Оған бірден-бір себеп коронавирус еді. Волонтерлер слеті еріктілер жұмысының сапасын жақсартып, шетелдіктермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді реабилитолог дәрігер Латиф Парпиев.
Жиын қорытындысында қатысушылар АӨСШК кеңістігінде волонтерлік қызметті дамыту бойынша бірлескен ұсынымдар әзірлеуге кірісті.
Іс-шара бүгін де жалғасады. Еріктілер ынтымақтастықты кеңейту және волонтерлік қызмет бойынша тәжірибе алмасу бойынша алдағы қадамдарды талқылайды.