Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) волонтерлік қозғалыстар көшбасшылары слеті шеңберінде «Волонтерлердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі» панельдік сессиясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев ведомствоның қоршаған ортаны қалпына келтіру және климаттың өзгеру салдарымен күресу жөніндегі жобаларға волонтерларды тартуға бағытталған бастамаларын ұсынды.
Экологиялық акциялардың жетістіктеріне ерекше назар аударылды, атап айтқанда Қызылорда облысындағы «Сыр қорғаны – сексеуіл» жобасы барысында 80 ерікті Арал теңізінің құрғаған табанына 5 мыңнан астам сексеуіл көшеттерін отырғызды. «World Cleanup Day» ауқымды акциясы бүкіл ел бойынша 160 мыңнан астам адамды біріктірген.
Сөз соңында вице-министр экологиялық волонтерлікті дамыту министрліктің Қазақстанның тұрақты және экологиялық қауіпсіз болашағын қалыптастыру жөніндегі күш-жігерінің маңызды бөлігі болып саналатынын және жастар ұйымдарымен және волонтерлік қозғалыстармен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.