• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 05 Қазан, 2024

«Abish alemi» үздіктерді анықтады

96 рет
көрсетілді

Маңғыстауда заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­кері Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арналған іс-шара­лар жалғасын тауып жатыр. Ауқымды ғылыми-практи­калық конференция аясында шымылдығы ашылған «Abish alemi» ІІІ халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті.

Төрт күн бойы театр сахнасында ұлттық және әлем­дік үздік шығар­ма­­лар сах­­на­ланып, дәуірлер ше­жі­ресін жет­кізді. Фестивальға Грузия, Иран, Татар­стан, Қыр­ғыз мемлекеттері­мен қатар Қазақ­станнан барлығы 8 театр­дан 200-ге жуық сахна шебе­рі өнер көрсетіп, Маңғыстау жұрт­шы­лығының ықыласына бөленді.

«Abish alemi» III халық­аралық театр фестивалінің сарап­тама­лық кеңес мүшелері қата­рын­­да Қазақ­­станның халық әртісі Асанәлі Әш­і­мов, М.Әуе­зов­ атындағы Қа­зақ ұлттық акаде­мия­лық драма­ ­теат­­ры­­­ның дирек­торы, театр сын­­шысы Еркін Жуасбек, театр­тану­шы, өнертану кан­дидаты, Қазақ ұлттық өнер ака­демия­сының театр­­тану факуль­те­тінің профессоры Бақыт Кәки­қызы, театртанушы, театр сыншысы, өнертану кандидаты Айсұлу Сағитова, Түркиядан келген режиссер Биркан Гүргөн төрелік етті. Соны­мен қатар ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев, Асанәлі Әшімов атын­дағы «Өнер мен мәдениетті қол­дау» қорының төрайымы Бағдат Әші­мова, «Құрмет» орденінің иегері, жа­зу­­шы Жабал Ерғалиев, Әбіш Кекіл­баевтың отбасы мүшелері, ­Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Нұрнияз Мұханов фес­тиваль ке­ңес­шісі ретінде қатысты.

– Спектакльдерді тамашалай оты­­рып, есімі ХХ ғасыр­­дағы ең үздік жүз жазу­шы­­­ның қатар­ына енген қарым­ды қа­­ламгер­дің шоқтықты шығар­ма­­ларын инсценировка­­­лап, өзге тілдерге аударып, театрлар ре­пе­­р­­туарына енгізуде, киноэкранға шыға­руда алда үлкен міндеттер тұр­­ға­­­нын ұқтық. Осы орайда қалам­гер­дің «Шыңырау», «Күй», «Бір шөкім бұлт», тағы да басқа прозалық туын­дыларын сахнаға лайықтап, көрермен ықыласына бөленіп жүрген Жантөрин атын­дағы театр ұжымының еңбегін атап көрсеткім келеді. Егер біз облыс­тық музейді Әбекең шаңы­рағының шырақшысы десек, Н.Жантөрин театрын Әбекең шығармаларының жоқшысы мен жаршысы деуге толық негіз бар. Даңқты сөз шебері, кемеңгер мемлекет қайраткерінің 85 жылдығын атап өту жазушының туған күні қарсаңында елордадағы мерекелік іс-шаралармен қорытындыланады.

Жантөриндіктер Әбекеңнің өз­де­рі сахналаған төрт шығар­ма­сы­мен осы іс-шараға қатысуға ша­қыр­ту алып отырғаны – бәріміз үшін мәртебе. Жазушының рухани мұрасы халқымен бірге жасай б­е­реді, – деді Маңғыстау облыстық мә­­д­е­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.

Сарапшылар шешімімен ірік­теу кезеңінен өткен Иран, Татар­стан, Қырғызстан, Грузия елі­нің театрлары және Қазақ­стан­ның Астана, Алматы, Көкше­тау және Орал қалаларынан қатысушы ­театр­лар «Үздік театр»­ аталымымен марапатталды. Сондай-ақ «Abish alemi» театр фестивалінің «Үздік эпизодтық бей­несі» арнайы жүлдесімен «Не плачь, когда я умру» спектак­лін­дегі Микаил рөлі үшін Грузия Рес­пуб­ли­касы­ның Гейдар Алиев атындағы Тби­лиси азербайжан кәсіби Мемлекет­тік драма теат­рының әртісі Тор­ғай Вализаде, «Үздік екінші пландағы ер адам бей­несі» арнайы жүлдесімен «Электра» спек­такліндегі Агаменнон рөлі үшін Жалал Шахбазнезад (Иран театры), «Үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі» арнайы жүлдесімен Шың­ғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы бойынша «Ман» спек­такліндегі Найман ана рөлі үшін Анарбаева Жылдыз (Қырғыз Рес­­пуб­ликасы), «Үздік ер адам бей­­­несі» жүлдесімен «Любишь, не любишь» спектакліндегі Шал рөлі үшін Татарстан Республикасы­ның халық әртісі Х.Хамматуллин, «Үз­дік әйел адам бейнесі» жүл­де­сі­­мен «Қаралы сұлу» спек­так­лін­дегі Қарагөз рөлі үшін Батыс Қазақстан облысынан келген әртіс Х.Шамелова, «Үздік режиссура» жүлдесімен «Стан­ционный смотритель» спектаклі үшін көкшетаулық Т.Кулов, «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесі­мен Алматы қаласынан келген «Йерма» спектаклі, «Үздік спектакль» жүлдесімен «Стан­цион­ный смот­ритель» көкше­тау­лық спек­таклі марапатталды. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының Бас хатшысы Сұлтан Раев ІІІ халықаралық «Abish alemi» ­театр фес­тиваліне қолдау білдіріп, бір­неше мәрте ұйымдастыруға мүм­кін­дік бергені үшін Маңғыстау об­лы­­сының әкімдігін және театр­ саласының бірнеше маманын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­­мының Алғыс­хатымен және төс­белгісімен марапаттады.

«Жақсының шарапаты елге тиеді» дегендей, арамызда болма­ға­нымен, шығармалары арқылы халқының жүрегіне жол тапқан жазушы ғұмыры мәңгі.

 

Маңғыстау облысы