• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 05 Қазан, 2024

Рухани дүниенің реңі

87 рет
көрсетілді

Ел ішіндегі мәдениет саласындағы мәнді шаруа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы атқарылып, рухани әлем нұрлана түсті. Биыл аудандық мәдениет нысандарының инфра­құрылымын дамытуға 7,1 миллиард теңге бөлініп отыр.

Көлемді қаражаттың 4,5 миллиард теңгесіне 8 мәдениет нысанын салу көзделген. 2,2 миллиард теңге­­ге мәдениет ошақтарының біреуіне күрделі, төртеуіне ағым­дағы жөндеу жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Осылайша, жал­пақ жұрт­тың сұранысы өтеліп, мәдениет саласы жаңа серпінге ие болды. Сәл ғана таратып айтатын бол­сақ, бүгінгі күні Біржан сал ауда­нының Үлгі ауылындағы мәде­ниет үйіне 135 миллион тең­геге жөндеу жұмысы жүр­гі­зілді. Етек-жеңі кең пішілген ауыл тұрғындары қазір бейнелеп айтқанда, құрылысшының қала­ғынан жаңа шыққандай көз тар­тарлық кейіппен сыңғырлап тұр­ған, мұқият жөндеуден өткі­зіл­ген мәдениет үйінің игілігін кө­реді. Ауданда іссапарда бол­ға­нымызда ел ағаларының шара­пат­ты шаруаға, мемлекет­тің қам­қор­лы­ғына айтқан ақ алғы­сына куә болдық. Жөндеуден өткізілген селолық мәдениет үйінде әртүрлі үйірме жұмыс істейді. Ауыл жас­тары мәде­ниет ошағына келіп, өзде­­рінің қалаулары бойынша руха­­ни нәр алады.

Осындай игілікті іс Жақсы ауданының Запорожье ауылында да жүзеге асырылып отыр. Оқтай түзу көшелері асфальт жамылғымен көмкерілген, селоға кіреберісте ұқыпты қолдың табы анық байқалатын демалыс паркін жанай өтсеңіз, елді мекеннің қақ ортасында еңселі селолық клуб менмұндалайды. Бұл ауылда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға айрықша мән берілген. Өтпелі кезеңнің өкпек желі берекелі ауыл­ды айналып өткендей. Ауыл жастарының көпшілігі туған жерінің төсінде абыройлы еңбек етіп жатыр. Міне, осындай әдемі көрініске қарап тұрып, төрт құбыласы сай болса, елдің іргесі сөгілмейтінін байқауға болады. Үстіміздегі жылы ауылдағы село­лық мәдениет үйі 87,3 миллион теңгеге жөнделді. Кейінгі жылдары мәселесі қайта-қайта көтерілген Бурабай ауданындағы Зеле­ный Бор ауылындағы мәде­ниет үйі 432,3 миллион теңгеге жөн­деліп, тұрғындар үшін ақ түйе­нің қарны жарылған сәт туды. Көптен бері жүдеп тұра­тын, бағ­дарламасының арқа­сын­­да сал­танатты күйге еніп, көз тар­тарлық кейіпке енді. Дәл осындай ағымдағы жөн­деу жұ­мыс­тары Қорғалжын, Зе­рен­­­ді аудан­дарындағы Ақан және При­речное ауылдарында жүзе­­ге асырылса, Біржан сал ауданындағы Бірсуат ауылының тұр­ғындары да ұтымды істің игілі­гін көріп отыр.

Өңірде алты елді мекеннің кітап­­­ха­наларына күрделі жөндеу жүр­­гі­­зілді. Атап айтатын болсақ, Атба­сар ауданындағы Ақан Құр­ма­­нов атындағы, Ерейментау ауда­­нындағы Егіншілік ауылда­рын­­дағы және Жарқайың аудан­дық кітапханаларына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары таяуда аяқталмақ.

Аршалы ауданында бағ­дар­лама аясында екі ғимарат салынып жатыр. Атап айтқанда, Аршалы кентінде және Жібек жолы ауылын­да заманауи мәде­ниет үйлері бой көтеріп, халық­қа қызмет ете­тін болады. Бұл мақ­сатқа 1,4 мил­лиард тең­ге қар­­­жы бөлінген. Бұ­лан­ды ауда­нындағы Николь­ское және Воз­несенка, Астра­хан ауда­нын­дағы Новочер­кас­ское ауыл­да­рын­дағы мәдениет үйле­рі­нің құ­ры­лысы жүргізілуде. Бұл мақ­сатқа 1,7 миллиард теңге қарас­тырылған.

Жыл соңына дейін екі инвес­ти­­ция­лық жобаны аяқтау жос­парланған. Щучинск қала­сын­дағы 400 орындық аудандық мәдениет үйінің құрылысына ­1 мил­лиард теңге, Степногорск қала­сының іргесіндегі Қарабұлақ ауы­лындағы салынып жатқан мәде­ниет үйінің құрылысына 292,5 миллион теңге бөлінген. Ақкөл ауданындағы Азат елді мекенінде жалпы құны 200 миллион теңге болатын мәдени спорт кешенінің құрылысы бас­талды.

Өңірдегі мәдениет саласының өңін кіргізген бағдарлама берекелі шаруаға айналып отыр.

 

Ақмола облысы