Ғалым Хасый Жамантіков экологиялық тазалықты сақтау мәселесін бұрыннан айтып жүр. Ауыл шаруашылығы ғылымдары докторының бірегей ұсынысы – күріш егісіндегі топырақ экологиясын сауықтырып, «жасыл экономика» жүйесі арқылы органикалық егіншілікке көшу жайы. Жақында білікті маманмен сұхбаттасып, көкейдегі көп ойды нақтылаудың орайы келді.
– Бұл мәселені біраздан бері қозғап келесіз. Бастаманың тиімділігіне назар аударғандар болды ма?
– Топыраққа минералды тыңайтқышты үзбей берсе, ондағы органикалық заттар жиынтығы – қара шірінді мөлшері азайып, тыңайтқыш құрамындағы ауыр металдар, улы қалдықтар жиынтығын ыдыратуға шамасы келмей, өнім сапасы төмендеп кететіні әлдеқашан дәлелденген. Әрине, оған жол беруге болмайды. Қызылордадағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұзақ жылғы зерттеу мен тәжірибеден кейін топырақ құнарын арттырудың дәстүрлі жүйесін ұсынып отыр. Табиғи құнар өсімдіктің өсуі мен жетілуіне қолайлы жағдай жасайды. Құнары азайған топырақта өсімдіктер өскенімен дамуы тежеліп, жетілуі ұзарып, өнім мөлшері азайып, сапасы нашарлайды. Органикалық заттар қосу арқылы қара шірінді мөлшерін айтарлықтай жоғарылатуға болады. Бірақ бізде осы топырақтану саласына аса бір мән берілмей келе жатқаны қынжылтады.
Су тапшылығына байланысты күріш егістігі көлемін азайтуға мәжбүрміз. Осының әсерінен қамбаға түсетін өнім 30-35 пайызға дейін азаюы мүмкін. Бірақ күріш егуді шектегенмен жер құнарланып кетпейді. Өйткені бұрынғыдай табиғи тыңайтқыш жоқтың қасы. Барының бағасы минералды тыңайтқыштармен бара-бар.
– Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ күріш сабаны мен қауызын компостау патентін иеленгенін білеміз. Ол қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Сіздің айтып отырғаныңыз сығылған қалдық сабанға құрғағын қосып тиімді компост жасаудың патенті ғой. Бұл әдіс арқылы бидай сабанын күріш сабаны мен қауызы сияқты қолдан шірітіп, топырақты құнарландыруға болады. Бидайдың ұнталған сабан массасын комбайнға тіркелетін шөмеле салушыға жинап, ірі астаушаға төгуді ұйымдастыруға арнайы бригадалар құру керек болатын шығар. Бұл ғылыми тұрғыда аса жауапты жұмысты Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ғалымдары қолға алғаны абзал. Сабанын компостау арқылы бидайдың орташа өнімін 50 пайызға көтеруге болады екен. Бұған Қызылордадағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұсынысын рұқсатпен алып, қолданған дұрыс болар. Көп жыл қолданыста болған егіс топырағының құнары тың кезеңдегісінен 40-45%-ға төмендейді. Біз соны табиғи жолмен тыңайтудың жолын ұсынып отырмыз.
Компосты ылғал күйінде де, түйіршік түрінде де жерге тереңдете сіңіру керек. Оның сарқынды сөлінен ерітінді жасап, арнайы құралмен өсімдік тамырына жеткізу де өнім көрсеткішін арттыра түседі. Осы бағытта ғылыми тәжірибелер жасауға Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТИУ ғалымдарының әлеуеті толық жетеді. Бұл іс-шаралар жүйелі ауыспалы егіс жоспары шеңберінде орындалады. Ауыспалы егіс талаптарын сақтаудың өнім көлемі мен сапасына әсерін әркім-ақ біледі. Бірақ мына жағдайды да ескеруіміз керек. Жоңышқа мен бидай егілген жерде міндетті түрде фосфор элементі жетіспейді. Жоңышқа топырағында азот пен өсімдік қалдығы қалатынын тағы ескерейік. Ауыспалы егіс тәртібі кезінде осы тыңайтқыш жетіспеушілігінен бидай сапасының кейбір қасиеті төмендеуі мүмкін. Оның үстіне ауыспалы егісте жоңышқа үлесі қомақты болғанымен, бактериялар оларды тез ыдыратып, құнарлық қорын онша өсірмейді.
Осы күні Қаратау фосфоритінен өндірілген фосфор тыңайтқыштары орта фосфатты болып есептеледі. Өндірісіміз фосфориттегі ауыр металдарды тыңайтқыш құрамынан азайтуға қол жеткізе алмай отыр. Бұл тыңайтқышпен бірге улы заттар мөлшері топырақта біртіндеп жиналып жатыр дегенді білдіреді. Қаратау фосфоритінің құрамынан улы заттарды тазарту үшін фосфор тыңайтқышының полифосфат топты тыңайтқышын өндіру керек. Ортафосфаттың 1 молекуласында бір PO4 қышқыл қалдығы болса, полифосфаттың 1 ірі молекуласында тығыз түрде орналасқан PO4 қалдығының ең азы 50, көбі мыңға жуықтайды. Полифосфатты тыңайтқышта ауыр металдар қалдығы жоқтың қасы әрі ол фосфорға бай экологиялық таза тыңайтқыш.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»