• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұстаз 05 Қазан, 2024

Табысты ұлт болу – тәрбиеден

194 рет
көрсетілді

Уақыт көші ұзаған сайын ұлттық тәрбие мен білім беретін мектептің жүгі де ауырлай түскен. Осы бір биік үдеден шығуды мақсат еткен керекулік дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның ел аузында аты мақтаулы, беретін білім-тәрбиесі құнарлы.

Кеңес өкіметі кезеңінде ел аузында «Казкрай» атанған шағын ауданның балалары негізінен Абай атындағы №10 орта мектепте оқыды. Оқушылар саны қолдан азайтылуы салдарынан білім ұясы жабылып та қала жаздаған. Еліміз егемендікке қол жеткізген соң, жағдайы оңалып, лицей-мектеп мәртебесіне ие болды. Қазіргі уақытта гуманитарлық бағыттағы гимназия ретінде балаларға тәлімді тәрбие, озық білім беріп келеді. Бұл мектепте еліміздің әде­биеті мен ғылымына еңбек сіңірген тұлғалар білім алды. Соның бірі – жазушы, «Абайдың жұмбағы» кітабына Мемлекеттік сыйлық алған Рамазан Тоқтаров. Қаламгердің есімін мектеп ұжымы әлі күнге құрмет тұтады. Тағы бірі – Нобель сыйлығына ұсынылған әйгілі қазақ ғалымы, химия ғылымдарының докторы Хабиболла Оспанов. Ол – химия-физика саласында әлемге белгілі төрт ғылыми жаңалықты ашқан. Кеңес заманында ойлап тапқан 23 технологиясы өндіріске енгізілген. Оның 10-ы «өте құпия» саналыпты. Өмірінің соңғы жылдары да ғылымнан қол үзбей, сонау АҚШ-тан үш бірдей ғылыми патентке ие болды.

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған білім оша­ғында  болған уақытта әлгіндей тари­хи тұлғаларды атай тұрып: «Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атын­дағы гимназия – ұлттың қайта өрлеу орталықтарының бірі. Қазақ­­­стан­дық көптеген танымал ғалым осы өңірде өскен және қазіргі педагогтер аға буынның ізін жалғап келеді», деп ойын түйіндеген еді.

Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында тарихы тереңге бойлаған білім ұясына бас сұқтық. Гимназия басшысы Салтанат Шабажанова әуелі мектеп жанын­дағы гүлге оранған «Әкелер бағына» бастап апарды. Бақта шие, алма, алмұрт, өзге де жеміс ағаштары жайқалып, айналасына түрлі гүл егілген. Биыл оқушылар мектеп жанында өз қолымен картоп егіп, одан күзде берекелі өнім алыпты. Жинаған түйнектерін мектеп асханасын ұстап отырған кәсіпкерге тапсырып, ол өз кезегінде біраз уақыт асханадағы бәлішті оқушыларға арзан бағада ұсынған. «Осылайша, балаларымыз еңбектің наны – тәтті болатынын өз мысалдарында байқап көрді», деп күлімдеді директор. Бұған қоса мектеп жанындағы негізгі бақта түрлі өсімдік, көкөніс, жеміс ағашы өсіріледі. Мұғалімдер мен оқушылар оны биология сабағында кеңінен пайдаланады.

Оқу ордасында еңбек етіп жүрген мұғалімдердің басым бөлігі – осы мектептің түлектері. Гимназия түлегі, тарих пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Шәкірдің айтуынша, ол тарихымызды балаларға түсіндіруде қазақтың аңыз әңгімелеріне көп көңіл бөледі. «Сабақтың тәрбиелік жағына баса назар аударамын. Негізі тарих әдебиетпен байланысып жатқан пән ғой. Қазақ ағартушылары, саяси тұлғалары туралы ақпарат, бейнежазбалар ғаламторда жетерлік. Солардың арасынан сұрыптап, оқушыларға роликтер ұсынамын. Әдетте балалар 30–40 секундтық роликтерді көргенді ұнататыны мәлім. Өткенде бір сабақта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қатысты бейнежазбаны 17 минут кірпік қақпай тамашалады. Тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен еңбектері ұрпақты айрықша қызықтырады. Балалардың бұл талпынысын шыңдай түсуге, ынталандыруға тырысамын. Әр сабақ қызықты әрі мазмұнды өтсе, оқушы да шаршамайды», деп өз тәжірибесін бөлісті онжылдық өтілі бар педагог.

Ал қазақ тілі мен қазақ әде­биеті пәнінің ұстазы Назерке Семей үлкен ізденіс үстінде жүрген маманның бірі екенін байқадық. Биыл облыстағы сынып жетекшілері сайысына қатысып, республикалық байқауға жолдама алыпты. Н.Семейдің ойынша, бүгінгі ұрпақ өте зейінді. Алайда мектепте ана тілінде білім алып, ал үйінде ата-анасымен орысша тіл қатысуға бейім кейбір балалардың психологиялық қысымда жүретінін мұғалімдер жиі байқайды. Осыдан жасөспірім қай жерде қазақша, қай жерде орыс тілінде сөйлесемін деп ойланып отырады. Үйдегі тәрбие бұрын егілетіндіктен, ондай балалардың ойы да орыс тілінде жетіледі. «Ата-анасының баламыз қазақша оқып, ана тілінде тәрбие алсын деген ой-мақсаты құптарлық. Өкінішке қарай, балаға түсетін қысымды, ауыртпалықты ересектер сезбейміз. Әр тілдің дыбыстық коды бар. Ол кодты алма-кезек ауыстыру адамның миына үлкен салмақ түсіреді. Қостілділік ұрпақ тәрбиесінде осындай мәселе туындатып отыр. Сынып жетекшісі ретінде балалармен осы тұрғыда көп жұмыс істеуге тырысамын. Мұғалімдердің киген киімдері, таққан әшекейлері, жүріс-тұрыс мәнері балаларға әсер етеді. Әріптестеріміз күнделікті сабақта ұлттық нақыштағы қамзол киіп жүруге әдеттенген. Оқушылар да осыған бой үйретіп, қазір әр сынып ұлттық оюлармен өрнектелген киімдерді киеді. Осыған әр ұстаз орнымен маңыз бере білуге тиіс», деп ойын тарқатты жас маман.

Абай атындағы гимназияда 2007 жылдан бері еңбек ететін педагог Ардақ Асанова академик Әбікен Бектұров негізін салып кеткен ұлттық химия саласының бүгінде талай ұл-қыздың өміріне соқпақ болғанын әңгімеледі. 11-сынып түлектері медициналық бағыттағы мамандықтарды жиі таңдайды. Жыл сайын түлектердің кемі 10–15-і осы бейіндік пәндер бойынша ҰБТ тапсырады екен.

«Тарихы бай Ертіс-Баян өңірінің аумағында 60-тан астам химиялық элемент кездеседі. Оқушыларымызды «Осы бір табиғи байлықты игеруге алдымен сендер білімді болуларың керек. Өйтпеген жағдайда қазақ жерінің жерасты қазынасы шетелдік инвесторлар тарапынан талан-таражға ұшырай бермекші», деп қамшылаймыз. Бұрын балаларды жергілікті химиялық, өндірістік кәсіпорындарға апарып, ондағы үдерістерді көздерімен көруге мүмкіндік тудыратынбыз. Қазір барлығы жеке компаниялардың қолында болғандықтан, ондай жағдайға қолымыз жетпей отыр. Жалпы, орта білім жоғары оқу орнындағы біліммен тұспа-тұс келуі керек. Мектебімізде химиялық ашық зертхана бар. Балалар қалағанынша зерттеулерін жүргізеді. Ал өзім 11-сынып жетекшісі ретінде балалардың ұлттық менталитетімізге сай қайы­­рымды болуына көңіл бөлемін. Олардың балалық эмоциясын тасқындататын істерге баулимын», дейді ұстаз.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тәмсілдің Абай атын­дағы гимназияда жөнін тауып отырғанын аңғардық. Мәселен, 2019 жылы биология пәнінің мұғалімі Гүлмира Байбекова жетекшілік еткен 11-сынып түлектерінің 23-і биология пәнін таңдапты. Балалардың медицинаға деген қызығушылығын оятып, әр сабағына маңыз беретін Гүлмира Зиядақызының еңбегіне әріптестері құрметпен қарайды. Өзінің айтуынша, оқушы 45 минуттық сабақта түсіндірілген тақырыпты бүге-шігесіне дейін көкейіне тоқыса, ұстазға одан артық жетістік жоқ.

«Мектептегі тәрбиеге әлдебір өлшеммен қараудың қисыны жоқ. Себебі әр баланың тәрбиесі, мінез-құлқы, құндылығы әртүрлі. Олардың әр айтқан пікірімен, ойымен санасып, өзіміз байқаған қасиеттерін ұштай түсуге ұм­тыламын. Қазіргі уақытта жасанды интеллектінің өмірімізге араласа бастағаны мәлім. Оның жақсы да, жаман да жақтары бар. Балаларға осындай заманауи тақырыптарды талқылатамын. Пікір таластыра келе, әр құбылыс пен үдерістің екі тарабын да салмақтайды. Адамды ойландырмайтын технологияның барлығы да біздің ой-санамызға тежеу болатынын бүгінгі ұрпақ ұғынса дейміз. Ал ұрпағымыз ойланудан қалса, одан асқан қорқыныш жоқ», дейді тәжірибелі педагог.

Абай атындағы гимназия бүгінде гуманитарлық бағытқа негізделген. Мектеп ғимараты 500 орынға шақталғанына қарамастан, бүгінде 588 оқушы білім алып жүр. Ғимараттың тарлығы мәселесі жыл сайын айтылып келеді. Ұжым­­дағы 58 педагогтің барлығы – өз сала­сының мамандары.

Мектеп басшысы Салтанат Қалиасқарқызы қазіргі ата-аналар тарапынан гуманитарлық бағыттан гөрі техникалық, мате­­матикалық, жаратылыс­та­ну ба­ғы­тына сұраныс мол еке­­ніне наза­рымызды аударды. Оқу жылы басталған уақытта директор бар­лық ата-ананы жинап, олар­дың талап-тілегіне, ой-пікір­­леріне құлақ асатын көрінеді. Білім­нен бөлек, жылдық тәрбие жоспары да соған орай түзіледі.

«Сынып жетекшілеріне көп ауыртпалық түсетінін байқаймын. Әйтсе де мектептің арқалаған миссиясына адалдық әр қиындықтан жол табуға жетелейді. Сынып жетекшілерінің арасында арнайы рейтинг жүргіземіз. Әлдебір мәселе шыға қалса, оны жасырып-жабу – бізге жат дүние. Мәселені дер кезінде шешуге тырысамыз. Бұл тарапта мектептегі әкелер кеңесі, әжелер клубы, түлектеріміз көп қолғабыс жасайды. Былтыр республикалық білім олимпиадасында 2-орын алған оқушымыз Дарын Қабыкенге мектептің түлегі, қазір америкалық әйгілі «Microsoft» компаниясында еңбек ететін Мақсат Әлібаев пен Мақсұт Нәрікбаев университетінің студенті Әлішер Дабылхан, сондай-ақ ұстаздарымыз бірлесіп макбук сыйға тартты. Ұлттық құндылық, ұлттық болмыс мәселесінде мектеп ішіндегі тәрбиеге ғана емес, оқушыларға әсерін тигізетін қоғамдағы жайттарға да назар аударамыз», деп ойын түйіндеді гимназия басшысы.

 

ПАВЛОДАР