Орталық референдум комиссиясында арнаулы брифинг өтті. Онда шетелдегі отандастарымыздың дауыс беру белсенділігі туралы ақпарат ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко таңғы сағат 08:15-тегі деректерді бөлісті.
«59 шет мемлекетте сайлаушылардың жалпы саны 12 307 адамнан тұратын 72 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. Таңертең шетелде 26 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істей бастады. Тағы 48 учаске ашылады деп күтіліп жатыр. Таяу сағаттарда Орта-Шығыс және Еуропа елдерінде орналасқан учаскелер жұмыс істей бастайды. Уақытша айырмашылыққа байланысты соңғы болып Вашингтон және Нью-Йорк қалаларында Астана уақытымен сағат 16:00-де және Сан-Франциско қаласында Астана уақытымен сағат 20:00-де референдум учаскелері ашылады», деді Василенко.
Жалпы, шетелдегі азаматтарымыздың белсенділігі жоғары екенін байқауға болады.