• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қазан, 2024

Баянауылда дала өрті шығып, бір ауылдың адамдары қауіпсіз жерге көшірілді

73 рет
көрсетілді

Өрт Қарағандының Павлодар облысымен шектесетін аумағынан келген. Қатты желдің салдарынан тілсіз жау Баянауыл ауданының бір ауылдық аумағына өтіп кеткен. Қазіргі уақытта 18 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Белгілі болғандай, Қарағанды жақтан келген өрт Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округіне қарайтын Желтау бөлімшесі мен Бәйнеке қыстағының аумағына кірген. Қатты жел өртті ауыздықтау жұмыстарын қиындата түсті.

«6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөптің жанып кетті. Өрт орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар дереу жіберілді. Алдын ала 40 гектар алқапта жану байқалды. Өртті сөндіру барысында өңірлік ТЖД екі қызметкері және ерікті өртке қарсы құрылымның бір қызметкері күйік алды. Олар аудандық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағында өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл күйік алған», деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Күндіз дала өрті Павлодар облысының шекарасынан «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағына көшкен. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары барды. Тікұшақ суды Шалқаркөл көлінен қармап алып, сағат 17:00-дегі жағдай бойынша өрт ошақтарына 6 рет жалпы көлемі 18 тонна су төгілген.

Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау ауылының  тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданған. Қауіпсіз жерге 18 адам (8-і бала) эвакуацияланды.

«ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов өрт орнында жүр. Қарағанды облысының әкімі де оқиға орнына барды. Құтқарушылар тобы қосымша күштер мен құралдармен толықтырылды. Өрт орнында Қарағанды және Павлодар облыстарынан ТЖД, ЖАО, ЭТРМ күштері жұмылдырылды: жеке құрамнан 183 адам, 56 бірлік техника және 4 тікұшақ. Өрттің алдын ала ауданы 3000 гектардан асты», деп мәлімдеді министрліктен.

Қатты әрі екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр.

«Жергілікті өртке қарсы қызмет пен Баянауыл ұлттық паркінің қызметкерлері және ауыл адамдары тілсіз жаумен күресіп жатыр. Желтау ауылы мен Бәйнеке қыстағынан жалпы саны 14 адам (9 бала, 5 әйел адам) Жұмат Шанин ауылына көшіріліп, туыстарының үйіне орналастырылды.  Қазіргі уақытта Павлодар қаласынан қосымша 3 өрт сөндіру машинасы келді», деп мәлімдеді әкімдіктен.

Аудан әкімінің орынбасары Қинаят Талипов қазір өрт сөндіру жұмыстарына қажетті жанар-жағармай бөлініп, жан-жақтан техникалар келіп жатқанын жеткізді. Ал Қаратомар ауылдық округінің өрт сөндірушілері дала өртін өз аумақтарына кіргізбей, уақтылы сөндіріп алған.

Атап өту керек, өрт болып жатқан жерлердің біраз бөлігі Баянауыл ұлттық паркінің аумағына қарайды. Бірақ Ұлттық парк басшылығы нақты ақапарат ұсынбай отыр.

 

Павлодар облысы

Баянауыл ауданы

Күркелі ауылдық округі