• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бокс 07 Қазан, 2024

Мықтылар бас қосқан бәсеке

55 рет
көрсетілді

Өткен аптада бокс шеберлері Шымкентте бас қосып, Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде күш сынасты. Бірақ Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған жігіттердің барлығына жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу ба­қыты бұйырмады. Осы жайт­тың өзі бәсе­келестіктің аса жоғары бол­ғанын аңғартса керек.

Жанкүйерлер 48 кг салмақтың финалын тағатсыздана күтті. Өйткені екі бірдей әлем чемпионы бас жүлдеге таласуға тиіс еді. Олар – Санжар Тәшкенбай мен Теміртас Жүсіпов. 36 жастағы Теміртасқа бұл белес 2021 жылы Белградта бағынса, 21 жастағы Санжар былтыр Ташкенттегі дүбірлі додада дараланды. Бірақ бастапқы бәсекелерде алған жарақатына байланысты Тәшкенбай шаршы алаңға шықпады. Сөйтіп, Жүсіпов жұдырықтаспай-ақ жеңімпаз атанды. Сол секілді Нұрсұлтан Алтынбек пен Сәкен Бибосынов (54 кг), Сабыржан Аққалықов пен Абылайхан Жүсіпов (71 кг) сынды саңлақтар арасындағы финалдық сайыстар өтпеді. Оған да атақты боксшылардың жарақаттануы себеп болды. Нәтижесінде, бас жүлде Нұрсұлтан мен Сабыржанға бұйырды.

51 кг салмақ дәрежесінің финалында Дамир Әбдіқадыр мен Даниал Сәбит күш сынасып, алғашқысы жеңіске жетті. Бұл бәсеке мерзімінен бұрын тоқтатылды.

57 кг салмақта Махмұд Сабырханның топ жаратынына күмәнданғандар кемде-кем еді. Алайда уақыт озған сайын қарқыны күшейіп келе жатқан Оразбек Асылқұлов әлем чемпионының алдын орады. Ол техникалық та, тактикалық тұрғыдан да әйгілі қарсыласынан басым болды. Кезінде Өзбекстанның мақтанышы, Олимпия ойындары мен дүниежүзілік додада дараланған Абдумәлік Халоковты сабаған Оразбек үшінші раундта сол қо­лының соққысымен Махмұдты сұлатып түсіре жаздады.

60 кг салмақ дәрежесінде Бей­барыс Жексеннің бағы жанды. Шешу­ші шайқаста ол әлем, Азия чемпио­наттарының күміс жүлдегері Серік Теміржановты тізе бүк­тірді. 63,5 кг салмақта Ертуған Зейнуллинов ерледі. Былтыр Азия ойындарына қатыс­қан сақа спортшы финалда Жандос Қы­дыр­әліні қапы қалдырды. 67 кг салмақта Мұ­хаммедсабыр Базар­байұлының мерейі үстем болды. Финалда оның жолы Илья Калининмен түйісті. Есімі көпшілікке беймәлім боксшы соның алдында ғана әлем чемпионатының финалисі Дулат Бекбауовтан басым түсіп, көпшілікті таңғалдырған еді. Бұл жолы олай болмады. Мұхаммедсабыр Ильяның еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. 75 кг салмақта Диас Молжігітов топ жарды. Фи­налда ол Нұрқанат Райысты ұтты. 80 кг салмақта Ерасыл Жақпеков жеңіс тойын тойлады. Қандасымыз украиналық Никита Засенокпен жұдырықтасты. Днепрдің жағалауынан келген осы жігіт жартылай финалда танымал боксшы Тұрсынбай Құлахметті қапы қалдырған еді. Бірақ Никитаның Диасқа әлі жетпеді.

86 кг салмақта Бекзад Нұрдәулетовке тең келер ешкім табылмады. Кезінде әлем чемпионы атанған Бекзат кейіннен кәсіпқойлар арасында күш сынасты. Міне, енді, әуесқойлар рингіне қайта оралып, Қарақозы Әбдәлиевтің турнирінде өзінің мықтылығын мойын­датты. Бас жүлде жолындағы тартыста ол Темірлан Мұқатаевтан басым түсті. 92 кг салмақ дәрежесінде Са­ғындық Тоғамбайдың бағы жанды. Фи­налда ол тәжірибесі әбден толысқан Аб­зал Кұттыбековтен айласын асырды. Ал +92 кг салмақта Айбек Оралбайдың шеберлігіне тәнті болдық. Күні кеше ғана аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек ақтық сында Нұрлан Сапарбайды сан соқтырды.