• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 Бүгін, 09:40

Мұнайшылар шет қалмады

58 рет
көрсетілді

Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, дауыс беру құқына ие азаматтардың саны – 411 880. Дауыс берудің ашықтығы мен заңдылығын бақылайтын 7 ұйым аккредиттелген.

«Бұл күні облыста 283 референдум комиссиясы жұмыс істеді. Комиссияның 9-ы – аумақтық, 274-і – учаскелік. Атырау қаласы мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға 100-ге жуық инватакси қызметі ұйым­дас­тырылды. Учаскелерде 15-ке жуық сурдо­аудармашы тартылды. Учаскелерге тактильді белгілер орнатылды. Көзі нашар көретін дауыс берушілер аудионұсқаны тыңдағаннан кейін трафареттермен қам­тамасыз етілді», деді А.Айманакумов.

Оның дерегіне сүйенсек, тіркеуі бол­мағандықтан, тізімге енбеген азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік жасалды. Атырау қаласындағы 5 учаскеде сондай азаматтарға қызмет көрсетілді.

Мұнайлы өңірде вахталық ауысыммен жұмыс істеп жүрген мұнайшылар бар. Мәселен, Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында 10 мың адам тіркелген. Ал Каспий теңізінің отандық секторындағы «Қашаған» кен орнында 880-ге жуық мұнайшы жұмыс істейді.

«Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар­да вахталық ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшылар бар. Сол себептен 38 учаске­лік комиссия вахталық қалашықтарда да­уыс беруді ұйымдастырды. Барлық учаске материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мәселен, «Теңіз» кен орнында 6 адамнан дауыс беруге өтініш түсті. Атырау облысының аудандары мен еліміздің әр өңірінен келген олардың жұмыс орнында дауыс беруін ұйымдастыру үшін 7 референдум пункті ашылды. Ал Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнындағы мұнайшылардың референдумнан тыс қалмай, дауыс беруіне мүмкіндік жасалды. Референдум комиссиясы Каспий теңізіндегі кен орнына тік­ұшақпен бюллетень мен жәшікті алып барды. Мұнайшылар жұмыс орнында дауыс береді», деді А.Айманакумов.

Сондай-ақ «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай­шы­лары да жұмыс орнында дауыс берді. Қызметкерлерді басқару департаментінің директоры Бекет Ғұбайдуллиннің айтуынша, бұл кәсіпорынның мұнайшылары Жылыой, Исатай, Мақат және Қызылқоға ауданын­дағы кен орындарында вахталық ауысыммен жұмыс істейді.

«Референдумға қатысу – әр азаматтың борышы. Ұрпағымыздың болашағы үшін таңдау жасадық. Біздің компанияда 5 мың адам жұмыс істейді. Қазір ауысымдық әдіспен ­1 664 адам өндіріс басында жұмыста. Олардың дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалды. Мұнайшылармен бірге мердігер мекемелердің 1 700-ге жуық жұмысшысы да дауыс беруге мүмкіндік алды», деді Б.Ғұбайдуллин.

 

Атырау облысы