• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 07 Қазан, 2024

Бұл – өнегелі жол

53 рет
көрсетілді

АЭС салу мәселесі қаншалықты өзекті болса, осыған байланыс­ты қолға алынған референдум да соншалықты маңызға ие. Мұндай пікірді референдумда алғаш­қылар­дың бірі болып дауыс берген Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Ол елордадағы, Ұлт­тық академиялық кітапхана ғимара­тында орналасқан №164 учаскеде таңдауын жасады.

– Мен өз тарапымнан референдумға шығарылатын мәселе ғана емес, сондай-ақ мұндай референдумды өткізу де маңызды екенін атап өтер едім. Өйткені ТМД және Орталық Азия елдерінде Қазақстан – мұндай мәселе бойынша референдум өткізген бірінші және жалғыз мемлекет. Референдум өткізу фактісінің өзі азаматтар, қоғам және мемлекет арасындағы диалогтің ауқымы артқанын көрсетеді. Меніңше, бұл – жаңа саяси мәдениетті қалып­тастырудағы маңызды сәт, – деп түсіндірді Е.Қарин.

Ал осыдан бірнеше күн бұрын Е.Қарин өзінің Teleg­ram-арнасында атом электр стансасын салу жөнін­дегі референдум ең ұзақ науқандардың бірі ретінде тарихта қалатынын жазған еді. Мемлекеттік кеңесші елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысын еліміздің саяси тарихындағы ең ұзақ науқан деуге толық негіз бар екенін атап өтті.

«Неге 400 күн? Себебі Мем­лекет басшысы рефе­рендум өткізу туралы идея­­сын 2023 жыл­ғы 1 қыр­күйек­те кезекті Жол­дауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды деу­ге болады. Осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды, ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасты. Жалпы, осы науқан байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайын­да өтті», деді ол өз Telegram-арнасында.

Сондай-ақ ол референдум кезінде еліміздегі қоғамдық күштер алғаш рет саяси емес, экономикалық мүдде тұрғысынан күш-жігерін біріктіргенін атап өтті.