АЭС салу мәселесі қаншалықты өзекті болса, осыған байланысты қолға алынған референдум да соншалықты маңызға ие. Мұндай пікірді референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс берген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Ол елордадағы, Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан №164 учаскеде таңдауын жасады.
– Мен өз тарапымнан референдумға шығарылатын мәселе ғана емес, сондай-ақ мұндай референдумды өткізу де маңызды екенін атап өтер едім. Өйткені ТМД және Орталық Азия елдерінде Қазақстан – мұндай мәселе бойынша референдум өткізген бірінші және жалғыз мемлекет. Референдум өткізу фактісінің өзі азаматтар, қоғам және мемлекет арасындағы диалогтің ауқымы артқанын көрсетеді. Меніңше, бұл – жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудағы маңызды сәт, – деп түсіндірді Е.Қарин.
Ал осыдан бірнеше күн бұрын Е.Қарин өзінің Telegram-арнасында атом электр стансасын салу жөніндегі референдум ең ұзақ науқандардың бірі ретінде тарихта қалатынын жазған еді. Мемлекеттік кеңесші елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысын еліміздің саяси тарихындағы ең ұзақ науқан деуге толық негіз бар екенін атап өтті.
«Неге 400 күн? Себебі Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы идеясын 2023 жылғы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды деуге болады. Осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды, ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасты. Жалпы, осы науқан байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайында өтті», деді ол өз Telegram-арнасында.
Сондай-ақ ол референдум кезінде еліміздегі қоғамдық күштер алғаш рет саяси емес, экономикалық мүдде тұрғысынан күш-жігерін біріктіргенін атап өтті.