Еліміздің жиһаз өнеркәсібінің инвестициялық портфелі құны 17 млрд теңгеден асатын 9 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру арқылы шамамен 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы «QazIndustry» Индустрия және экспорт орталығының жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.
Аталған жобалардың ішіндегі құны 9,2 млрд теңге болатын 4 жоба биыл Түркістан облысында іске қосылды. Жаңа өндірістер 375 адамды жұмыспен қамтыды. Өнімдердің негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталған.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Павлодар облысында бір жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Құны 388 млн теңге болатын кеңсе мен мектеп жиһаздарын өндіру жобасы аясында шамамен 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Жүзеге асыру кезеңінде Шымкент қаласында құны 800 млн теңгені құрайтын 3 жоба бар. Олардың ішінде жиһаз, медициналық жиһаз бен металл шкафтар өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 102 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 9%-ға жуығын алыс-жақын шетелдерге экспорттау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Абай облысында жалпы құны 7,5 млрд теңгеге, 530 жаңа жұмыс орны құрылатын корпустық кеңсе жиһазын өндіру жобасын іске асыру жоспарланған. Жобаның негізгі инвесторы – Қытай Халық Республикасы. Осылайша, жоспарланған 5 жобаны іске асыру барысында жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына тағы 8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылады.