Атырау қаласында салынып жатқан тұрғын үйлер аз емес. Мұнайлы шаһар әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, әлеуметтік тұрмысы төмен топ санатындағы тұрғындарға пәтер кезекпен беріліп келеді. Сондай кезектегі 130 отбасына жаңа баспанаға ие болу бақыты бұйырды.
«Кезекте тұрғандарға пәтер беру кезінде әлеуметтік тұрмысы төмен топ, аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға басымдық таныттық. Алдағы уақытта да тұрғындарды жаңа баспанамен қамту жалғасады. Қазір «Самал» және «Береке» шағын ауданында тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сол кезде тағы бір топ тұрғынға жаңа баспана кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз», деді Ш.Кейкин.
Жаңа баспанаға ие болғандардың арасында көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, ата-анасынан айырылғандар бар. Олар «Модерн» тұрғын үй кешенінен 2, 3 бөлмелі пәтерге қоныстанады. Жаңа қонысқа көшіп, қуанғандардың бірі – Әміре Жангереев. Бірінші топтағы мүгедек 16 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр екен.
«Осы күнді ұзақ жылдар бойы зарығып күттім. Тұруға жайлы баспанаң болғанға не жетсін. Қуанышымда шек жоқ. Пәтердің іші кең, жарық, өмір сүруге қолайлы екен», деді Ә.Жангереев.
Атырау облысы