Елордада көру қабілеті төмен және зағип спортшылар арасында IBSA пара пауэрлифтинг және штанганы жатып сығымдаудан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, IBSA пауэрлифтинг төрағасы Тинати Ревазашвили және IBSA президенті Илькар Рахимов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
«Бүгін еліміз үшін айтулы оқиға. Қазақстанда тұңғыш рет көру қабілеті төмен және зағип жандар арасында жоғары деңгейдегі халықаралық жарыс өткізіліп жатыр. Бұл чемпионат инклюзивті қоғамды және паралимпиадалық қозғалысты дамытудағы маңызды қадам. Осындай бастамалар елімізде паралимпиадалық спорттың, оның ішінде пара пауэрлифтингтің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Давид Дегтярев пен Раушан Қойшыбаева секілді спортшыларымыздың жетістіктері соның дәлелі. Олардың жеңісі жаңа буынға үлгі болып, болашақ чемпиондарға жол көрсетіп, шабыттандырып келеді», деді вице-министр.
Әлемдік доданың алғашқы күнінде А (48, 52, 56 кг) және B (60 және67,5 кг) салмақ дәрежесіндегі спортшылар сынға түсті. Жаһандық додаға Қазақстан, Грузия, Украина, Түркия, Ливия, Чехия, Израиль және Кения спортшылары қатысып жатыр.
Әлем чемпионатын Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның парапауэрлифтинг федерациясы, Қазақстандық зағип спорт ассоциациясы ұйымдастырды.
Чемпионат 12-ші қазанға дейін жалғасады.