Абай облысында орман өртімен күресте қаза тапқан өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш қойылды.
«Жамандық айтып келмейді» деген. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде болған өрт пен тасқын су апаты кезіндегі түрлі қиындық халқымызды сынады. Бірлігімізді арттырды. Өмір мен өлім арпалысындағы қасиетімізді шыңдады.
«Семей орманы» резерватына қарасты Бородулиха ауданы Камышенка орман шаруашылығының жанында қызметтік борышын орындау кезінде ғұмыры үзілген орманшыларға арналған ескерткіштің авторы – талантты мүсінші, осыған дейін елімізге танымал тұлғалардың бейнесін сомдаған Нұрбол Қалиев. Орманшылардың ерлігін әспеттеген мүсіннің биіктігі – гранит тұғырымен қоса есептегенде 8 метр. Бұған қоса қоладан жасалған ескерткіш қаза тапқандардың батылдығы мен өз істеріне адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген.
«Бір ескерткішпен біраз нәрсе айтуға болатынын ескерсек, осы жұмыс арқылы орман өрті кезінде қаза тапқандардың есімін ел жадында жаңғыртып, келешек ұрпаққа кең көлемде насихаттай аламыз. Биылғы жылы сәуір айында басталған шығармашылық жұмыстың нәтижесінде ел үшін басын бәйгеге тіккен бүгінгінің батырларын ұлықтау парыз болды», дейді мүсінші Н.Қалиев.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде опат болған орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жерлестеріміздің ерлігі тек осы өңірдің ғана емес, барша отандасымыз мақтанатын құбылыс екенін жеткізді.
«Қара орманды қадірлеп, ерлік пен өрліктің жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл тұғыртас табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген азаматтардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр. Есімдері тарих тақтасына алтын әріппен жазылып, ұрпағы мақтан етер жерлестерімізге, біз, қашанда басымызды иеміз», деді өңір басшысы.
Қаза болған орманшының туысы Арай Әмірханова ашылған ескерткіштің марқұмдарға көрсетілген зор құрмет екенін атап өтті. Сонымен қатар сонау қайғылы күндерден бастап жан жарынан, ұлынан, аға-бауырынан айырылған жандардың мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды терең сезінгенін мәлім етті.
Өткен жылы маусым айында болған қайғылы оқиға мезетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына арнайы келіп, қызметін атқару кезінде көз жұмғандардың есімі елеусіз қалмайтынын айтқан еді. Бой көтеріп отырған еңселі ескерткіш те елдіктің нышаны ретінде бейбіт заман батырларының есімін жұрт жадында жаңғыртты.
Абай облысы