Антарктида – Жер шарындағы ең суық аймақ. Алайда жаһандық жылынудың әсерінен кейбір жерлері жасыл желекке орана бастады.
2023 жылы «Nature» журналында жарияланған зерттеуге сүйенсек, Антарктидадағы өсімдіктер кейінгі 50 жылда 60 пайызға дейін өскен. Бұл өсім температураның орташа жылдық көрсеткішінің жоғарылауынан туындап отыр. Мысалы, 1970 жылмен салыстырғанда, Антарктидадағы орташа температура 3°C-қа дейін көтерілген. Онда өсіп жатқан жасыл желектің негізгі түрлері – мүк, жапырақты өсімдіктер, қыналар. 2022 жылғы зерттеулерге сәйкес, континентте 1,5 миллион гектардан аса аумаққа мүк өскен. Бұл өткен ғасырдағы деректермен салыстырғанда 20 пайызға көп.
Ханами дәстүрі
Жапонияның бай мәдени мұраларының бірі – табиғатпен үндесуді дәріптейтін ханами дәстүрі. Бұл – сакура ағаштарының гүлдеуін тамашалайтын рәсім.
Көктем сайын сакура ағаштары гүлдей бастағанда, тұрғындар мен туристер саябақтарға ағылады. Тіпті Жапонияның метеорологиялық агенттігі бұл сәтті жіберіп алмау үшін алдын ала болжам жасайды. Ханами дәстүрі жапон халқының нәзіктігі мен табиғатқа деген сүйіспеншілігін көрсетіп, уақыттың өтпелілігін, өмірдің қысқалығын еске салады. Ханами – жай ғана табиғат құбылысы емес, адамның өмірмен үйлесімді қарым-қатынасын, табиғатпен үндестігін сезіну мүмкіндігі.
200 жыл бұрынғы жазба
Францияда археологиялық қазба жұмысы кезінде шыны бөтелкеге салынған хат табылды.
200 жыл бұрын жазылған жазбаны Дьепп қаласының жанындағы галл қонысында қазба жұмысын жүргізіп жатқан студент-волонтерлер тапқан. Қағаз оралып, жіппен байланған және тығыны бар кішкентай шыны бөтелкеге салынған екен. Жазбада: «П.Ж.Фере (P.J.Féret), Дьепп тумасы, түрлі интеллектуал қауымдастықтың мүшесі, 1825 жылдың қаңтарында осы жерде қазба жұмысын жүргізді. Ол осы аумақта, Сите-де-Лимес немесе Цезарь лагері деп аталатын жерде, зерттеулерін жалғастырып жатыр» деп жазылған. Жергілікті мұрағатта Ференің зерттеу жұмысын жүргізгені туралы деректер сақталған.
Табылған уақыт капсуласы бөтелкеде сақталған ең көне хат болуы мүмкін.