• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 09 Қазан, 2024

«Қаһарлы Орландо» – құндылықтар туралы опера

48 рет
көрсетілді

Елордалық көрермен үшін өнердің жарқын оқиғасы болған «Қаһарлы Орландо» операсының премьерасынан кейін спек­такльдің қоюшы режиссері, италиялық кәсіби маман, жаңа­шыл суреткер Алла Симонишвилиден барокко дәуірінің классикалық туындысы заманауи театр сахнасына қалай шыққаны туралы сыр суыртпақтаған едік. Кәрі құрлықтың қарапайым да ақжарқын мінезін бойына барынша мол дарытқан режиссер риясыз әңгімесін бүкпесіз ортаға салды.

– Алла ханым, елордамызға қош келдіңіз! Куә болып жүрге­німіздей, бұл сіздің Қазақстанға, оның ішінде «Астана Операға» келген алғашқы сапарыңыз емес. Әйтсе де шығармашылық жұмыс барысындағы осы жолғы әсеріңіз қалай? Ұжыммен үнде­су­ден үйлесім таба алдыңыз ба?

– Мен Қазақстанды ерекше жақ­сы көремін. Әсіресе қо­нақжайлықтарыңыз мені таң­ғалдырудан бір сәт те танған емес. Астанаға әр келген сайын жаным кеңдікті сезінеді. Бұл, өзіңіз де білетіндей, шығармашылық адамына ең керек сезім. Сондықтан да «Астана Опера» театрымен бірлесе жұмыс істеу мені ерекше шабыттандырады. Театр труппасының тамаша талантына да айрықша тәнтімін. Мәселен, Дон Паскуаленің «Жібек саты» операсы мен вокал коучы ретінде еңбектенген «Алжирдегі италиялық қыз», «Қоңырау немесе дәріханашының неке түні» операларының қай-қайсысы да менің шығармашылығым үшін құнды туындылар. Бүгінгі тамашалаған «Қаһарлы Орландо» да солардың қатарында. «Астана Опера» ұжымымен алда әлі де талай тың жобаларда бірлесе табысты жұмыс істейміз деп сенемін. Сізге бір құпияны айтайын, Астана – менің сүйікті қалам. Бұл қалаға үнемі қайтып оралғым келіп тұрады.

– Басты кейіпкерді түрлен­діру – сіздің айтулы операны интерпретациялаудағы негіз­гі тақырыптарыңыздың бірі. Осы­нау рухани жандануды қалай ашқаныңыз туралы толығырақ айтып беріңізші? Классиканың кілтін қалай таптыңыз?

– Операның «Қаһарлы Орлан­до» аталуы кездейсоқ емес. Орлан­до – сан алуан шайқасты басынан өткерген жауынгер. Ол өмір бойы соғысты тұрмыстың қалыпты бөл­шегі деп санап келді. Себебі оның заманында түсінік сондай бо­латын. Алайда күндердің бір күні Орландо жаулап алу мен соғыстардың мәні жоқ екенін ұғы­нады. Дәл осы ішкі бетбұрыс операны қазіргі кезде де өзекті етеді. Барлығымыз бейбітшілікке, бақыт пен махаббатқа ұмтыламыз. Орлан­до да құндылықтарды қайта баға­лай бастайды әрі махаббат әлемдегі барлық нәрсенің негізі екенін түсінеді. Ол Анжеликаға деген сәулелі сезімін бәрінен де артық қояды. Сүйіктісін ардақ тұтқаны сонша, оның тіпті кем­шілігін қабылдай алмайды. Орлан­до­ның қасіреті – адамның әлсіз­дігін түсіне алмағанында, себебі ол әрдайым ең әуелі өзіне, сосын басқаларға қатал әрі талапшыл болды. Оның ойындағы керемет етіп құрастырылған картина қи­ра­ғанда, батыр да ақылынан адасты. Біздің қойылымда бас кейіпкер көзсіз құмарлықтан өтіп, махаббат әлсіз ынтықтық болудан қалатын жаңа рухани деңгейге жетеді. Қойылым соңында Орландо шынайы махаббат – еркіндік екенін һәм нағыз сый Анжеликаның жү­регін жаулап алуда емес, өз құштарлығынан арылуда еке­нін түсінеді. Ашық финал соң­ғы шешімді көрерменнің өзіне қалдырады, яғни Орландо сиқыр­шы Альчинаның орнын баса ма әлде мейірімді данышпанға айна­ла ма? Бұл сұрақтың жауабын­ әркім өзі табады. Ал енді театр­дың неліктен осынау операға таң­дау жасағанының себебіне тоқ­талсам, «Қаһарлы Орландо» қазақ көрермендеріне алғаш рет ұсы­нылып отыр екен. Бірегей ком­позитор Антонио Вивальдиді негізінен «Жыл мезгілдерінің» авторы ретінде ғана танитын қауым үшін бұл опера тамаша тосынсый­ болғаны анық. Шығарма бас­тап­қыда сол кезеңдердегі дәстүр бойын­ша кастраттарға арналып жа­зылған еді. Бірақ біз бұл қағи­даны бұзып, туындыны бүгінгі күнмен барынша үндестіруге тырыстық әрі шығарманың «Ас­тана Опера» сахнасындағы заманауи интерпретациясы партияларды қазіргі орындаушыларға лайықтап, соған сай бейімдеді.

– Біздің білетініміз, барокко опе­расы дауыс пен аспаптар ара­­сындағы тығыз өзара байла­ныс­ты қамтиды. Сіздің қойы­лы­­мыңызда бұл қалай көрініс тапты?

– Рас, бұл операның музыка­сы аспаптық ойлауға негіздел­ген. Мұнда әртістер ән айтып қана қой­майды, сонымен қатар флейта, скрипка, гобой сынды аспап­тардың үнін үйлесім биі­гіне көтере­ді. Олар аспаптық сы­зық­тарға еліктейді. Мәселен, скрипкашыда ысқының ауысуы — бұл әншінің тыныс алуы, оның сөйлемінің басы дегендей. Нә­тижесінде әнші мен оркестр бір­тұтас болады. Барокколық ән айту бірегей өнер түрі болғандықтан ­да, «Қаһарлы Орландо» әртістер­ден айрықша ептілікті талап ете­ді. Ал енді кастрат­тар өркенде­ген дәуірдің тарихы­на үңілсек, олардың дауы­сы опера сахнасында екі ға­сыр бойы салтанат құрған. Италия­лық: неаполитандық және вене­ция­лық мектептер кафед­ралды шіркеулердің хорлары­нан шығып қалған көптеген музы­канттарды тәрбиелеген әрі олар­ға терең музыкалық білім бер­ген. Сондықтан да бұл шоғыр­дан тек орындаушылар емес, сон­дай-ақ композиторлар мен ұс­таздар да шыққан. Өкінішке қа­рай, дауыстары ерекше әдемі бол­ған әншілерге үнін сақтап қалу үшін хирургиялық ота жасал­ған. Фаринелли сынды атақ­ты ән­шілердің есімдері қалың ауди­торияға әйгілі фильм арқылы та­ныс. Бұл дауыстар жоғары сопрано ок­тавасының сақталуы­ның, сондай-ақ төменгі регистрдің жетілуінің нәтижесінде кең диа­пазонға ие болған және оларды қарапайым әншілермен салыс­тырғанда, анағұрлым таңдау­лы күміс көмей әнші еткен. Сол ке­зеңдегі музыка дәл осындай дауыстарға арналып жазылған, сон­дықтан оны қазіргі таңда екі­нің бірі орындай алмайды. Бүгінде мұндай партияларды контр­тенорлар мен меццо-соп­ра­нолар шырқайды. Алайда біздің жағдайда тек меццо-сопраноларды тартатын болсақ, бірін­шіден, бұл қойылым үшін әншілердің қажетті санын жи­нау өте қиын болар еді. Сон­дықтан да драматургиялық логикаға сүйенуді ұйғарып, ер кейіп­керлерді ер дауыс­тардың орындауына мүмкіндік бердік. Әлбетте, бұл шешімге дауыстардың белгілі бір түрлерінің жетіспеушілігі де әсер етті, дегенмен жалпы алғанда, труппа сенімді ақтады, орындау сапасына көңіліміз толды. Біздің жағдайда Орландоны меццо-сопрано да, контртенор да емес, баритон орындайды.

– Сіздің қойылымыңыз түпнұсқа музыканы сақтағаны­мен де бірақ заманауи әншілерге бейімделген вариацияларды да қамтитынына куә болдық. Бұл әдіс орындаушыларға қандай қиындықтар мен мүмкіндіктер алып келеді деп ойлайсыз?

– Біз үндестілікті, музыка мен оркестрге арналған өңдеуді мүлде өзгерткен жоқпыз, барлығы да түпнұсқадағыдай қалды. Алайда кейбір күрделі жерлерінде орын­даушылардың вокалдық қабі­леттеріне мейлінше сай келетін вариацияларды қостық. Бұл музыканың кереметтігі – оның вариацияларға жол беретіндігінде ғана емес, сонымен қатар оларды қажет ететіндігінде де жатса керек. Ол әншілерге өздерінің шеберлігін, вокалдық қабілеті мен талғамын паш етуге жағдай жасайды. Өйткені бұрын операны орындау әнші үшін «майданға» түскенмен тең болатын, ол сол жерде барлық шеберлігін көрсете алатын. Орындаушыларды қолдау үшін біз барлығымыз бірге жасаған вариацияларды ұсына отырып, осы дәстүрді қолдандық. Әншілер өздерінің идеяларын қосып, өзге әртістерден шабыт алды, кейде басқа, жаңа бір дүние жасап отырды. Нәтижесінде біз партитураны өзгертпей-ақ тамаша орындауға қол жеткіздік. Ол кезеңдерде композиторлардың өзге театрлар үшін операларды жиі көшіріп жазғанын, партияларды сондағы дауыстарға бейімдегенін атап өтуіміз керек. Біз де партитураның түпнұсқасын сақтай отырып, осы қағиданы ұстандық.

– Қоюшы режиссер ретінде сіз операның тек 2 актісін қалды­рып, біршама қысқартқан екен­сіз. Заманауи опера дәстүрлері тұрғысынан алып қарағанда бұл қаншалықты дұрыс?

– Иә, оны дұрыс байқапсыз. Біз операны қысқарттық әрі бұған толық құқығымыз болды деп ойлаймын. Ол замандағы операны қабылдау дәстүрлері қазіргіден қатты ерекшеленеді. Ол кезде адамдар нақты не тыңдайтынын, яғни белгілі бір арияларды немесе өздері ұнатқан әншілерді таңдап, операда жарты күн уақыт­тарын өткізетін. Опера 5-6 сағат­қа дейін жалғасатын. Осының нәтижесінде, классикалық кезең­ге қарай Глюктің опералық реформасы (опера жанрын қайта түсіндіру) пайда болды. Опералық қойылымдар «костюмдегі концертке» айналатын: ариялар ұзақ әрі қуатты болатын, алай­да драматургиялық негізі шие­леніскен және орташа шығып, бәсекеде әншілердің мүмкін­діктерінің көрсетіліміне орын беретін. Ал біз негізгі драматургия желісін сақтауға шешім қабылдап, артық шиеленіскен эпизодтарды алып тастадық. Айқын әрі түсінікті негіз, яғни басты кейіпкердің рухани трансформациясын таңдадық. Бұл операның мағынасы мен тұтастығын сақтауға мүмкіндік берді және оны заманауи көрерменге анағұрлым қолжетімді етті. Сондықтан спектакль қалың аудиторияның назарын аударады деген сенімдеміз және әлбетте, аса мәртебелі көрермендерімізді театрда күтеміз!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»