• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Таным 10 Қазан, 2024

Ғалам ғажаптары: Марстан қуат алатын батарея

70 рет
көрсетілді

Қытай ғалымдары Марс атмосферасынан қуат алатын батарея жасап шығарды.

Жаңа аккумулятор Марс атмос­ферасындағы элементтерді пайдалана отырып, энергия өндіре алады. Батарея қоршаған ортадан көмірқышқыл газын, оттегі мен көміртек тотығын сіңіре алатындықтан, Жерден жеткізілетін жабдықтың салмағын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Марс логистикасындағы маңызды қадам. Инновациялық өнім күн панельдері мен атом энергия көздерінен сондай-ақ Марстағы ресурстардан да қуат алады.

 

80 жастағы әлем аруы

80 жастағы Чхве Сун Хва «Әлем аруы» байқауының финалисі атанып, жұртты таңғалдырды.

Сұлулық байқауларына әдетте 30-ға толмаған, сымбатты үміткерлер ғана таңдалып алынады. Алайда Оңтүстік Корея «Әлем аруы» байқауының ережелеріне өзгеріс енгізіп, кейбір шектеуді алып тастаған. Соның арқасында 3 немересі бар әже бай­қаудың іріктеуінен өтіп, финалға дейін жеткен.

 

Жүрек талмасын анықтағыш

Жасанды интеллект көп салада сенімді жәрдемшіге айналды. Бұл жолы америкалық зерттеушілер нейрожелінің көмегімен инфаркт белгісін ерте анықтайтын датчик жасап шығарды.

Құрылғы жүрек талмасы ауруын жылдам анықтауға арналған. Оны ауруханада, жедел жәрдем жұмысында пайдалану тиімді болмақ. Жүйе екі кезеңде жұмыс істейді. Алғашқы кезеңде иммуноферментті талдау тесті қан үл­гісіндегі cTnI ақуызын анықтайды. Екінші кезеңде, сигналды күшейту фазасында, химиялық реакция іске қосылады. Содан кейін арнайы портативті құрылғы қандағы түс өзгерісін суретке түсіреді. Нейрожелі алынған кескіндерді 15 минут ішінде талдап береді. Осылайша, инфаркт белгісін ерте кезеңде-ақ анықтауға болады.