Отандық атом энергетикасы жүйесін қалыптастырудағы маңызды әрі әдепкі белес саналған референдум өтіп, алдын ала сауалнама қорытындысында ел халқының басым бөлігі елде атом энергия стансасын салуды жақтап дауыс берді. Көпшілік атом энергиясының маңызын түсініп, сеніп отырған сыңайлы. Алаң да жоқ емес. Алайда Мемлекет басшысының АЭС құрылысында «ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет» деген сөзі біраз күдікті сейілтсе керек.
Еліміз энергия тапшылығының алдында тұр. Ресми деректер де, сарапшылар болжамы да мұны растай түседі. Қазба отындарына тәуелді экологиялық салдары баламалы таза энергия көздерін табуға мәжбүрлейтіні рас. Нақты тәжірибелер мен нәтижелерге қарап, атом электр стансалары энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі екенін ұғындық. Дегенмен бұл тақырыптағы пікірталас кезінде атом энергетикасы туралы қорқыныш пен мифке толы оқиғалар да айтылмай тұрмайды. Түптеп келгенде халық өз таңдауын жеке сенімдеріне сүйеніп жасайды. Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов бір кездері Смоленск атом электр стансаларын басқарумен айналысатын әскер сапында қызмет еткен. 1986 жылы Чернобыльде жарылыс болған кезде демобилизацияланған. Ол мүлдем басқа дәуірдің келгенін, технологияның тұғырға шыққанын түсіндім дейді.
«Билік референдум өткізбей-ақ шешім қабылдауға болар еді. Бірақ Конституцияға сәйкес референдум – халықтың ең жоғары таңдау құқығы. Референдум өткізіп, халықтың пікірін негізге алуға шақырған Президент маңызды қадам жасады. Өйткені бұл жолмен жүреміз бе, жоқ па, халық еркімен анықталды. Бұл тәсіл – демократияның озық үлгісі. Экономикалық тұрғыдан алғанда, жарқын болашақ кепілі – атом энергетикасы. Олай болмаса, энергиясының 65%-ымен бүкіл Еуропаны қамтамасыз ететін Франция АЭС пайдаланбас еді», дейді депутат.
Айтуынша, бұл үдеріс елде жаңа құқықтық әрі сайлау мәдениетін қалыптастырудың басталғанын көрсетеді.
«Қазіргі референдум – азаматтардың ерікті ерік-жігерінің мысалы. Мұндай референдум қоғамға өз пікіріне сүйене отырып, маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, сабырлы көзқарасты дамытуға ықпал етеді. Осы референдумның тарихтағы орны ерекше. Маңызды шешімдегі халықтың ойын білу – әбден құптарлық іс. Халықты не себепті референдумға шақырды? Ел болашағына әсер ететін үдерісте әр азамат жауапкершілік сезініп, өз таңдауын жасауы маңызды еді. Біз әрбір азаматтың таңдауына деген құрмет пен жауапкершілікке негізделген жаңа сайлау мәдениетінің қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Бұл тұрғыда референдум қоғамда болып жатқан өзгерістердің рәмізіне айналды. Біз әділдік пен ашықтық мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттарына айналатын жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз», дейді ол.
Электр энергиясы қазіргі өркениетті заманның «қаны» екені рас. Оны өндіруде судың, күн мен желдің қуатына дейінгі барлық көздер қолданылады. Қазір адамзат қажеттіліктері барған сайын өсіп, ресурстар азайып жатыр. Бұл тізбектен біз де орын алғанбыз. АЭС салу мәселесі қоғамда бірталай пікірталас тудырды. Көбіне энергетикалық тәуелсіздік, АЭС-тегі жұмыс қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік, экономикалық тиімділік, саяси негізділік аясында өрбіді. Стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен Семей полигонындағы ядролық сынақтардың қасіретті мұрасын, Чернобыльдегі апат салдарын жоюдың қайғылы тәжірибесін ескерсек, ел алаңын түсінуге болады дейді. Оның айтуынша, халық таңдауын саналы түрде саралап жасады.
«АЭС-тің салынуы елдің болашағы мен тұрақты дамуына елеулі үлес қосады дегенге сенімдімін. Осы тұрғыдан алғанда референдумға қатысқан азаматтардың көпшілігі осы шешімді қолдағаны – құптарлық іс. Ендігі басты мақсат – ел мүддесіне толығымен сай келетін АЭС жобасын таңдап алу. Болашақта ІІІ+ буынына жататын заманауи ядролық реакторлар орнатылған АЭС салынады. Оны салу кезінде анағұрлым озық әрі қауіпсіз технологиялар мен материалдар, жаңартылған және сенімді қорғаныс құралдары мен энергия көздері пайдаланылады. Бұл адам факторының әсерін, апат ықтималдылығын барынша азайтады», дейді.
Еліміз біршама уақыттан бері атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, оның ішінде азаматтық ядролық секторды жүйелі дамытуға біршама назар аударып келеді. Теориялық, қолданбалы зерттеулер жүргізуге көп көңіл бөлінді. Ұлттық ядролық орталықта ядролық реакторлардың жаңа түрлерін жасау, ядролық қондырғылардың жоғары дәлдіктегі жабдықтарын әзірлеу, АЭС қауіпсіздігін арттыру, атом өнеркәсібінің техникалық ғимараттары мен құрылыстарын жобалау жұмыстары атқарылып жатыр. Халық таңдауынан кейін бұл үдерістерге баса мән берілмек.
«Мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті АЭС салу емес, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіну керек. Осы міндеттің өзектілігі көршілес елдерден электр энергиясын қымбат бағаға сатып алу есебінен жабылатын ел экономикасы мен халқының энергияға сұранысының артуынан пайда болған электр қуатының жетіспеуімен, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған генерация нысандары мен электр желілерінің әбден тозуымен байланысты. Энергетика саласы мамандарының пікірінше, атом энергетикасы бірқатар объективті фактордың, соның ішінде ауа райына тәуелді болмауы арқасында, бүгінгі күні дәстүрлі сарқылатын энергия көздеріне жалғыз ұзақмерзімді әрі тұрақты балама болып қала береді. Сондықтан отандық энергия өндіру қуатын кеңейту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет те, халық та АЭС салуды таңдап отыр», дейді Дәурен Әбен.