• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2024

Тарих таңбаланған кешен

192 рет
көрсетілді

Ел мен ер – егіз ұғым. Екеуі бірін бірі толықтырып тұрады. Қияға самғар қыранның да қайырылып соғар ұясы болады. Адам да солай. Кіндік қаның тамған киелі атамекенің, ешкімнен именбей жүрер, еңкеймей кірер еңселі ордаң – Отаның болмаса басыңа бақ қонуы екіталай. Сондықтан да ел үшін еңіреп туған ерлер тұлпар мініп, ту ұстап, туған жерін қорғаған. Қас жауына қасқайып қарсы шапқан. Азаттық жолында айқасқан талай батырларымыздың есімі тарихта қалды. Қарауындағы халқын қантөгіссіз билеп, ақарлы-шақарлы, шалқыған жұртқа айналдырған қаншама хандарымыз өтті. Асқан ақылымен ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеген бектеріміз бен би-шешендеріміздің, айналасын аузына қаратқан ақын-жырауларымыздың асыл сөздері – кейінгілерге өшпес өнеге.

Ұлт жады ұлыларын ұмытпау­ға тиіс. Осы орай­да алдымызда орасан зор мін­деттер бар. Жақ­сы-жайсаңдарымыздың жарқын істерін жаңғыртып отыруымыз керек. Өйт­кені өткен тарих қайталауды сүйеді. Жеті ықылымнан жеткен баяғы бабаларының бай мұрасын санасына сіңірмеген, ерлігі мен өрлігінен үлгі алмаған оғландардың отаншыл болуы неғайбіл. Ендеше, естияр баламыздан еңкейген қариямызға дейін ұлттық мүддеден артық ұлы мұрат болмайтынын ұғар уақыт жеткен сияқты.

Ұлт ұпайын түгендеуге үлкен үлес қосып жүрген парасатты һәм патриот аза­мат­тар бізде, әрине, жоқ емес. Сол саңлақ­­тардың сапында Торғайдың топқа татыр перзенті, рухани жобаларға қар­жы­лай дем беріп, мерейлі меценат атан­­ған бүгінгінің атымтай-жомарты, кәнігі кәсіпкер, жер-көкті шарлаған жиһан­кез, «Тілеп» қайырымдылық қоры­ның президенті, «Алтын адам» аталымының екі дүркін жеңімпазы Сапар Ысқақов та жүргенін атап өткеніміз абзал. 

Көкейіндегі көп мақсатына жету жолында табандылық танытудан танбайтын ағамыздың бұған дейін тындыр­ған тыңғылықты жұмыстарын санауға сау­сақ жетпейді. Ең бастысы, онысын еш­қа­шан бұлдаған емес. Отаршылдық озбырлығын көп көріп, кеңестік саясат­тың кесірінен рухани жадап-жүдей жаз­даған халқының кем-кетігін толтырудан, бүлінген дүниелерімізді бүтіндеуден басқа ойы жоқ.

Жасының ұлғайғанына қарамастан, жатпай-тұрмай жақсы идеяларын қалың елі қазағының игілігіне айналдырудан жалықпайтын жампоз кейінгі жылдары керемет бір жобаны қолға алған еді. Қазір соның қамымен күндіз-түні шап­қылап жүрген жайы бар. Бұйырса, бұл шаруаның да басы қайырылып қалғандай.

Сексеннің сеңгірінен асқан сергек жанның ендігі ойы – өзінің туған өлкесі Қостанай облысының Амангелді ауданында салып жатқан көпбейінді туристік кешенді дер кезінде аяқтау. Былтыр қыста сол ғажайып құрылыс алаңының алғашқы нысандарын көзімізбен көріп, көңіл көншітіп қайтқанымыз есте. Ой, онда не жоқ дейсіз? Жер жүзінің архитектуралық жауһарлары Торғайдың жеті гектар жеріне көшіп келгендей. Әлемнің әр шалғайындағы 150-ге тарта мемлекетті аралаған Сапекең өзіне ұнаған мәдени ордалардың үздік үлгі­леріне көз суарып қана қоймай, солар­дың көшірмесін еліне әкеп орнатуды ойластырған екен. Туристік хабтағы ғимараттардың аты да еріксіз елең еткізеді. Мәселен, паң Париждегі Эйфель мұнарасы, Үндістандағы теңдес­сіз Тәж-Махал, Мексикадағы Мая тайпа­сының мақтанышы Чиче Ица ғимараты, Гранададағы «Аль-гамбра» сарайы, Сирия­дағы «Пальмира» амфитеатры және тағы басқа таңғажайып сәулет туын­дылары осында көктен түскендей орнай қалмақ.

Қазірдің өзінде қабырғасы қаланған қалашықтың сыртқы көрінісі келген-кеткен көпшілікті сүйсінтіп үлгерді. Бұдан екі жыл бұрын «Мемориал» кесенесі пайдалануға берілді. Пантеонға пара-пар дерсің. Мұнда Торғай топырағында туған Шақшақ Жәнібек, Қошқар, Иман, Төлек Жәуке батырлардың, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Бірімжанов,  Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Кейкі Көкембайұлы, Әбдіғаппар Жан­босынұлы сынды тарихи тұлғалардың  есім-сойлары тағзым тақтасына жазылып, астына олардың мәңгілік мекендерінен әкелінген топырақ салынған.

Енді, міне, тағы екі бірдей ескерткіштің ашылуына куә болдық. 

* * *

Бүгінде сұлтан Бейбарысты білмейтін қазақ кемде-кем. Рас, Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келіп, тағдыр тәлкегімен құл­дыққа сатылып кеткен, кейін күллі Мы­сырды билеген тарихи тұлға туралы Мо­рис Симашконың «Жусан иісі» хикаятын оқыдық. Белгілі кинорежиссер Болат Ман­сұров түсірген көркем фильмді көр­дік. Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Сауытбек Абдрахманов қазақшаға аудар­­ған «Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұ­мыр­­намасы» атты арабтың халық романымен де таныстық. Бәрібір білетініміз аз.

Биыл Мәмлүктердің дүниежүзіне мәлім көрнекті көсемінің 800 жылдығы атап өтіліп жатыр. Осынау орайлы тұста санат­кер Сапар Ысқақов байырғы Батпақ­қараның төсінде Бейбарыс бабамыздың ат үстіндегі айбынды ескерткішін орнатты.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Сапар аға ағынан жарылып бір әңгіме айтты: «Осыдан он шақты жыл бұрын Сауд Арабиясына бардым. Кіші қажылық жасағаннан соң сондағы елші­лігімізге соқтым. Содан дипломат жігіттер Эр-Рияд қаласының маңында түйе базары барын тілге тиек етті. Неге екенін қайдам, қараптан-қарап әлгі сау­да орнын көргім келді. Едел-жедел жетсек те, үлгере алмадық. Базар жабылып қалыпты. Енді қайттік? Кенет шығаберісте қораға қа­малған он түйе көзімізге түсті. «Қой, киноға түсіріп алайық, бір керегі болар...» деген оймен мал иесінен рұқсат сұрадық. Үйдің іргесіндегі көлеңкеде отырған үлкен кісі рұқсатын берді. Ойдағымыз орындалып, қайтуға ыңғайланғанда жаңағы ақсақал жөн сұрағаны:

– Қарақтарым, қайдан келдіңдер?

– Қазақстаннан!

– ?...

Сонымен қойшы, ақыры Қазақстан­ның қайда екенін түсіндіре алмадым. Қытай­дың солтүстігінде, Ресейдің оң­түс­ті­гінде дедім... Территориясы жағы­нан әлемде 9-орын алады дедім... Кенет ақылым енді кіргендей қуанып кеттім де: «Біз Бейбарыс сұлтан туған елденбіз!», деп айқайлап жібердім. Сондағы ана қарияның жайнаған жүзін көрсеңіз... «Ба­ғанадан бері сөйдемейсіңдер ме? Енді менің қадірлі қонағымсыздар. Қазір ана түйелердің бірін сойдыртам. Дәм татып кетіңдер. Бейбарыс біздің елде ерекше құрметке ие. Сендерді құр жібере алмаймын» деп құрақ ұшты. Айтпақшы, сойғалы тұрған түйесінің құны – 5 млн доллар екен. Ал керек болса... Шәй үстінде жүз түйеңіз бар екен. Әрқайсысы 5 млн болса, қып-қызыл байсыз ғой дедім әзіл-шынын араластырып. «Бізде дүние байлығынан гөрі рухани байлық жоғары бағаланады» деді сонда қария әр сөзін шегелей сөйлеп. Қандай ақылды сөз. Бейбарыс бабама бір құрмет жасау керектігі туралы ой маған алған сол жолы келген еді.

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалау­шы­лардың бірі ретінде Бейбарыс баба­мыздың айрықша еңбек сіңіргеніне баса назар аударды. Елін моңғол шап­қын­шылығынан қорғағанына, Крест жорығына қатысушыларға қатты соққы бергеніне тоқталды.

Өз кезегінде салмақты пікір сабақтаған мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұлы тұлғаларымызды ауызша мақтап қана қоймай, осылайша лайықты ұлықтау қажеттігіне екпін түсіре айтты. Дәлелді түрде дәріптеудің көрнекі үлгісі мынадай ескерткіш қою екенін жеткізді. Ендігі жерде ғылыми тұрғыда зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу жөн екенін еске салды.

«Әлем әдебиетінен, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі музейлерден, архивтерден өз тарихымызды іздеу арқылы өзіміздің кім екенімізді, қайда бара жатқанымызды анықтай түсеміз. Мұндай игілікті қадамдар біздің адасуымызға жол бермейді. Арғы-бергі замандардың арасындағы алтын арқауды үзбей, ескінің есті деректерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші Сапар Ысқақов секілді абзал ағаларымыз аман болсын», деді ол өзекжарды ойын түйіндеп.

Торғайлықтар атынан толғана сөй­леген ауыл шаруашылығының ардагері, Амангелді ауданының құрметті азаматы Мұхтар Ходенов көргені көп көшелі қарияның кейпін танытып, тереңнен тебіренді. Торғай топырағында өсіп-өнген ел-жұрттың бүгін ерекше қуанышта екенін айтты. Жақсы істер жалғасын табуы керектігін, Сапардай салиқалы азаматтар тұрғанда жерлестерінің ырысы ортаймайтынына сенім білдірді.

Қостанайлық белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет тойға шашу ретінде Бейбарыс бабаға арнаған отты жырын оқыды.

Сонымен Тәуелсіз Қазақстанда Сұл­тан Бейбарысқа арналған екінші ес­керт­кіш тұрғызылды. Біріншісі бұдан біраз бұрын Атырауда бой көтергені әмбеге аян. 

* * *

Іле-шала ірі іс-шараның екінші бөлімі басталып, Ұлт жады қабырғасының лентасы қиылды.

Салтанатты рәсімде сөз алған Қоста­най облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали жерлестері ғана емес, бүкіл Тобыл-Торғай өңіріне Сапар Ысқақұлының тағы бір тамаша тартуы – көпбейінді туристік кешен бірегей жобасының негізгі міндеті ауданға туристер тарту екенін алға тарта сөйледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым отаншылдық идея­сына адал болуға шақырады. Әр іс елге деген жанашыр ниетпен жасалса игі. Әр қадамың елге пайдасын тигі­зуі керек. Осы тұрғыда еліне инвестиция салып, көпке өнеге көрсетіп отыр­ған іскер азамат Сапар Ысқақұлын айрық­ша атап өткеніміз жөн. Бұл турхаб бүкіл аймағымыздың әлеуметтік-эконо­микалық алға басуымен қатар, туриз­мінің дамуына да зор серпін береді», деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал сенатор Бибігүл Аққожина келешекте осы өңірге саяхаттап келушілер санының, инвестиция көлемінің кө­беюіне игі әсерін тигізетініне үміт арта­тынын білдірді. «Ұлттық жады қабыр­ғасы – ел тарихындағы ерек тұл­ғаларға көрсетілген зор құрмет. Бұл жас буын­ның ұлтжандылық сезімін ұш­тайды», деді Парламент мүшесі.

Иә, ұзындығы 35, биіктігі 3,8 см қызыл кірпіштен қаланған қабырғада арғы-бергі тарихымыздағы аса ардақты 260 тұлғаның аты-жөні қара түсті мәрмәр тақтаға жазылған. Киелі керегедегі тізім әлі де толықтырылуы мүмкін. Сон­дай-ақ мұнда марқұмдардың жатқан жер­лерінен алынған топырақпен толты­рыл­ғ­ан құтылар да қойылған.

«Бұл – алты жылға созылған «Бабалар ізімен» экспедициясының нәтижесі», дейді идея авторы Сапар Ысқақұлы. Аспан асты, жер үстіндегі төрт құр­лықта, 46 елде болып, сырттағы «сырттан­дарымыздың» басына барып зиярат еттік. Тың деректер таптық. Құнды деректерге қанықтық. Соның бәрін таспаға тартып, телехабарлар түсірдік. Осынау рухани олжамыз еліміздің рухани қажетіне жараса, еткен еңбек, төккен тердің ақталғаны.

Бізбен сапарлас болған Жошы ұлы­сын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, Сапар Ысқақов – тарихымызды көпшілікке танытуда ауыр жүк арқалап жүрген адам. Мысалы, көр­шілес Ресейде мұндай іргелі іспен қап­таған институт пен түрлі бірлестік шұ­ғыл­­данады. Сондағы әріптестері абзал ағаның атқарған жұ­мыс­тары жайындағы әңгімеге құлақ түр­генде қайран қалып, бастарын шайқай­тын көрінеді.

Иә, Сапекең шынымен де жайсаң жан. Жеке бастың байлығынан ұлттың мүд­десін жоғары қояды.

 

Астана – Қостанай – Астана