Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада Ұлттық ғылым академиясының академигі, лингвист ғалым Рәбиға Сыздықтың 100 жылдығына арналған «Тіл білімінің тарланы» атты онлайн конференция өтті. Қазақ тіл білімі саласында 27 кітап, 400-ден астам ғылыми мақала мен монография шығарып, 9 докторлық, 19 кандидаттық диссертацияға жетекшілік еткен айтулы ғалым, ұлық ұстаз туралы әр өңірдегі шәкірттері еске алды.
Алаштың ұрпағы
Рәбиға Сәтіғалиқызының шәкірті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Орынай Жұбайдың айтуынша, апайдың арғы атасы – Исатай Таймановтың сенімді серіктерінің бірі, көтеріліс жеңілгенде оның жанынан табылған Сәмбет батыр. Сәмбеттен Бидағара, одан Құтқожа, одан Сәтіғали. Сәтіғалидан – Хамит, Рәбиға, Роза. Сәтіғали (Сәтқали) Құтқожаұлы – Алаш партиясының мүшесі, Халел Досмұхамедовпен жақын араласқан көзі ашық азамат. Ол 1920 жылдан бастап Жымпиты, Ойыл, Темір, Арал, Байғанин аудандарындағы пошта-телеграф бөлімдерін басқарып, 1937 жылдың 10 қыркүйегінде Ақтөбе облысының Темір қаласында ұсталған. Бұл кезде Рәбиғаның жасы – 12-де.
«Анасы әкесінің ұсталатынын білді ме, әлде кездейсоқтық па, Рәбиға мен Розаны дүкенге жұмсайды. Қыздар қайтып келе жатқанда, үйдің жанында тұрған ат арбаны қоршап әлдекімдер тұрғанын көреді. Арбаның үстінде отырған әкесі қыздарымен басын сәл изеп қоштасқандай болды. Дым түсінбей, жүгіріп кіргенде көргені – үйдің іші астан-кестең, жерде анасы жылап отыр, босағада Хамит ағасы состиып тұр. Осы көрініс бала жүректе өмір бойы сақталып қалды. Сол уақыттағы қысым бұларды да айналып өтпеді. Бірге оқитын балалар қасына жоламады, мұғалімдер де елемеуге тырысты. Ең соңғы партада жалғыз өзі отырды. Бір жолы Пушкиннің 100 жылдығына мектепте кеш өтетін болып, барлық оқушыға ақынның өлеңдерін жаттауға бергенде, Рәбиғаға жетпей қалды. Қатты намыстанған ол күні-түні бас алмай, ақынның бір поэмасын жаттап келіп, кеште айтуға оқталғанда рұқсат етпейді. Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінсе де, осы жағдай буыны қатпаған балаға үлкен соққы болып тиді. Үйде үреймен өмір сүрді. Өйткені халық жауларының әйелдерін ұстап, балаларын жетімдер үйіне алып кетіп жатты. Бөгде адамдар үйлеріне жақындап келе жатса, зәресі ұшатын. Бір жолы ауылға кірген көлік осы үйге бұрылғанын көрген балалар жылап, анасының етегіне тығылған. Мұндай кезде анасы Жеміс перзенттерін сұқ көзден, суық сөзден қорғап отырды. Рәбиға 16 жасынан еңбекке араласты. 1940 жылы Темір мұғалімдер училищесінің жеделдетілген курсын бітіріп, Алға аулындағы мектепке бастауыш мұғалімі болып орналасқан. Соғыс басталғанда Хамит майданға аттанады. Соғыс жылдары аздап қысым азайып, Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер училищесін бітіреді.
1945 жылы Алматыда мұғалімдердің тамыз конференциясы өтіп, оған елдің түкпір-түкпірінен үздік мұғалімдер шақырылады. Ақтөбеден келген бес мұғалімнің арасында Рәбиға Құтқожина да болатын. Келесі күні сөз сұрап, мінбеге шығып, мектеп оқулықтарындағы қателіктерді талдап береді. Жиын соңында оқулық авторларының бірі, лингвист ғалым, Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының директоры Ахмеди Ысқақов оны іздеп келеді. Жас мұғалім ағасының майдангер екенін, 16 жасынан мектепте сабақ беріп келе жатқанын, білімін жалғастыра алмаған өкінішін де айтқанда, Ахмеди Ысқақов институттың 3-курсына қабылдайтынын айтады. Содан кейін Рәбиға Алматыға оқуға кетеді. 1947 жылы аспирантураға түскен. 1951 жылы «халық жауларын» қудалаудың жаңа толқыны басталғанда, жас маман Тіл білімі институтындағы жұмысынан шығарылып, ұзақ уақыт бойы жұмыссыз қалады. Таныстары Әбу Сәрсенбаевқа бар деп кеңес береді. Сол жылдары оқу-педагогикалық баспаны басқаратын майдангер ақын баспаға жұмыс сұрап келетіндердің ата-тегін сұрамайды екен. Әбу ақын Рәбиғаны кіші редактор етіп жұмысқа қабылдайды. 1957 жылы Ісмет Кеңесбаев Әдебиет институтына қызметке алған соң барып, ғылыммен алаңсыз айналысуға мүмкіндік туған. Рәбиға апай осы азаматтардың жақсылығын көп көрді. Ең бірінші болып ғылымдағы жолымды айқындап берген Мұхтар Әуезов деп үнемі айтып отыратын», дейді Орынай Жұбай.
Кісілік пен кішілік
Рәбиға апайдың қарапайымдылығы, кісілігі өте жоғары еді. Сөздің киесін ұғынған, қара сөзден тұтас ұлттың өткенін тәпсірлеген ұлағатты ұстаз өз шәкірттерінен ғылымға адал болуды талап еткен. Алаш арыстарының еңбектерін жарыққа шығару ісіндегі еңбегі зор. Ғалым 1960 жылы Душанбеге Е.Бекмахановпен бірге конференцияға барып баяндама жасайды. Сөзінің соңын «Қазақ тілінің алғашқы терминдері алғашқы оқулықтарда жасалды» деп қорытындылайды. Сол кезде залдан «Алғашқы оқулықтарыңызды кімдер жазды?» дегенде, апай Әлихан Бөкейханды атайды. Ол 1977 жылы қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған конференциядағы баяндамасында «Қазақ тіл білімінің негізін қалаған – Ахмет Байтұрсынұлы» деп мәлімдеді. Осы сөзден кейін зал біраз уақыт үнсіз қалды. Сондай-ақ қазақ тіл білімінің білгірі, полиглот ғалым Құдайберген Жұбановтың еңбектерін жинақтап, жарыққа шығарды. Өзі 1966 жылы Мәулен Балақаевтың тапсырмасымен Қазақ мемлекеттік университетінде Құдайберген Жұбанов туралы баяндама жасап, артынан ғалымның еңбектері 2400 данамен жарыққа шықты. Осыдан кейін Құдайберген Жұбановтың әйелі Раушан апай жақын-жуықтарының басын қосып, үйіне шақырып, көптің алдында «Құдайбергеннің еңбегін еліне қайтардың» деп, Рәбиға апайға қымбат неке жүзігін сыйлайды. «Рәбиға апай табиғатында дүниеге әуес емес еді. Асыл тастарға да қызықпайтын. Бұл жолы жүзікті сақтап қойып, Құдайберген Жұбанов еңбектерін терең зерттеп, құнды диссертация қорғайтын жас ғалымға сыйға тартуды ойластырыпты. Біз мұны қашан білдік? Апай 90-нан асқан шағында Тіл білімі институтында жұмыс істейтін Асқар Құдайбергеновке келіп, анасының жүзігін қайтара отырып, көп жыл жүрегінде сақтаған ойын ақтарды», дейді Орынай Жұбай.
Рәбиға Сәтіғалиқызы ғылымда жүрген қыз-келіншектерге «Ғылымға адалдық керек. Жүрегің таза болсын. Өмірлік серігіңді дұрыс таңда. Ең алдымен үйіңнің тірлігін бітір. Содан кейін ғана алаңсыз жұмысыңа кіріс. Өйткені, сен ең бірінші – әйелсің, анасың» деп ақыл айтады екен. Апай айдаудан оралған екінші күйеуі Шахан ағайға ерекше қамқор болды, өзінің балаларын да, екінші қосағының балаларын да бөліп-жармай, жақсы тәрбие берді, аяққа тұрғызды. Ол кісі дүниеден өтерде апайға ризалығын айтып кеткен.
Ғылымдағы абыройлы жол
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратова: «Кей адамдардың ғалымдығы мойындалса да, жеке басының сый-құрметі болмайды. Ал енді біреулердің басын сыйласа да, ғалымдығын мойындамайды. Рәбиға апайдың бойында екі қасиет те жарасым тапты. Қазақ тіл білімі саласында еңбегі ұшан-теңіз. Басты еңбегі – ұлы Абайдың сөз құдіретін танытуы. Осы жағынан ол Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезовтан кейінгі абайтанушы ғалым болды. Ол неге жастайынан Абай өлеңдерінің тілін зерттеді? Өйткені «зер қадірін зергер білер» дегендей, бұл жерде апайдың қанмен келген тектілігі, өскен ортасы, ата-анасының берген тәрбиесі, жеке басының тазалығы тоғыса келе, Абай ұлағатымен халқына қызмет етудің жолын таңдатты», деді.
Тың зерттеулер
Ақтау қаласынан Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжениринг университетінің профессоры Бибайша Нұрдәулетова академикпен 2019 жылы сөйлескенінде, қазақ жыраулар өлеңдерінде әлі де зерттелмеген сөздер көп екенін, өзі оның шегіне жете алмағанын, бірақ көп зерттелмеген сөздердің тізімін жасап қойғанын айтқан. «Рәбиға апай зерттеулерінің бір бағыты – көне сөздер еді. Ол мағынасы түсініксіз, қолданыстан шыққан сөздерге «ескіліктер» деп атау берді. «Сөздер сөйлейді» кітабында 300-ге жуық сөзді қолданып, 240 сөзді жеке реестрмен талдады», деді.
Өскемен қаласынан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің доценті Күләш Еңсебаева ғалымдық пен ұстаздықты қатар ұстанған Рәбиға Сыздықтың өзі білетін қырларына тоқталды. Академиктің зор еңбегі – «Ясауи хикметтері» тілінің қыпшақтық тілдер тобына жататынын, Қ.Жалайыри шежіресіндегі сөздердің 70 пайызы көне түркі сөздері екенін дәлелдеуі дей келе, ғалымның шәкірті қазіргі уақытта қате қолданылып жүрген сөздерге тоқталды. «Мәселен, бүгінде жағымсыз мағынада қолданылатын сұрқұлтай сөзінің ертедегі мағынасы – билік басындағы адамға дұрыс кеңесін беретін білікті адам. Сондай-ақ майдан сөзінің де ертедегі мағынасы мүлде бөлек. Ол көк шөп өскен алаң деген мағынаны білдіреді. Оған «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің «Қонар болсаң жануар, Міне майдан, міне саз», деген жолдар дәлел», дейді К. Еңсебаева.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин Ақтөбе пединститутын Мұхтар Арын басқарған жылдары осы өңірден шыққан талантты адамдардың туған жеріне келіп, жұртшылықпен жиі кездескенін атап өтті. Рәбиға Сыздық та келіп, әкесінің қызмет еткен жерін, үйінің орнын көрген. Темірде Рәбиға апайдың ағасы Хамит соғыстан кейін аудандық білім бөлімін басқарып, кейін Алматыға ауысыпты. Осы ескі қала төңкеріске дейін оқу орындары көптігімен, кәсіпшілік түрлерімен аты шықты. Педучилище, медучилище, ауыл шаруашылығы техникумы, мектеп-интернатында көрші аудандардан балалар келіп оқитын. Темірде Құдайберген, Ахмет Жұбановтар, Сақтаған Бәйішев, дәрігер Сайым Балмұханов дүниеге келген.
Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев академиктің музей қорына жинақталған дүниелерін таныстырды. 2016 жылы Рәбиға апайдың тапсырмасымен жиені Қуаныш Әміров Ойыл музейіне кітаптар мен апайдың жеке тұтынған заттарын, киімін тапсырыпты. Биылғы жазда Орынай Жұбай Алматыдан апайдың көне үш альбомын әкеліп берді.
Конференция қарарында Ақтөбе өңірінен ғалымның әкесі, Алаш азаматы Сәтіғали Құтқожинге көше атын беру және академик Рәбиға Сыздықтың есімін қала мектептерінің біріне ұсыну дәйектелді.
Ақтөбе облысы