• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Таным 11 Қазан, 2024

Ғалам ғажаптары: Нашар оқығандарды емдейтін орталық

68 рет
көрсетілді

Шанхайда математика, физика, химия пәндерінен оқу үлгерімі төмен оқушыларға көмектесетін орталық ашылды.

Мектеп кезінде есептен қиналмаған оқушы жоқ шығар. Математика сүйікті пәндер қатарынан табыла бермейді. Ал қытай зерттеушілері алгебра, геометрия, физика, химия сынды пәндерден қиналатын балалардың денсаулығында кінәрат бар деген қорытындыға келіпті. Яғни мидың төбе қыртысы дұрыс жұмыс істемесе, аталған пәндерден үлгерім төмен болады екен. Орталық мамандары ондай оқушыларды алдымен диагностикадан өткізіп, кешенді терапия тағайындап, емдеп шығарады.

 

Екі ғасырдан кейін ашылған жұмыс орны

Кембридж университеті 200 жыл бұрын Чарльз Дарвин атқарған ботаник-саяхатшы лауазымына жұмысшы іздеп жатыр.

Үміткер өсімдіктерді бір-бірінен ажырата білетін білікті маман болуы қажет. Сонымен қатар әлем бойынша экспедициялар ұйымдастырып, саяхат барысында ботаникалық бақтың коллекциясын толықтырып, әртүрлі өсімдік жинауы керек. Ботаникалық бақ екі ғасырдан кейін алғаш рет ботаник-саяхатшы маманына бос жұмыс орнын жариялап отыр. 1831 жылы Кембридж университетінің бо­та­никалық бағының негізін қалаушы профессор Джон Стивенс Хенслоу бұл қызметке Чарльз Дарвинді қабылдаған. Дарвин ұстазының ботаникалық коллекция­сын толықтыруға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңнан астам өсімдік үлгілерін жіберіп отырған.

Айта кетейік, маманға жылына 44 263 фунт стерлинг (28 445 633 теңге) жалақы төленеді.

 

Эверест шыңының құпиясы

Қытай ғалымдары британдық әріп­тестерімен бірігіп Джомолунг­маның құпиясын ашты.

Гималай тауында биік шыңдар бар­шылық. Бірақ бәрі бір-бірімен шамалас. Ал Эверест олардан 250 метрге биік. Ға­лымдардың пікірінше, тауға қосымша 50 метр биіктік берген бір құпия бар. Геологтер бұл құпия Арун өзенімен байланысты екенін анықтады. Яғни өзеннің ағыны күшейіп, таудағы тастарды ағызып әкеткен. Нәтижесінде, жер мантиясы көтеріліп, Эве­рест шыңын биіктете түскен.