Күздің жанға жайлы, шаруаға қолайлы қоңыржай күндері бүкіл облыс көлемін қамтыған сенбіліктер, экоакциялар жүріп жатыр. 8 қазанда Қостанай қаласы мен Әулиекөл, Федоров, Қарасу аудандарында саябақтар мен тұрғын үй аулалары, көшелер күзгі жапырақтардан аршылып, өзен-көл жағалаулары тазартылды.
Көп болып қолға алынып жатқан тазалық акцияларына жергілікті атқарушы билік өкілдері, табиғат жанашырлары, қоғамдық бірлестіктер, ерікті жастар, белсенді тұрғындар атсалысып жатыр. Экологиялық іс-шаралардың дені тұрғындарды тазалыққа, қоршаған ортаны аялап ұстауға, табиғатты қорғауға үндейтін көңілді ойын, байқау, фестиваль түрінде өтіп, кейде бұқаралық спорт жарыстарына да ұласып кетеді.
«Таза Әулиекөл» экоакциясы аясында Әулиекөл ауылының үлкен-кішісі бір кісідей жұмылып, көше сыпырып, орталық саябақты, бірнеше аллеяны жапырақтан тазартты. Біраз шаруаның басын қайырып тастаған соң тұрғындар 3 шақырым қашыққа жүгіруден жарысты. 14 жасқа енді толған жас балалар да, сексенді алқымдап қалған қариялар да қалыспай жүгірген көңілді жарыстан кейін шағын ғана мерекелік жиын өтіп, жеңімпаздарға, ауыл тазалығын сақтауға үнемі атсалысып жүрген жастарға, зейнеткерлерге аудан әкімінің Алғысхаты табыс етілді.
Аудандық ТКШ бөлімінің бастығы Егор Черновтың айтуынша, Әулиекөл ауданында «Таза Қазақстан» экоакциясы басталған сәуір айынан бері арнайы полигонға 9 220 тонна қоқыс шығарылып, қырықтан астам заңсыз қоқыс үйіндісі жойылған.
«3 260 ауланы абаттандырдық, иесіз қалған 46 ғимарат бұзылды, 40 000 шаршы метрден астам жердің шөбі шабылды, 11,5 км
қоршау орнатылды, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы сенбіліктерге 6342 адам қатысты, 102 техника жұмылдырылды. Орталық алаңдар абаттандырылып, 2 субұрқақ жөнделді. Ал бүгінгі «Таза Әулиекөл» спорттық экоакциясы аудан тұрғындарын таза ортада өмір сүруге шақыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өтіп жатыр», дейді ТКШ бастығы.
Дәл осы күні Федоров ауданының Баннов ауылындағы Тоқтас көлінде «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Бұл іс-шараға қатысқан 200-ден астам тұрғын он шақты топқа бөлініп көлдің жағасын, ауылға кіреберіс жолдардың бәрін тазартып шықты. Акция барысында тұрғындар пластикалық бөтелкелерді, пакеттер мен басқа да қатты қалдықтарды қоса алғанда, шамамен 1,5 тонна қоқыс жинады.
«Бұл акция көп болып жұмыла білсек, үлкен күшке айналатынымызды көрсетіп берді. Бүгін ауылға тиіп тұрған әсем көлдің жағалауын тазалап едік, айналамыз мүлде басқаша кейіпке еніп, түрленіп шыға келді. Бұл ең алдымен өзімізге жақсы емес пе?», дейді аудандық мәслихаттың депутаты Алексей Байназаров.
Қарасу ауданында өтіп жатқан сенбіліктер, эко-квест, санитарлық тазалау, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары да – көпке үлгі. Қазанның сегізінде аталған ауданға қарасты Черняев ауылдық округінің ақсақалдары сенбілікке шықты.
«Өз ауылымыздың айналасын таза ұстауға болады ғой. Көптің күшімен бітетін мұндай іс-шаралардың жалпы ауыл тұрғындарының ынтымағын арттыруға, кейінгі жастардың үлгі-өнеге алуына септігін тигізеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы біздің округте, жалпы аудан көлемінде апта сайын өтіп тұратын болады», дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұртан Ақшалов.
Ауыл ақсақалдарының бастамасы көпшілік қолдауына ие болып, жүзден астам тұрғын экоакцияға атсалысты. Өнерпаздар ән салып, күй әуелетсе, жергілікті шаруашылықтар көше асханасын ұйымдастырып, дастарқанға ыстық шай, дәмді тағамдарын жайып қойды.
Бұл күні қостанайлықтар да қарап қалған жоқ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған өңір белсенділері Арыстанбеков көшесі бойында орналасқан саябаққа ағаш отырғызды. Таяуда ғана бұл көшедегі бос жатқан аумақ абаттандырылып, жаңа шағын саябақ ашылған. Жаңа саябақта спорт алаңқайы салынып, тұрғындар демалысына қолайлы жағдай жасалған. Жақын арада бұл маңда балаларға арналған ойын алаңы мен қоғамдық дәретхана іске қосылады.
«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысында белсенді жүзеге асып жатыр. Жыл басынан бері рұқсат етілмеген 185 қоқыс полигоны жойылды. Сондай-ақ 86 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Облыстық бюджеттен абаттандыру жұмыстарын атқаруға 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 327 саябақ пен сквер тазартылып, қалыпқа келтірілді. Мұның сыртында, сол қаржының көмегімен жаңадан саябақтар ашылып жатыр. Облыс орталығы болғандықтан, әрине, Қостанай қаласына ерекше көңіл бөлінеді. Биыл «Триатлон-паркті» қалыпқа келтірдік. Тобыл өзенінің жағалауы реттелді. Ол маң қазір тұрғындар мен қала қонақтары демалатын өте қолайлы әрі көрікті орынға айналды. Орталық саябақта да 200 млн теңгеге біраз жұмыс атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыс келер жылы да жалғасады. Ескірген атракциондардың орнына жаңа заманауи атракциондар қойылатын болады», деді облыс әкімі.
Қостанай облысы