• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2024

Маңғыстаудағы «Шопандар тойы»

203 рет
көрсетілді

Бір кездері «Шопандар тойы» кең дала төсінде мыңғыртып мал өргізген шопандар үшін мереке еді. Маңғыстауда 1973 жылы басталып, бейнетқор шопан­дар қауымының мерейін тасытқан атаулы той соңғы рет 1993 жылы той­ланыпты. Қазір нарықтың талабына сай жеке шаруа қожалықтары мен күнкөрісі үшін шағын қорасынан азын-аулақ ұсақ мал өргізгендер болмаса, бұрынғыдай отар-отар қойды қаптата жайған шопандар жоқ екені белгілі. Әйтсе де шаруагерлердің көңілін көтеру, тынымыз еңбек күндері арасында мереке сыйлау, олардың ерен еңбегін дәріптеу, насихаттау, мал шаруа­шылығының ел экономикасындағы маңыздылығын көрсету мақсатында араға қырық бір жыл салып, Маңғыстауда «Шопандар тойы» мерекесі атап өтілді.

Маңғыстау облысында мал санының көрсеткіші өңірдің табиғи ерекше­лік­теріне, экономикалық өзге­рістерге байланысты өзгеріп отырады. Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының мәліметтеріне сүйенсек, өңірде мал саны кейінгі 20 жылда 546 631 басты құрап, 24,2% өскен, яғни 2003 жылы 440 187 бас мал болған. Есеп түйе санының 2003 жылғы 30 252 бастан 89 476 басқа жетіп, үш есеге, жылқының 20 жыл ішінде 26 569 бастан 131 269 басқа жетіп, бес есеге өскенін, ал қой мен ешкінің 2003 жылғы 376 957 бастан 306 846 басқа кемігендігін көрсетеді.

Биыл ауыл шаруашылығы саласында 18,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш кейінгі он жылда 3,5 есеге өскен, оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 17,0 млрд теңгеге немесе 3,6 есеге көбейген. Агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту үшін инвестиция тартуға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде облыс­та кейінгі бес жылда 3 000-нан астам агроөнеркәсіптік кешен нысандарына 5,2 млрд теңге көлемінде субсидия берілген. Нақты айтсақ, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында, 2,8 млрд теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 490 агроөнеркәсіп нысан­дарына 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. 2024 жылы мал шаруа­шылығын дамыту мақсатында, жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаражат қарас­тырылып, 283 нысанға 483,6 млн теңге субсидия төленген.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тап­сырмасымен 2023 жылы қолға алын­ған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын арттыру мақ­сатында 1,2 млрд теңгеге 165 жоба қар­жыландырылды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін масштабтау тұрғысында «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру» жаңа бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен Маңғыстау облысына 3,0 млрд теңге бөлініп, аталған бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Аталған мемлекеттік қолдау нәтижесінде жеке инвесторлардың көмегімен ауыл ша­руашылығы саласында кейінгі 5 жылда 13,2 млрд теңгені құрайтын 24 инвес­тициялық жоба іске асырылды. 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалар аясында жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 209 жаңа жұмыс орны ашылса, 2023 жылы жалпы құны 1,0 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ұсынған 4 жоба жүзеге асырылды. Аталған бағытта 2024–2026 жылдары жалпы сомасы 13,8 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың арасында биыл Ақтау қаласында ор­наласқан «ОРЦ Ақтау» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын, Бейнеу ауданында орналасқан «Карибаев» ЖК жылыжай кешенін, Жаңаөзен қаласында ор­наласқан «Найзабеков» ЖК шағын құс фермасын, 2025 жылы жоспарға сәйкес жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрай­тын, 81 жаңа жұмыс орны бар 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бас­қа да ауқымды жұмыс қолға алынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруа­шылығы саласы шопандар тойына жаңа жоба, тың жоспарлармен келді.

Киіз үйлер қаз-қатар тігіліп, ән-күй төгілген шопандар тойы тып-ты­ныш дала төріне сән-салтанат сыйлады. Ауыл шаруа­шылығы саласының қызмет­керлері, сала ардагерлері мен ауыл тұрғын­дары қатысқан тойда аламан, тай бәйгелері, ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп, жергілікті өнімдер мен шеберлер көрмесі ұйымдастырылды.

Дала еңбеккерлерінің мерекесіне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.

«Ауыл шаруашылығы – экономи­каның адамзаттың өмір сапасына тікелей әсер ететін басты салаларының бірі. Сіз­дердің тіршілікке қажетті тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор тұрақты дамып келеді. Ауыл шаруашылығы саласы – өңірде қарқын алып келе жатқан са­лалардың бірі. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласында 18,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2023 жыл­ғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,7%-ға артық. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 17,0 млрд теңгеге немесе 22,5%-ға кө­бейді. Агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытуға инвестиция тарту күн тәр­тібінен бір де түскен емес. Атқарушы билік бұл мәселені қашанда назарында ұстап келеді. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жеке инвесторлардың көмегімен ауыл шаруашылығы саласында кейінгі 5 жылда жалпы сомасы 13,2 млрд теңгені құрайтын 24 инвес­тициялық жоба іске асырылды. Қазіргі таңда 15 жоба жұмыс істеп тұр. Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, дегенмен Маңғыстау облы­сындағы инвес­ти­циялық жобалар ауыл шаруашы­лы­ғының тұрақты дамуына ықпал етіп, облыс эко­номикасының өсуіне серпін беретініне сенім мол. Бұл кәсіби мереке – кәсібін жермен бай­ланыстырып еңбек ететін, мал шаруа­шылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін еліміздің, өңіріміздің қажеттілігіне сай азық-түлікпен қам­тамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың басын қосатын ортақ мейрам. Жерімізді дұрыс пайдалана алсақ, таусылмайтын қазына, молайып отыратын зор байлық. Бізге ата кәсіпті жаң­ғырту – ұлттық мұрат, мемлекеттік мақсат», деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.

Салтанатты жиында Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі Мал ша­руа­шылығы департаментінің директоры Хасым Итқұсов іс-шараға қаты­су­шыларды мерекемен құттықтап, облыс мал шаруа­шылығында ерекше орын алатын жылқы, түйе, қой шаруа­шылықтарын дамыту жөніндегі мемле­кеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті. Салтанат барысында Ауыл шаруашылығы министр­лігі атынан сала ардагерлері мен облыс ауыл шаруашылығы сала­сының қыз­меткерлері «Еңбек арда­гері», «Ауыл ша­руашылығының үздігі» төс­бел­гіле­рімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Аламан бәйгенің жеңімпазына автокөлік сыйға берілді. Бір күн бойы даңғайыр дала төсін көркем күйге, ән-думанға бөлеген шопандар тойы барша бұқараның көңілінен шықты.

 

Маңғыстау облысы