• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 12 Қазан, 2024

Базалық мөлшерлеме байыпты қалыпта

176 рет
көрсетілді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақ­тау туралы шешім қабылдады. Шешім қазіргі экономи­ка­лық жағдайға, оның ішін­де инфляцияның деңгейіне, ішкі және сыртқы тәуекелдерге байла­ныс­ты жасалып отыр. Айта кетейік, жылдық инфляция шілдеде өскен соң тамыз, қыркүйек айларында төмендеуін жалғастырған еді. Ал айлық инфляция орташа тарихи мәндегі деңгейлерден әлде­қайда жоғары ­қа­лыптасып отыр. Инфляцияның орнық­ты бөлігі төмендегенімен, қар­қы­ны әлі де баяу. Мұның бәрі проинфляциялық тәуекелдердің ­барынан хабар береді. Инфляциядағы 5%-дық мақсатқа жетеміз ­десек, ұстам­ды­ қатаң ақша-несие шарттарын сақтау қажет.

Инфляция

Қыркүйек айының қорытын­дысында жылдық инфляция 8,3%-ға дейін баяулады. Тамызда көрсеткіш 8,4% болған еді. Оған азық-түлік компонентінің дезинфляциясы әсер етті. Азық-түлік бағасының өсуі тамыздағы 5,5%-дан қыркүйекте 5,1%-ға дейін түсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 7,7%-дан 7,6%-ға бәсеңдеді. Жалпы, сервистік инфляцияға тұрғын үй-коммуналдық қызмет құны­ның өсуі мен бірқатар нарықтық қызметтің қымбаттауы айтарлықтай үлес қосқан.

– Қыркүйекте айлық инфляция дина­­микасы орташа тарихи мәндерден бір­шама жоғары болды да, 0,3% деңгейінде қа­лыптасты. Базалық, маусымдық фактор­­лардан тазартылған инфляция көрсет­кіш­тері шілдеде айтарлықтай жеделдегеннен кейін баяуласа да, көктем мен жаз басындағы ең төмен мәндерден әлі де жоғары. Яғни инфляциялық үдерістер тұрақты төмендеп отыр деп айтуға әлі ерте. Сонымен қатар жекелеген көрсеткіштер өндіріс шы­­ғын­дарының бағаларына қысым көр­­­сеткенін айғақтайды. Осылайша, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өндірісі мен тауарлар импортында бағалардың өскені байқалып отыр. Қыркүйекте халық­тың инфляциялық күтулері 14,1%-ға дейін өсті. Тамызда 13,1% болған еді, – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

 

Сыртқы экономикалық конъюнктура

Сыртқы ортада жекелеген тәуекел факторлары артқанын байқап жүрміз. Бұл негізінен еліміздің басты сауда-серік­тес­терінің бірі Ресейдегі инфля­цияның жеделдеуі мен әлем­дік азық-түлік нарығындағы баға­ның өсуіне қатысты. Бірқатар елде моне­тарлық саясаттың жеңілдей бастауынан сыртқы ақша-несие шарттарының қатаңдығы аздап басылды.

Әлемде жалпы инфляция баяулап келеді, алайда базалық инфляцияның, яғни оның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштердің төмендеуі мейлінше баяу жүріп жатыр.

– Еуроодақта инфляцияның шілдедегі 2,8%-дан тамызда 2,4%-ға төмендегені байқалды. Еуропа Орталық банкі өз саясатын жеңілдете түсті. Дегенмен 2%-дық таргетке жету мақсатында жеткілікті қатаң шарттарын сақтаймыз деп отыр. АҚШ-та инфляция тамызда 2,5%-ға дейін айтарлықтай баяулаған. Ресейде инфля­ция шілде-тамызда 9,1%-ға өсті. Бұл жағдайда Ресейдің Орталық банкі негізгі мөл­шер­лемені көтеру үрдісін жалғастыра бер­мек. Әріптестеріміздің бағалауынша, бұл дезинфляция үдерісін жаңартады, инфляциялық күтулерді төмендетеді. Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты мұнай бағасы қазан айының басынан бері 75-80 доллар деңгейінде сақ­та­лып келеді. Бағаға ОПЕК+ елдерінің мұ­най өндірудегі шектеуді жеңілдету ние­тін биылғы желтоқсанға дейін жылжытуы, Қы­тайда қабылданған бірқатар фис­кал­дық ынталандыру да әсер етті, – деді ҰБ төрағасы.

 

Проинфляциялық тәуекел

Бас банкирдің сөзінше, инфля­ция­ның қайта төмендей бастауына қара­мастан, тәуе­кел факторларына байланыс­ты сыртқы сектордағы экономиканың ішкі контурында баға­ларға белгілі бір қысым артқан.

– Ерекше атап өтетін фактор – өсіп жатқан фискалдық алшақ­тықты жа­бу құрал­дары мен оны Ұлттық қор қа­ра­жаты есебі­нен қаржыландыруды жал­­ғас­тыруға қатысты белгісіздік. Айыр­бастау бағамының әлсіреуі мен ақша на­ры­­ғын­дағы мөлшерлеме динами­касынан туындаған, бір­­шама жеңіл­детілген ақ­ша-несие шарттарын ескерсек, мұның бәрі база­лық мөлшерлемені төмендетуге ай­тар­лықтай шектеу қояды. Осы орайда біз алдында жа­рия­лаған бағыт­та әрекет ете бере­міз. Бол­жамды кезеңде күтілетін эконо­миканың өсуін ескерсек, қазіргі ақша-несие шарт­тарын ұстамды қатаң деп баға­лаймыз. Макро­экономикалық сала­лық деректерді бақы­лаймыз, – деп қоры­тты Т.Сүлейменов.

Демек инфляция мен оның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмен­десе, фискал­дық алшақтық мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапса, алдағы шешімдер оң болуы мүмкін.