• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
Энергетика 12 Қазан, 2024

Бейбіт атом туралы ғылыми жиын

289 рет
көрсетілді

30 жыл бұрын еліміз МАГАТЭ құрамына кірген еді. Агенттіктің бейбіт атомды дамыту саясатын толығымен қолдап, оны елімізге енгізуді мақсат етті. Өйткені біздің ел әлемде атом сынақтарынан қатты зардап шеккен мемлекеттің бірі болды. Ал осы бір жаһандық деңгейдегі стратегиялық маңызы бар мәселе бүкіл мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның күш-жігерімен ғана шешілетін еді. «Бейбіт атом жолында: тенденциялар мен перспективалар» атты халықаралық конференцияда сарапшылар жаһандық антиядролық қозғалысты дамытудағы бастамаларымыздың тарихи маңызын, Қазақстан мен МАГАТЭ ынтымақтастығы аясындағы халықаралық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін, сондай-ақ бейбіт ядролық қаруды дамыту мәселелерін талқылады.

Конференцияны ашқан Пре­зидент орталығының директоры Бақытжан Темірболат референдумға қатысқан азаматтардың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдап дауыс бергенін атап өтті. Осылайша, көп жыл бойы қызу талқыға түскен мәселе шешімін тапты.

– Семей ядролық полигонын жабу және оның ядролық арсеналын жою арқылы Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші мемлекет болды және әлемдік антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі мәртебесін лайықты түрде алғанын әлем біледі. Ядролық сынақ 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 40 жыл бойы жүргізілгенін еске салғым келеді. Осы уақыт ішінде елімізде атмо­сфе­ра­лық, жерүсті және жерасты сынақтарын қоса ал­ған­да 456 жарылыс болды. Егер 40 жыл 480 айды құ­рай­тынын ескеретін бол­сақ, онда сынақтар айына бір рет өтіп тұрған. Бұл ауыр экологиялық және әлеуметтік-экономикалық сал­дарға әкелді. 1,5 миллион­нан аса адам радиацияның жойқын әсеріне ұшырады. 300 мың га шаруашылық жер жарамсыз болып қалды, мұны Италияның жер көлемімен салыстыруға болады. Радио­ак­тивті жұқтыру айма­ғында Өскемен, Семей, Риддер қала­ларын қоса алғанда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының бірнеше жүздеген елді мекені болды. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Осыдан соң біз бейбіт атомды ғана қолдаймыз, – деді Б.Темірболат.

Ал Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов атом энергетикасы сала­сындағы қауіпсіздіктің ең жоға­ры дең­гейін қамтамасыз ету, оның ішін­де инновациялық технологияларды енгізу және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік белгі­леген қауіпсіздік стандарттарын енгізу мәселелерін сөз етті.

Оның айтуынша, жаңа буын реак­торларының конструкциялары тіпті тө­тенше жағ­дайларда да қа­уіпсіз жұ­мыс істеуді қам­та­масыз ете­тін­­дей жасал­ған.

– Төмен байытылған уран бан­кін құру еліміз үшін жоға­ры имидждік құн­ды­лыққа ие. Халықаралық қауымдастық елімізді МАГАТЭ-нің адал мүшесі және ядролық материалдар­ды сақ­тайтын қауіп­сіз орын ретінде бағалады. МАГАТЭ бас­шылығы біз­дің кәсіп­орын­ды төмен байытылған уран банкінің операторы ретінде жоғары бағалағанын атап өткен жөн. Біз қол қойылған халықаралық құжаттар аясында барлық міндеттемені орындауды жалғастырамыз, – деді Үлбі металлургиялық зауытының басқарма төра­ғасы Сергей Бежецкий.

Ядролық қаруды жою жөніндегі халық­аралық ком­па­нияның атқару­шы директоры Мелисса Парк болса, ядролық қару азайып қана қоймай, толы­ғымен жойылатын әлемге сене­тінін алға тартты.

– Біз ешбір ел, ешбір халық ядролық қару­дың қасі­ретін бастан кешір­мей­тін әлемге сенеміз. Қазақ­стан биліктің орнына бей­біт­шілікті, жойылудың орны­на қауіпсіздік пен адам­гершілікті таңдауға бо­ла­тынын көрсетті. Бірақ Қазақ­стан мұны жалғыз өзі жасай алмайды. Халық­аралық қауым­­дастықтар қол жеткен же­тіс­тікті дамытуға, оны сақтап қалуға бірігуі керек. Біз қарусыздануды ілгерілету, ядролық тәуекелдерді азайту және өзара жойылу қаупі­не емес, өзара құрмет пен ын­тымақтастыққа негіз­­дел­­ген қауіпсіздікті іл­ге­рі­лету жөніндегі күш-жі­гері­міз­де бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек, – деді М.Парк.

Ұлттық ядролық орталы­ғының бас директоры Ерлан Батырбеков те елімізде атом электр стансасын салуға қа­тыс­ты өткізілген референдум жөнінде сөз қозғады.

– Атом энергетикасы елеулі инновациялық әлеует­ке ие және адамзаттың кем дегенде үш жаһандық мәсе­лесін шешуге ықпал етеді. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік, эко­номикалық өсу және эко­ло­­гиялық жағдайды жақ­сар­ту, – деді ол.

Халықаралық кон­фе­рен­цияның соңында қаты­су­шы­лар бейбіт атом болашақта мемлекеттердің әлеумет­тік-экономикалық өсуінің негізгі факторларының біріне айналатынына сенім білдірді.