• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Қазан, 2024

Шетелдік маркетплейстер шеруі

282 рет
көрсетілді

Ресейлік маркетплейстер «Wildberries» пен «Ozon» елімізде өздерінің сату көлемін бірнеше есе арттырды. Биыл қаңтар-тамыз айларында отандастарымыз осы онлайн-платформаларда жиі тапсырыс жасаған.

«Finprom» дерегі бойынша, биыл қаңтар-тамыз аралығында «Wildberries» алаңында отан­дас­та­рымыздың тапсырысы өткен жылғы кезеңге қарағанда 2 есе өскен. «Ozon» маркетплейсі де физикалық сату көлемін биыл 12 есе арттырыпты. Халықаралық маркетплейстердің кең өріс алуына сатып алушылардың белсенділігі ғана емес, логис­ти­­каның дамуы да әсер етеді. Мәселен, «Wildberries» ком­па­ния­сының біздегі ірі қалаларда 3 ірі логистикалық орталығы бар, қазір Астана мен Алматыда тағы 2 орталық салынып жатыр. Алпауыт алаңның баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырыстарды беру пункттерінің (ТБП) саны өткен жылы 8,9 есе көбейген. Биыл тамызда 2023 жылдың желтоқсанының соңы­мен салыстырғанда тағы 52%-ға өсіпті.

2024 жылдың екінші тоқ­саны­ның қорытындысы бо­йынша, «Ozon»-дағы тап­сы­рыс­­тар­ды беру пункт­терінің саны 2023 жылдың сәйкес ке­зе­ңімен салыс­тырғанда 15 есе өскен.

Былтыр елдегі электрондық сауда нарығы рекордтық дең­­гей­ге жетіп, 2,4 трлн теңге болды. Яғни  24,2%. Транзакциялар саны 84,1%-ға өсіп, 90,2 млн-ға жуықтады. Ұлттық статис­тика бюросының дерегінше, маркетплейстер арқылы са­тыл­ған тауарлар жалпы электрондық сау­да көлемінің 72,4%-ына ша­ма­лас, бұл шамамен 1,8 трлн тең­геге пара-пар. Ал отандық ұйым­дардың өз сайттары ар­қы­лы сату көлемі әлдеқайда аз. Бар болғаны – 672 млн теңге.

«PwC Kazakhstan» ком­пания­­сының зерттеу қоры­тын­­ды­ла­­рына сүйенсек, 2023 жылы элек­­трондық сауда өсімінің не­гіз­гі қозғаушы күші тағы да ха­лық­ара­лық маркетплейстер болған. Олардың сатылымы 3,7 есе өсіп, жергілікті маркетплейстер сатылымды 1,7 есе арт­тырған. Негізі маркетплейс­терге тек сатып алушылар ғана емес, кәсіпкерлер де үлкен қызы­ғушылық танытады. Өткен жылы «Wildberries»-те отандық сатушылар саны 45%-ға өсті, ал «Ozon»-да сатушылар саны 4,6 есе артқан. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып отыр.