Фариза Оңғарсынова – қазақ руханиятына мол мұра қалдырған ақын. Қазақ қыздарының сөз өнеріндегі лайықты орнын биікке көтерген суреткер. Ақын шығармашылығының дара болмысы мен ерекшелігі мәңгі жасай береді.
Соның бір дәлеліндей, Атырауда «О, Туған жер, кеңпейіл, құшағың кең, Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен. Сағынышымды қанат қып саған қарай, Балапандай талпынып ұшамын мен» деп алтын бесігін ерекше аңсармен жырлаған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған оқушылар байқауы өтті. «Фариза оқулары» байқауы 2020 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Төрт жылда бұл байқауға 200-ден астам жас өрен қатысыпты. Ал биыл облыстық білім басқармасының таланттарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған сайыста 8-11 сыныпта оқитын 50-ге жуық оқушы бақ сынады.
Ақын шығармашылығын насихаттаған байқауға «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ демеушілік танытты. Консорциумның құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы энергетика саласында іске асырылып жатқан ірі жобаның бірі. Компания «Теңіз» кенішінен өндірілген мұнайды Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск айлағына дейін тасымалдайтын құбырға иелік етеді. Ел мен елдің арасын жалғаған құбырдың ұзындығы 1 511 шақырымды құрайды. Бұл бағытпен еліміздің экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан алынатын көмірсутекті шикізат тасымалданады. Консорциумның теңіз терминалындағы үш айлақ танкерлерге жағадан айтарлықтай алшақта мұнай тиеуге мүмкіндік береді.
«Компания медицина, мәдениет және білім саласын, сондай-ақ Атырау облысындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қайырымдылық қызметі аясында қолдау көрсетуін жалғастырып келеді. Алдағы уақытта да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қоғамға маңызды жобаларға қолдау көрсете береді. «Фариза оқулары» облыстық байқауын Атырау облысының мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп есептеймін. Өйткені қазақтың әр перзенті Фариза ақынның поэзиясымен қанаттанады. Рухани нәр алып, ананы қадірлеудің, туған жерді қастерлей білудің ұлағатын ұғынады. Сондықтан байқауға қатысқан оқушылардың елдің мәдени мұрасын сақтауға, одан әрі дамытуға қызығушылығы артады. Жас буын рухани құндылықты бойына сіңіреді. Шығармашылыққа ынтасы артады», деді компания бас директорының Үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Таланттарды анықтау және қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Жанар Сәрсенғалиеваның айтуынша, байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту, жас буынды патриотизмге, қазақ елінің мәдени дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу. Сол себептен «Фариза оқулары» облыстық байқауы үш бағытты қамтыды. Байқауда бақ сынаған оқушылар «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай» бағытында Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Ал «Өлең, мен сені аялап өтем...» кезеңінде ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Талантты оқушылардың бір тобы «Фариза шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу» бағытымен ақынның туындыларын арқау еткен суреттерін ұсынды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, «Фариза оқулары» байқауында өнерлі өрендер бір-бірінен суырылып алға шығуға ұмтылды. Ешқайсысының қалыс қалғысы жоқ. Байқаудың «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай» бағытында ақын шығармаларын нақышына келтіре, әрі жатқа оқыған Индер ауданындағы Махамбет атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақнұр Мағзом, Қ.Сәтбаев атындағы мектептің 11-сыныбында оқитын Сәбина Еркінғалиева, Ж.Модағалиев атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Гүлназ Аяпберген үшінші жүлдеге ие болды.
Ал екінші орын «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрсезім Әділқасқа, Х.Досмұхамеов атындағы Атырау университетінің жанынан дарынды балаларға арналып ашылған «Ұстаз» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Мансұр Мұратбайға берілді. Бірінші жүлдеге Жылыой ауданындағы №17 орта мектептің 11-сынып оқушысы Жангүлім Әкен лайық деп танылды.
«Өлең, мен сені аялап өтем...» бағытында ақын өлеңдеріне жазылған әндерді жүрекке жеткізе орындаған оқушылар аз болмады. Дегенмен, үшінші жүлдені Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 8, 9-сыныбында оқитын Ақбота Ерікқызы, Аяулым Нұрымова, Сәбина Бауыржанова, Мөлдір Самиғоллаева, Исатай ауданындағы Аққыстау орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жанерке Кенжемұратова, Атырау қаласында орналасқан №34 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Абылай Нұрсұлтан иеленді.
Бұл аталымдағы екінші орынның біріне Құрманғазы ауданынан қатысқан Милана Саясат ие болды. Жас өрен қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың есімі берілген орта мектептің 10-сыныбында оқып жүр. Онымен бірге Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы С.Қарабалин атындағы №15 мектептің 10-сынып оқушысы Айсана Қуанға да дәл осындай жүлде берілді.
Ән орындаушылар тобындағы бірінші жүлдені Мақат ауданындағы Х.Санбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Сымбат Маңғыстау иеленді. Жас өнерпаздың әсем даусы бар екен.
Байқаудың үшінші бағыты – Фариза ақынның шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу. Рас, сурет салу оңай емес. Алайда қылқаламды серік етуге талпынған оқушылардың суреттерінен сырлы бояудың сырына бойлағысы келгені аңғарылды. Қазылар ортақ шешіммен «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Мәди Маратұлының, Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрбибі Ораздың, №3 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Диляра Мұратованың, Ж.Молдағалиев атындағы мамандандырылған мектеп лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ализе Ізбергеннің туындыларын үшінші жүлдеге лайық деп тапты.
Ақынның шығармаларын өзінің суретіне арқау еткен Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Милана Серік екінші жүлдені иеленді. Ал Халида Оңдасын балғын суретшілер арасындағы бірінші жүлденің иегері атанды. Ол Индер ауданындағы Қ.Абаханов атындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды.
«Үш жылдан бері суретшілер үйірмесіне қатысып жүрмін. Мені сурет салуға жетекшім Жанар Мұхаметжанова үйретеді. Бүған дейін екі республикалық суретшілер байқауына қатысып, екеуінде де үшінші орын алған едім. Ал бұл байқауға қатысу мақсатында Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін қайта-қайта оқыдым. Өйткені суретті ақынның шығармашылығымен байланыстыру қажет болды. Байқаудың бірінші жүлдесін алғаныма қуанып тұрмын», дейді Халида Оңдасын.
Ақын шығармашылығына арналған байқауға қатысқан жауқазын жеткіншектер жалындап тұрғанын байқадық. Өйткені ақынның жүректе ғана жатталатын, мейіріңді қандыратын кәусар жырлары жас буынға жалын бергені даусыз.
Атырау облысы