Астанадағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Сәкен Сейфуллин атындағы ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Аталған университет ректоры, ҰҒА академигі Қанат Тіреуовтің бастамасымен орталық Гуманитарлық факультеттің Қазақ және орыс тілдері кафедрасының жанынан құрылып отыр.
Орталық Сәкен Сейфуллин-нің әдебиеттану, фольклорлық, лингвистикалық, музыкалық, тарихи зерттеулерін, түріктанудағы еңбектерін педагогикалық бағытта жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделеп, жан-жақты зерттеуді көздейді. Сонымен қатар халық шаруашылығын ұйымдастырудағы, халық ағарту саласындағы, мәдениет, баспа ісін дамытудағы, сот жүйесі, кедендік қызметтің іске асуындағы, қаржылық жүйе мен салық саласын бір жүйеге келтіруде атқарған еңбектерін насихаттайды.
С.Сейфуллин атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшілігіне қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ардақ Тілеулесова тағайындалды.
Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов орталыққа С.Сейфуллин музейінен шыққан «Сырсандық» сериясының 10 томдығын сыйға тартты. Сонымен қатар академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ш.Жалмаханов, ғалым, драматург Ғ.Ештанаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Жақып жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар мұнда тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Алпысбаеваның жетекшілігімен, Қазақстан тарихы кафедрасы ғалымдарының құрастыруымен шыққан «Сәкен жолы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған бұл маңызды қадам – профессор-оқытушылар құрамына, әсіресе жас ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыми жобаларымен айналысуға, мәдениет пен ғылымның күрделі аспектілерін терең зерттеуге үлкен мүмкіндік.