Елімізде интернет сапасы кейінгі жылдары біршама жақсарса да, әлемдік стандарттармен салыстырғанда әлі де төмен. Халықаралық Speedtest Global Index дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша 82-орынға тұрақтаған.
Еліміздегі интернет жылдамдығы орта есеппен 20 Мбит/с шамасында. Бұл көрсеткіш әлемнің кейбір дамыған елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, Латвия мен Сингапурда интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асады. Тіпті елімізде желіге қосылмаған ауылдар да жетерлік. Шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы интернет сапасын тексеру нәтижесінде 1 мыңнан астам ауылда интернет мүлде жоқ болып шыққан. Бұдан бөлек, 510 елді мекенде интернет бар болғанымен, сапасы өте нашар. Ауыл былай тұрсын, қаланың өзінде «интернет істемейді» деген шағым көп. Астана тұрғындары орталықта отырсақ та, желіге қосыла алмай қиналып қалатын кездеріміз болады дейді.
«Жұмысымыздың көбі интернетпен жасалады. Әсіресе мұғалім болған соң күнделік толтыратын кезде, онлайн сабақ өткізетін желіде қиындықтар жиі болады. Оған да жүйкең тозады. Сондықтан интернет үнемі бірқалыпты, жақсы сапада істесе екен», дейді қала тұрғыны Айдана Шалқар.
Шағымның көбейгені бір бүгін емес, үнемі солай. Жауапты мекеме бұған радиофобтар кінәлі дегенді айтады. Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, Астана қаласында интернет мүлде жоқ және сапасы өте төмен 50-ден астам орын бар екен. Оның көбі – құрылыс жүріп жатқан аумақтар. Ал кейбір жерлерде радиофобтардың шағымынан кейін базалық стансалар алынып тасталған.
Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамовтың айтуынша, бұл мәселе заң жүзінде шешімін табады. «Бір тұрғын үйде радифоб тұратын болса, бұл жерден базалық стансаны алып тастайды. Өйткені заңда солай. Яғни оператор алып тастауға тиіс. Қазір біз депутаттар арқылы осы заңға өзгерістерді дайындап отырмыз. Нәтижесінде, бір ғана адамның кесірінен бүкілі зардап шекпейтін болады. Сол себепті заңға нақты-нақты өзгерістер енгіземіз», дейді Ержан Мейрамов.
Ал үкімет ауылдағы мәселені шешуде оптикалық желілер мен спутниктік технологиялардың көмегіне жүгініп отыр. Жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын OneWeb пен SpaceX-тің Starlink сияқты спутниктік жобалары жолға қойылған.
Сарапшылардың айтуынша, сапаның төмен болуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, көп өңірде интернет желілерінің инфрақұрылымы ескірген. Жаңа технологияларды енгізу баяу жүріп жатыр. Екіншіден, телекоммуникация нарығында бірнеше ірі оператордың үстемдігі бәсекелестікті шектейді. Бұл бағаның жоғары болуына және қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Үшіншіден, еліміздің географиялық орналасуы мен кең территориясы интернет желісін таратуда қиындықтар туғызады екен.
Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ – елдің негізгі интернет провайдері рентінде сапаға жауапты. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту – аталған компанияның басты міндеттерінің бірі. Басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл жолдағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады, мәселені шешуге қадам жасап жатырмыз дейді.
«Сапалы қызметті ұйымдастыру – бірқатар тың, жаңа шешімдер қолданылатын күрделі, көпсатылы үдеріс. Сырт көзге қарағанда, бәрі оп-оңай. Кабельді төсеп, жабдықты орнатсаң жетіп жатыр деп ойлайды. Шын мәнінде, компаниямызда интернет-сервистің сапасын арттыруға бағытталған тұрақты жүйе жолға қойылған. Бұл – көптеген техникалық бөлшектен, нақты көрсеткіштер мен конфигурациялардан тұратын күрделі жұмыс. Заманауи телекоммуникация қызметтерінің сапасы ақауды дер кезінде жоюмен, шапшаң әрі дұрыс жұмыс істейтін байланыс орталықтарын құрумен, клиент өтінішін қанағаттандырумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар пайдаланушыларға көрінбейтін ұсақ-түйек, бірақ аса маңызды шаруалары шашетектен», дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.
Сондай-ақ Бағдат Мусин интернет желісіне қатысты мәселелерді әлемдік тәжірибеге сүйеніп, алпауыт компаниялардың мысалын қарастыра отырып шешуді қолға алғанын жеткізді.
«Google», «Meta», «Netflix» сияқты ірі компаниялар өз қызметтерін үнемі жетілдіріп отырады, осылайша қолжетімді әрі сенімді жүйеге айналған. Бұл компаниялардың өнімі сұранысқа ие әрі танымал. Олар өз контентін жеткізетін желі жасап қойған. Себебі тіпті миллисекундтық кідірістің өзі қызмет сапасына орасан зор нұқсан келтіруі мүмкін екенін түсінеді. Айтып отырғаным – сапаға бағытталған жұмыс. Компаниямызда осы техникалық аспектілерді негізге алдық және ірі компаниялармен өзара әрекеттесудің технологиялық үдерістерін жолға қойдық. Танымал интернет қызметтердің сапасын жүйелі түрде одан әрі жақсарта түспекпіз. Біз өз желімізде жаңа Microsoft Connected Cache (MCC) кластерін іске қостық. Бұл көптеген Microsoft қызметінің қолжетімділігі мен кідірісін жақсартты. Техникалық тобымыздың мақсаты – пайдаланушылардың желідегі жұмысын ыңғайлы етіп, тұрақты қосылымды қамтамасыз ету», дейді ол.
«Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, компания қаржы тарту мақсатында жеке серіктестермен келісім жобаларын әзірлеп жатыр. Бұл еліміздің ауыл-аймақтары мен қалаларында абоненттердің интернетке қосылуын жеделдетпек.
Айта кетейік, жақында «Қазақтелеком» көп жылдан бері интернет сапасынан ығыры шыққан Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Достық ауылын жоғары жылдамдықты интернетке қосқан. Ауылда 4 мыңға жуық тұрғын бар.
«Достық ауылын жоғары жылдамдықты интернетке қосу жергілікті тұрғындарға көп мүмкіндік береді. Енді оларда цифрлық ресурстарды оқу, жұмыс істеу, байланысқа шығу жағынан кедергі болмайды. Біз Түркістан облысында тұрақты және сапалы интернетке қол жеткізу үшін желіні кеңейтуді жалғастырамыз», дейді «Қазақтелеком» АҚ Бөлшек бизнес дивизионының B2C сегментінің коммерциялық директоры Света Жұмашева.
Компания жыл соңына дейін Түркістан облысында тағы 5 ауылды желіге қосуды жоспарлап отыр.
Жоғарыда атап өткен интернет сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған Starlink жобасы назар аударуға тұрарлық. Starlink – SpaceX компаниясының ғарыштағы спутник арқылы интернет қызметін ұсынады. Бұл жоба еліміздің шалғай аймақтарын интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамовтың айтуынша, қазіргі кезде 1729 ауыл мектебі желінің игілігін көріп отыр.
Starlink қызметінің артықшылығына келер болсақ, ол 50-150 Мбит/с жылдамдықта интернет ұсына алады, бұл көптеген жергілікті провайдерлердің қызметінен жоғары. Спутник арқылы интернет алу үшін физикалық инфрақұрылым қажет емес, бұл шалғай өңірлерді жылдам желіге қосу мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ Starlink жүйесі табиғи апаттар мен географиялық кедергілерге қарамастан, интернет байланысын қамтамасыз ете алады. Бірақ кемшілігі де жоқ емес. Starlink жүйесін 5-6 жыл сайын ауыстырып отырмаса, тозып кетеді. Сонымен қатар спутниктік желі шекара маңындағы ауылдарға орнатылмайды. Министрлік ондағы мәселені шешуге мүдделі болғанымен, компания саясатына сәйкес Starlink Ресей мен Қытай территориясын қамти алмайды. Дегенмен Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, көрші мемлекеттермен келіссөз жүргізіліп жатыр.