Астана қаласында қазіргі заманғы және қуатты технологиямен жабдықталған контейнерлік алаңы бар көліктік-логистикалық орталықтың (КЛО) құрылысы аяқталуға жақын. Дер кезінде қолға алынған жалпы құны 151 миллион доллар тұратын ауқымды жобаға «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «КТZ Express» АҚ арқау болуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық деңгейдегі инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бірінші кезекте басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырды», деп атап көрсетті. Осыған байланысты еліміздің өңірлерінде көліктік-логистикалық хабтарды құру ісі қолға алынды. Соның бірі Астана қаласындағы көліктік-логистикалық орталық болмақ.
А273 көшесі мен Астана – Қарағанды тас жолының қиылысында, Қырқыншы стансаның маңайында орналасқан, үлкен контейнерлік алаңы, құрғақ және климаттық жүк сақтау қоймасы, алып сауда орталығы бар көліктік-логистикалық орталықтың құрылыс аумағында абаттандыру жұмысы қызу жүзеге асырылуда. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне жан-жақты дайындық үстіндегі елордада тиімді логистикалық тізбек қалыптаспақ. Мәселен, қауырт қимылдардың нәтижесінде қоймалар кешеніне жеткізілген тауарлар тиісті сөрелерге орналастырылады. КЛО орталығында қазір тоңазытқыш-мұздатқыш камералар іске қосылып, тауар сақталатын қоймалар сынақтан өткізілуде.
– Бірінші, негізгі кезең мәре сызығын кесуге тақалып, екінші кезектегі жұмыстар көп күттірмей бастау алады деп жоспарлануда. Жұмыс көлемі көп, оларды уақтылы еңсеруге тырысудамыз. Жалпы, көліктік-логистикалық орталықтардың артықшылығы сол, көлік қатынасына да, өндірістік-техникалық, өнеркәсіптік жүк пен халық тұрмысында кеңінен қолданылатын кез келген азық-түлік тауарларын түсіріп, қайта тиеуге де, шоғырландырып, өңдеу қызметтерін көрсетуге де ыңғайлы болуы тиіс. Бүгінде Астана және Шымкент шаһарларында «А+» сыныбындағы заманауи КЛО құрылыстары салынып, пайдалануға берілуде. Білікті мамандар тұсаукесер рәсімдерінен соң игілікті істерге білек сыбана кіріседі, – дейді Астана КЛО құрылысын басқару мен бақылауға жауапты «Continental Logistics» ЖШС-нің техникалық директоры Тілекжан Нұркенов.
Астана көліктік-логистикалық орталығы болашақта халықаралық және республикалық, қалалық және өңірлік жүк ағынын ортақ арнада тоғыстырмақ. Жаңа теміржол вокзалымен көршілес 51 гектар жер теліміндегі алғашқы құрылыс кезегі аяқталды. Пайдалануға берілген құрғақ жүк қоймасының аумағы 27650 шаршы метрді, климаттық қойма 11520 шаршы метрді құрайды. Контейнерлік алаң 8 гектар жерді алып жатса, сауда үйі 24000 шаршы метрді алып жатыр. Келесі кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен мен қонақүй тұрғызылады екен.
Контейнерлік терминалдарға жеке-дара тоқталсақ, алаң плиталары 100 тн/м2 жүктемені қиналмай көтеріп, бұл аумаққа бір уақытта 4000 ТЕU жүк орналасады. Контейнерлік кран бірден 45 тонна жүк көтереді. Осы орайда, бертінге дейін бұрынғы Кеңес одағы дәуірінен қалған инфрақұрылымды пайдалануға мәжбүр болған елімізде терминал-қоймалар желісі халықаралық бағалау дәрежесінде соңғы «С» санатына және одан да төмен жайғасқаны біраз жайтты аңғартса керек. Енді орталықтандырылған, кедендік қосыны кәдеге жарайтын, жабық немесе ашық вагондарды стансадан жеткізу, кедендік ресімдеу, ақауларды сұрыптау, жарамсызын жою сынды қосымша қызметтермен шұғылданатын көліктік-логистикалық орталық нарыққа соны леп әкелмек. Тағы бір айта кететін мәселе, ет пен балық, жеміс-жидек, көкөніс секілді тағам түрлерінің тез бұзылмауына рефрижераторлар қызмет көрсетпек.
Ескендір ЕРТАЕВ,
«ҚТЖ» ҰҚ» АҚ бұқарамен байланыс департаментінің менеджері.
Суретте: көліктік-логистикалық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын.