Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетауда арқалы айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабектің шырайлы шығармашылық кеші өтті. Кешке облыс әкімі Марат Ахметжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сөз қадірін білетін зиялы қауым қатысты.
Алдымен ақынның қазақ руханиятына қосқан мол еңбегі жан-жақты сараланып көрсетілді. Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы азаматтың табиғи талантын толайым қамтыған лирикалық композицияны тыңдарман қауым назарына ұсынды. Жас ақын Нұрғиса Елешұлы ағасына арнау жолдап, жырдан шашу шашты.
– Биыл Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы ақынның шәкірті Құдайберлі Рақымбекұлы да алпыстың асқарына шықты, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов, – ұстаз бен шәкірттің бір-біріне жалғаса келген тойы рухани жан дүниемізді кемелдендіруде.
Шығармашылық кеште ақынның сөзіне жазылған «Баянауыл көктемі», «Айтыс» әндерімен қатар, сөзін де, әнін де өзі жазған «Ащылы-Жекебояқ», «Әкені аңсау», «Қызыл алма» әндері шырқалды.
Кешке арнайы шақырылған, ақындардың көшін бастаған жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі журналист-ақын Жанарбек Әшімжанов, танымал айтыс ақыны Аманжол Әлтаев, белгілі ақын Қорғанбек Аманжолдар той иесін құттықтап, жалындаған жырларын оқып, қошемет көрсетті.
Кеш көрігін қыздырған – айтыскер ақын Мұхтар Ниязов пен ақмолалық ақын Ерлан Дәулеттің сөз қағыстыруы болды. Көпшілік қос ақынның тауып айтқан тамаша сөздеріне қайта-қайта қол соғып, ризашылық сезімдерін білдіріп отырды. Көкшенің баурайындағы тойға Жетісудан алып-ұшып жеткен Айтақын Бұлғақов пен Шығыс Қазақстан облысынан жеткен Серік Құсанбаевтың айтысы көпшілікті тәнті етті.
Таяуда ғана Көкшетау қалалық мәслихатының шешімімен Құдайберлі Мырзабекке Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағы берілгені де жұртшылыққа мәлім болды. Ақынын ардақтаған елдің еңсесі қашан да биік.
Көкшетау