• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 16 Қазан, 2024

Экологиялық акция – тазалық кепілі

70 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» рес­публикалық акциясы аясында Абай облы­сында ауқымды экологиялық іс-шара жалғасып жа­тыр. Іс-шараға қатысу­шылар қоршаған ортаны, экологиялық жағдайды жақ­сар­туға барынша күш салып келеді. Су қоймаларын, саябақтарды, алаңдарды, көшелер мен аулаларды қамтыған ірі сенбіліктерге жүздеген жергілікті тұр­ғындар шықты.

Бородулиха ауданы Новопокровка ауылында ұйымдастырылған сенбілікте жергілікті тұрғындар мен мекеме, кәсіпорын өкілдері Жура өзенінің арнасын қалың қамыстан тазартып, су ағынын жақсартуға, көктемгі су тасқыны қаупін азайтуға атсалысты. Акцияға тек жергілікті тұрғын­дар ғана емес, бюджеттік мекемелердің қыз­меткерлері, студенттер мен оқушылар қатыс­­ты. Новопокровка ауылдық округі ақса­қал­­дар кеңесінің төрағасы Анатолий Рома­нов мұндай іс-шаралардың қоғамдық мән-маңы­зына тоқталып, туған жерге қамқорлық жасау әр адамның міндеті екенін баса айтты.

Дәл осындай іс-шара Мақаншы, Үржар, Жарма, Ақсуат, Абай, Көкпекті, Аягөз аудан­да­рын­да да өтіп, саябақтардың сәні кіріп, қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Іс-шара барысында Бесқарағай ауданының орталығында жаңа саябақтың құрылысы да аяқталды. Саябақта балалар ойын алаңы, LED-экран, сахна, теннис, шахмат үстелдері орын алған. 150 қарағай мен шетен ағаштары отырғызылып, 42 шам орнатылды.

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған дерекке сүйенсек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері акцияға облыста 100 430 адам, оның ішінде 3 626 ұйым мен мекеме өкілдері ара­ласқан. Жұмысқа 2 087 бірлік техника жұмыл­дырылды. Нәтижесінде, 99 023 аула тазаланып, 55 131 тонна қатты тұрмыстық қалдық қоқыс полигондарына жеткізілді. Облыс көле­мінде 239 саябақ пен сквер тазартылып, 313 ескерткіштің айналасы абаттандырылды, 741 шаршы метр тасжол жөнделді. Сенбілік­терге 1 077 әлеу­меттік, 2 261 өндірістік нысан, сондай-ақ 934 жасанды су қоймасы қамтылды.

Семей қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кейінгі өткізілген сенбілікке 8000-нан астам қала тұрғыны қатысты. Сен­білік барысында қала аумағы 14 учаске­ге бөлініп, әр учаскеге Семей қаласы әкімдігінің дербес бө­лімдері бақылау жасады. Қаланың түрлі шағын аудандарында, көше, аулаларын­да қоқыс жинау, жасыл аумақтарды абаттандыру, тазалау жұмысы жүргізілді.

 

Абай облысы