Бас қаланың темір жол қақпасы жылдар өткен сайын елордамен бірге өркендеп, өсіп келеді. Жолаушыларға түрлі қызмет көрсету сапасы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған, келіп-кетіп жататын жолаушылардың демалып, тынығуларына барлық жағдай жасалған. Астананың темір жол вокзалы бүгінде елорданың көркіне көрік қосатын, ажарын айшықтай түсетін, тоғыз жолдың торабына орналасқан еңселі орын-жайдың біріне айналып отыр.
– Жолаушы пойыздарын жөнелту және қабылдау Астана стансасы бас паркінің үш жолы арқылы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады, – деді Астана темір жол вокзалының бастығы Қайрат Майдин бізбен әңгімесінде. – Бірінші бағыт – Астана – Алтын шоқы бойынша Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолына қосылады. Екінші бағыт – Астана – Петропавл, үшінші – Астана – Құлынды, ал төртінші бағыт – Астана – Мойынты-Саяқ стансалары бойынша Қырғызстан мен Қытай Халық Республикасына шығады. Жалпы, Астана арқылы 76 пойыз, оның ішінде 58 жолаушылар және 18 қала маңына жүретін пойыздар қатынайды.
Астана темір жол вокзалының бастығы Қайрат Майдиннің айтуынша, қазіргі кезде Астана стансасы 52 жолаушылар пойызын қабылдап, жөнелтіп жүр. Оның 10-ы, яғни бес жұбы – халықаралық бағыттарға, ал 24-і – облысаралық бағыттарға қатынайтын жолаушылар пойыздары. Сонымен қатар, елорданың темір жол стансасынан транзиттік пойыздар да өтеді. Астаналық темір жол вокзалы еліміздің барлық облыстары орталықтарына, сондай-ақ ТМД елдерінің Мәскеу, Минск, Киев, Брест, Санкт-Петербург, Свердловск, Бішкек, Ташкент, Омбы және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын Берлин, Варшава, Үрімжі қалаларымен де тығыз байланыста жұмыс істейді.
– Темір жол вокзалының сыйымдылығы 1800 жолаушыға есептелген, – деді вокзал бастығы әрі қарай. – Пойыздардан түскен және пойыздарға отыратын жолаушыларға арнайы жабдықталған екі отырғызу платформасы қызмет көрсетеді. Жолаушыларға қолайлы жағдай туғызып, оларға сервистік қызмет көрсету мақсатында вокзалда эскалаторлар және мүгедектер үшін лифтілер орнатылған.
Біз бұған вокзал ішін және перрондарды аралау кезінде анық көз жеткіздік. Жарнамалық құралдар, жолаушыларға қажетті ақпараттар, телемониторлар, тағы басқалар жеткілікті. Диктор қайсы пойыздың келгенін, қашан жүретінін, олардың қайсы жолға тоқтайтынын қазақ және орыс тілдерінде жиі-жиі хабарлап тұрады. Вокзал ғимараттарында тоғыз ақпараттық стенд орнатылған. Оның үшеуінде жолаушылар пойыздарының кестесі, алтауында ақпараттық ережелер көрсетілген.
– Жол жүру құжаттары (билеттер) “Жолаушы тасымалы” АҚ-тың 19 билет кассалары арқылы сатылады, – деді Қайрат Майдин билет сататын кассалар залына келгенімізде. – Бұлардан бөлек вокзалда жолаушылар пойыздарына бос орынның бар немесе жоқ екенінен ақпарат беретін электронды табло, “105” нөмірлі біртұтас көпарналы “жабық” анықтама бюросы да орнатылған. Сонымен қатар, жолаушылардың жол жүру билеттерін интернет арқылы рәсімдеу желісі де енгізіліп отыр. Оларға билеттер кезектен тыс сатылады.
Билет сататын және жолаушылардың күту залдарында да адам саны едәуір мол көрінді. Касса алдында кезекте тұрған орта жастағы жігітті әңгімеге тарттық. Өзін Қожаназар Ақбүркітов деп таныстырған азаматтан вокзал қызметі жөнінде сұраған едік. “Жұмыс бабымен Астанадан Алматыға жиі барып тұрамын, – деді ол. – Келгеніме 10-15 минөттің шамасы болды. Билет сататын кассалардың барлығы жұмыс істеп тұр. Вокзал қызметі бұрынғыға қарағанда жақсарған. Кемшілік, олқылықтар байқалмайды. Еңселі елорданың темір жол қақпасы, оның ішінде темір жол вокзалы осындай болуы қажет”.
Вокзал кешенінде төрт күту залы, бір қонақ үй, үш жүк сақтайтын орынжай, екі сервистік орталық, он банкомат, валюта айырбастайтын пункт, дәріхана, намазхана, тағы басқа да көптеген орындар жолаушыларға қызмет көрсетіп тұр. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтайтын полиция қызметкерлері мен көші-қон полициясы, әскери комендатура, санитарлық эпидемиялық станса күндіз-түні жұмыс істеуде.
Вокзал бастығынан әңгіме барысында вокзалдың жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырудағы перспективалық жоспарларын да сұраған едік.
– Алда тұрған жұмыс жоспарымыз ауқымды, – деді Қайрат Майдин осы жайында. – Ең бастыларын атап өтейін, диктордың жұмыс орнын автоматтандыру, 2011 жылы өтетін қысқы Азия ойындарына байланысты вокзал қызметкерлеріне ағылшын тілін үйретуді тереңдету, анықтама-ақпараттық жабдықтарға жаңа технологияларды енгізу, тағы басқалар. Бұл жұмыстардың барлығы жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді көздейді. Өйткені, елордаға атбасын бұрғысы келетіндер қатары жыл өткен сайын еселеп артып келеді. Оларға ойдағыдай қызмет көрсету – біздің міндетіміз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.