• RUB:
    5.04
  • USD:
    487.42
  • EUR:
    531.39
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 13:38

«Ауыл аманаты»: 100 млрд теңге толық бөлінуі тиіс

37 рет
көрсетілді

«Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл  ауылдарға 100 млрд теңге бөліну жоспарланған болатын. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Мұны қалай түсінуге болады?». Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осындай сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты нарықтың қыспағымен ауылдан құт қашқанын, ауылдағы ағайынның орташа жалақысы  қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30%-дан төмендігін, белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған осы ауыл жұртшылығы екенін алға тартып, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау екенін алға тартты.

«Бүкіл өңірді қамтып, ауыл тұрғынына өз шаруасын дөңгелету үшін 2,5 пайызбен өте төмен, алу тәртібі жеңілдетілген шағын несие беретін жобаға жалпы 1 трлн теңге қарастырылған.Жоба бойынша былтыр 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жоспарланған болатын.Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Мұны қалай түсінуге болады? Үкімет құраушы АМАНАТ партиясының тікелей бақылауында тұрған жобаның сылбыр орындалуының себебі неде?», деді депутат.

Оның айтуынша жобаның нәтижелі атқарылуында бірқатар түйткілдер бар:

Біріншіден, Үкіметтің өз ведомостволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болуда. Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартып отыр. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауы тиіс.

Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбісі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Ал онсыз бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкін емес. Осыны ескеріп, «AMANAT» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында оқыту орталығы ашылды. Енді соны басқа да аймақтарға тарату қажет. Мұны Президентіміз биылғы Жолдауында нақты тапсырды.

Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудыруда.

Мысалы, биыл оңтүстіктегі шаруалар құлпынайдан жақсы өнім өсіргенімен, сата алмады. Өйткені нарықты импортталған бағасы арзан құлпынай басты. Шаруалар өнімді қайта өңдеуге, ұзақ сақтауға қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, өз құнынан арзанға сатуға мәжбүр болды. Соның салдарынан шығынға батып, қарыз болып қалды. Несие қаражатының қашан қайтарылатынын айту қиын.

Төртіншіден, жобаға несиелік берешегі бар азаматтар қатыса алмауда. Мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет ететіндер де осылар болатын. Бірақ банктік қарыздың болуына байланысты олар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жеңілдетілген несие алып, өз ісін аша алмайды.

Аталған жәйттер жобаның тиімділігін төмендетіп отырғанына тоқталған мәжіліс депутаты осы ретте, Президенттің ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қосымша келесі шараларды тез арада пысықтау қажеттігін атап өтті.

«Шағын ауыл шаруашылығы өндірушілері өндірген өнім үшін сертификаттауды жеңілдету мәселесін пысықтау қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрудың маңызы зор. Қаржы министрлігі жоба бойынша биылға жоспарланған 100 млрд теңгені толық көлемде бөлуді тездетуі тиіс.Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет». деді Елнұр Бейсенбаев.