Атырау облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазарту әлі жалғасып келеді. Акция кезінде жағалаудағы қоқыстар жиналып, көшеттер егілді.
«Инфо центр» қоғамдық бірлестігінің директоры Заманбек Құрақбайдың мәліметінше, көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзенінің жағалауына топырақ салынған 5 млн-ға жуық қап төселген еді. Су деңгейі төмендегеннен бері өзен жағалауын тазарту жұмысы жүріп жатыр.
«Табиғатты қорғау акциясы жастардың санасында отансүйгіштік, туған елге, қоршаған ортаға жанашырлық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Акцияға қатысушылар өзен жағасын арамшөп пен түрлі қоқыстан тазартты», дейді З.Құрақбай.
Жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында 19 табиғат қорғау іс-шарасын іске асыру көзделіп отыр. Осы кезге дейін оннан астам сенбілік өткізілді. Сенбілікке 45 мыңнан астам адам қатысты. Қоқыс полигондарына 1 500 тоннадан астам қоқыс тасылды. Өткен аптада акция аясында 1 мыңға жуық көшет егілді. Игілікті шара Атырау қаласындағы «Отбасы» саябағында өтті. Атырау облыстық экология департаментінің бас маманы Ақтолқын Қалдыбаеваның пікірінше, қоршаған ортаға жанашырлық танытатын мұндай іс-шараның маңызы зор. Акцияға қатысқандардың дені – мұнай-газ өнеркәсібінің қызметкерлері. Сондай-ақ қала тұрғындары, спортшылар мен студенттер де қатысты.
«Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осыған орай Атырау қаласы мен 7 ауданда көшет егу, қоршаған ортаны тазалау жұмысы әр сенбі сайын ұйымдастырылып келеді. Ал табиғатты жасыл желекке бөлеудің бірден-бір жолы – көшетті көптеп егу. Біріншіден, бұл экологиялық ахуалды жақсартады. Екіншіден, атмосфералық ауа сапасына да оң ықпал етеді», дейді А.Қалдыбаева.
Атырау облысы