Алматыда «Halyk» қайырымдылық қорының қолдауымен ауыл спортын дамытуға арналған «AuylSport» жобасының таныстырылымы өтті. Іс-шара барысында қордың аймақтардағы бұқаралық спортты дамытудағы рөлі, алдағы жоспарлары, соған сәйкес өңірлерде өтетін спорттық іс-шаралар туралы толық мағлұмат берілді.
Іс-шараға бокстан Олимпия ойындарының жеңімпазы Ермахан Ибраимов, джиу-джитсудан сегіз дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова, өзге де танымал спортшылар қатысты. «AuylSport» жобасын көпшілікке «Halyk» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов таныстырды. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа тарту, спортты насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып, оларды жаңа дағдыларға бейімдеу. Осы орайда бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат секілді спорттың алты түрі қамтылған.
– Спорт саласындағы жетістіктерді Олимпия ойындарымен байланыстыратынымыз белгілі. Аса ірі халықаралық жарыстарда ел мерейін асқақтатып жүрген саңлақтардың басым бөлігі ауылдан шыққан. «Халық» қайырымдылық қоры #АуылФутбол жобасын қолдау барысында талай-талай өзекті мәселелерге назар аударып, елді мекендерде футбол ғана емес, басқа да спорт түрлерін дамытуды қолға алды. Осылайша, «AuylSport» жобасы дүниеге келді. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде 6 спорт түрінен 12 мыңға жуық ауыл баласын қамту көзделіп отыр, – деді Ғ.Жақсылықов.
Аталған жобаны жүзеге асыру жолы қандай? Ең бастысы, барлық іс-шаралар өңірлер мен аймақтарға жеке-жеке бөлініп, топтастырылды. Әр аймаққа үйлестіруші бекітілді. Жоба аясында жоғарыда аталған 6 спорт түрінен 8-14 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер арасында аймақтық турнирлер мен сол жарыстардың жеңімпаздары арасында республикалық қорытынды бәсеке ұйымдастырылады. Сонымен қатар жаттықтырушыларды оқыту, олардың біліктілігін арттыру, тақырыптық семинарлар өткізу, төрешілер ісіне, коммуникациялық дағдыларға, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеуге баса назар аударылады. Турнир женімпаздары мен жүлдегерлерін спорттық киімдер, жаттығу құралдарымен қамтамасыз ету, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, чемпиондардың республикалық, халықаралық турнирлерге қатысуын қамтамасыз ету де қатаң ескеріледі. Ең соңында жыл қорытындысы шығарылып, жобаның үздік спортшылары марапатталады.
Күні кеше ғана Спорт және туризм академиясы мен «Halyk» қайырымдылық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум ауылдық жерлерде спортты дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа кезеңін бастайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Halyk» қайырымдылық қорының бұл жобасы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарды қолдауға, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Ұйым ауылдағы спортты дамытуға осыған дейін 500 миллионға жуық қаржы бөлді. Сондай-ақ осы күнге дейін 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, оған 85 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсады.