• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Салық 17 Қазан, 2024

Салық пен сатып алудағы өзгеріс

144 рет
көрсетілді

Мемлекеттік сатып алу саласында қолға алынған реформа­ның мәні неде? Онда қандай өзгерістер қамтылған? Бұл мәселе Атырауда жергілікті және Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарының іскер топ өкілдерінің қатысуымен талқыланды.

Қаржы министрінің орынбасары Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін заңның бірінші бөлімі сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп, азайтуға бағытталып отыр. Өзге­ріске сәйкес, енді шағым­дарды қарау тетігі жаңарады. Сатып алу жедел жүргізіліп,  тап­сырыс бе­рушілерге тиісті өкілеттік ұсы­нылады. Сондай-ақ сатып алу рә­сімдерінің ұзаққа созылуын болдырмау мақсатында шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды.

Заңның екінші бөлімі мемлекет есебінен сатып алынатын тауар, жұмыс пен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Жобаны іске асырудың барлық кезеңінде бір жеткізушінің жауап­­кершілігі белгіленеді. Ны­санды салу бойынша жүйелі жұ­мыстардың кепілі болып сана­латын құрылысты «кілтпен тап­сыру» қағидасына сәйкес келісімшарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған.

Үшінші бөлімде жеткізуші­лердің жауапкершілігін арттыру көзделген. Мәселен, мемлекеттік сатып алу үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу тетігі енгізілді. Бұрын сыбайлас жемқорлық жасаған әлеуетті өнім беруші, басшы немесе құрылтайшы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыстырылмайды. Мемлекеттік сатып алуға жалақыға қатысты берешегі бар әлеуетті өнім беру­шілер де жіберілмейді. Төртінші бөлімде бәсекелестікті дамытуға басымдық берілген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңда ақпараттың ашықтығына, тапсырыс беруші мен жеткізушінің бәсекелестігі мен кәсібилігін қамтамасыз ету қағидаттарына басымдық берілді. Жаңа заңның мәні – тапсырыс берушінің бюджет қаражатын сауатты және тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік қажеттіліктерді қамтамасыз етуі. Бұл мемлекеттік сатып алу көз­делген нәтижелер мен мақсат­тарға жетуге ықпал етуге тиіс», дейді Д. Кеңбейіл.

Сонымен бірге жаңа Салық кодексіндегі нормаларды талқы­лады. 2023 жылы еліміздегі өнеркәсіп өндірісі көлемінің 24 пайызы Атырау облысына тиесілі болған. Сондай-ақ мұнайлы өңір инвестиция тарту рейтингінде алдыңғы орында тұр.

«Мақсатымыз – барлық тарап­тың, оның ішінде мемлекеттің, бизнестің және тұтастай қоғам­ның мүддесін ескеретін салық жүйесін құру. Алдымызда сала­ның орнықты дамуына ықпал ететін, инвестицияны ынталандырып, инновациялық технологияларды енгізетін тиімді және әділ салық жүйесін құру міндеттері тұр», деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Министрдің айтуынша, жаңа Салық кодексінің жобасына са­лық­тар мен бюджетке төленетін бас­қа да міндетті төлемдер саны азая­тыны енгізілген. Маңызды фис­калды қайтарымсыз төлемдерді алып тастау, кейбірін біріктіру жос­парланған. Жүйелік шаралар ре­тінде салықтық жеңілдіктер ұғы­мын нақты реттеу ұсынылып отыр.

«Мұнай-газ және тау-кен салалары бюджет кірісінің көп бөлігін қамтамасыз етеді. Саланың осындай маңызы ескеріліп, жаңа шаралар бюджетке түсетін түсімдерді, сондай-ақ жұмыс орындарын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс істеп тұрған немесе жаңа кен орындарын барлау әлеуеті бар өңірлерді дамытуда маңызды», дейді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржановтың айтуын­ша, жаңа Салық кодексінде жоспарлы тексерулерді жүргізу тәртібі өзгереді. Енді тексеруді тағайындау салық төлеушінің қызметін талдау қорытындылары негізінде жүргізіледі. Алайда тексерулер электрондық форматқа ауыстырылады.

 

Атырау облысы