Алтын-валюта резервіндегі алтын үлесі 3%-ға төмендеді. Бұл жағдайда әр мемлекет әртүрлі ұстаным ұстанады. Көбі геосаяси ахуал ушыққан кезеңде жаппай алтын сатып алып жатады. Ал Ұлттық банк биыл мамыр-шілде аралығында 21,6 тонна алтын сатқан. Бұл қаншалықты дұрыс?
Елдің жалпы халықаралық резервінің көлемі биыл тамызда 42,7 млрд долларға жетті. Бұл былтырғыдан 27,2%-ға артық. Ақша жүйесімен есептейтін болсақ, резервтердің жартысынан көбі алтынмен сақталған. Ол 23,5 млрд долларға пара-пар. Өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 20,9%-ға көп. Еркін айырбасталатын валюталық активтер бір жылда 35,8%-ға өсіп, 19,3 млрд долларға жетті. Бұл ретте жалпы халықаралық резервтегі алтын үлесі бір жылда 57,7%-дан 54,9%-ға дейін төмендеп отыр.
«Ranking» зерттеуіне сүйенсек, елең-алаң кезеңде алтынды сатып жіберу жақсылықтың нышаны емес.
– 2024 жылдың жеті айының қорытындысында еліміздің алтын-валюта қоры бар болғаны 692,3 килоға өсті. Оның үстіне, алғашқы төрт айда 22,3 тонна алтын сатып алынса, мамырдан шілдеге дейінгі аралықта Ұлттық банк, керісінше 21,6 тонна бұл асыл металды сатқан, – деп жазылған зерттеуде.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, өткен жылы 120 тонна алтын сатылды. Сондай-ақ еліміздегі алтын өндірушілерден 65,5 тонна алтын сатып алынды. Нәтижесінде, былтыр жыл аяғына қарай резервтегі алтын үлесі 58,4%-дан 54,2%-ға дейін азайды. Сонымен қатар бас банк биыл резервтердің өтімділігін одан әрі әртараптандырып, сақтап қалу мақсатында, сондай-ақ бағалы металдың бағасы жоғары екенін ескеріп, сыртқы нарықтарға алтын сатуды жалғастыра береміз деп отыр. Тағы қанша алтын сататыны нарықтағы жағдайға, оның әрі қарай қалай қалыптасатынына байланысты.
– Жыл басынан бері алтын-валюта резерві (АВР) 1,9 млрд долларға өсіп, I тоқсанның соңындағы мәлімет бойынша 37,8 млрд долларға жетті. Әлбетте АВР-дың өсуіне әсер еткен негізгі фактор – алтын нарығындағы «жарыс». Қарастырылып отырған кезеңде бағалы металдың құны 7%-ға өсіп, бір трой унциясы 2 062,4-тен 2 207 долларға жетті. Алтын құны осы тоқсанда тек бір рет 2 000 долларға түсіп, 1990,8 долларға дейін төмендеді. Алтын нарығындағы құбылмалылық АҚШ ФРЖ-нің мөлшерлемесіне қатысты инвесторлар болжамының өзгеруіне, нарық болжамдарына сәйкес келмейтін АҚШ-тың макроэкономикалық статистикалық деректеріне, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың өршуіне байланысты. Осылайша, нарық бұлыңғырланып, геосаяси ахуал шиеленіскен шақта алтын қорғаныс активі болып қала берді. Одан бөлек, алтын-валюта активтері құрылымында алтынның үлесі біршама екенін ескере отырып, АВР кірістілігін арттыру мақсатында шотқа алынбаған алтын портфелін белсенді басқару туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты АВР-ды басқару туралы инвестициялық стратегияға өзгеріс енгізілді, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
2011-2021 жылдар аралығында еліміз алтынды белсенді түрде сатып алып отырған. Жылына 2,4 тоннадан 50,6 тоннаға дейін көлемде алтын толығып тұрған. Бұл кезеңде әлем елдері қорларына 335,1 тонна алтын енгізген. Салыстырмалы түрде қарасақ, біздің көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Тек Қытай, Ресей, Түркия ғана бізден сәл белсендірек. 2022 жылдан бастап үлгілі үрдісімізден жаңыла бастаппыз. 2022 жылы – 50,7 тонна, 2023 жылы 57,4 тонна бағалы металл сатыппыз.
– Алтынның белсенді сатылуы жоғары баға кезеңіне сәйкес келді. Реттеуші тұрақсыздық басталған кейінгі екі жыл ішінде мұндай активті сатқаны жөн бе өзі, бұл – үлкен сұрақ. Мәселен, 2022 жылы орташа есеппен алтынның бір трой унциясы 1,8 мың доллар болды. 2023 жылдың сәуірде алтынның бір трой унциясының бағасы 2 мың долларға жетті. Желтоқсанда рекорд жаңарып, 2 мыңнан доллардан сәл асты. Биыл алтынның бағасы ай сайын дерлік рекордтарды жаңартып, қыркүйекте 2,6 мың долларды құрады. Қазан айының басында да алтын бағасының көтерілуі жалғасты. Яғни бір троя унциясы 2,7 мың долларға бағаланды. Бұған таңғалудың қажеті жоқ, өйткені геосаяси тұрақсыздық жағдайында алтын жалғыз қорғаныш актив көзі болып отыр. Дәл осындай сәтте еліміз, керісінше бағалы металды сыртқа шығарып жатыр, – делінген зерттеуде.
Халықаралық валюта қорының қаржылық статистикасына сүйенсек, еліміз алтын қоры жөнінен 18-орында тұр (294,9 тонна). Әлемдік алтын қоры 30,1 мың тоннаға жетеді. Ең үлкен көлемі АҚШ-қа тиесілі: 8,1 мың тонна, оның жартысы әйгілі Форт Нокс депозитарийінде сақталған. Екінші, үшінші орындарда тиісінше 3,4 мың және 2,5 мың тонна алтын көлемімен Германия мен Италия тұр. Франция (2,4 мың тонна), Ресей (2,3 мың тонна), Қытай (2,3 мың тонна), Швейцарияда (1 мың тонна) да айтарлықтай қор бар.
– Алтын сатудың жай-жапсарына үңіліп көрейік. 2023 жылы Өзбекстан алтын сатуда екінші орында болып, 25 тонна сатты. Біз екі есе көп саттық. Осылайша, біз алтынның бір бөлігін сату, долларға айналдыру мен сол долларларды шетелдік бағалы қағаздарға салу жақсы деген тұжырымдаманы қабылдадық. Активтерді басқару тұрғысынан бұл жаман идея емес: алтын қымбаттайды, арзандайды, ал біздің долларлық бағалы қағаздарға салған инвестициямыз пайыздар әкеледі. Тіпті 2023 жылы 50 тонна алтын сатылғаннан кейін де біз Орталық Азиядағы ең үлкен алтын қоры болып отырмыз, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
«Мonetarity» телеграм-арнасының авторы Владислав Туркиннің айтуынша, резервтік портфельді басқару шеңберінде алтынның үлесін азайту, қолма-қол валютаны өсіру – дұрыс идея емес.
– Біздің бір қызық ерекшелігіміз бар. Отандық алтын өндірушілерден алтын сатып алудың басым құқығы бас банкке тиесілі. Әрине, алтын өз елінде болғаны жақсы. Бірақ реттеуші алтынды теңгеге сатып алады. Баға нарықтардағы долларлық бағаға сәйкес келсе де, Ұлттық банк тек теңгемен төлейді. Олар теңгені немесе эмиссияны басып шығара алатын жалғыз орган. Сонда барлық басылған теңге бірінші банктің құзыретіне еніп отыр. Акциялардағы алтынды белсенді сатып алу экономиканы эмиссиялық қаржыландырады дейді. Ал эмиссия – инфляцияның ең қорқынышты факторы, – дейді ол.