• RUB:
    5.02
  • USD:
    487.24
  • EUR:
    529.34
Басты сайтқа өту
Сенат Кеше

Әлемге қақтығыстардың алдын алатын тың тетіктер қажет - Мәулен Әшімбаев

95 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев II Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумында баяндама жасады. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Құбылмалы жаһандық тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды нығайту» атты бірінші Astana Think Tank Forum-2024 аясында ұйымдастырылды. Онда әлемнің 20-дан астам елінен келген 50-ге жуық сарапшы орта державалардың қазіргі жаһандық деңгейдегі стратегиялық және дипломатиялық рөлін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жаһандық дамудың қазіргі кезеңі геосаяси шиеленістермен және халықаралық қатынастардағы тұрақсыздықпен қатар келіп отырғанын атап өтті. Мұндай жағдай қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуде орта державалардың рөлі мен жауапкершілігін арттыра түседі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Форумның пленарлық отырысында орта елдердің артып келе жатқан рөліне жан-жақты тоқталды. Негізінен ірі державалардың көлеңкесінде қалып келген орта елдер бүгінде аймақтық және жаһандық тұрақтылық пен әлемнің орнықты дамуын қамтамасыз етуде алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл олардың икемділігіне, диалогқа бейімділігіне және сындарлы өзара іс-қимылына қатысты екенін атап өткен жөн. Соңғы жылдарда Қазақстан өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды жеңілдету үшін конструктивті өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық саясатын дәріптеп келеді. Бізде жаһандық күн тәртібін ілгерілетуде және өзекті мәселелерді шешуде орта державалардың жеткілікті деңгейде тиімді бола алатынын көрсететін нақты нәтижелер де бар», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұрынғы тәсілдер мен институттар өздерінің тиімсіздігін көрсеткен қазіргі жағдайда әлемге ынтымақтастықтың жаңа форматы мен қақтығыстардың алдын алатын және оларды оң шешетін тың тетіктер қажет. Осыған орай Палата Спикері Қазақстанның диалогты нығайту және әлемнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолындағы бастамаларына ерекше назар аударды.

«Қазақстан 20 жылдан астам уақыт бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізіп келеді. Бұл бастама осы уақыт ішінде диалог мәдениетін дәріптеу және кедейлік, теңсіздік, экстремизм, ксенофобия, жаһандық жылыну сияқты ортақ проблемалар мен сын-қатерлерге қарсы тұру жолында дін лидерлерінің күш-жігерін біріктіретін пәрменді тетікке айналды. Мемлекет басшысының бейбітшілікті сақтау идеяларын ілгерілету, өзара сыйластық пен ынтымақтастық мәдениетін нығайту жөніндегі күш-жігерінің арқасында VII Съезде әлемнің рухани көшбасшылары бір үстел басына жиналып, ортақ мүдде жолында бірлесіп әрекет ету мәселесін талқылауға мүмкіндік алды. Өткен аптада біз дінаралық диалогтың сабақтастығын сақтауға арналған Жас дін көшбасшыларының алғашқы форумын өткіздік. Қазақстан соңғы жылдары мемлекетаралық және басқа да жанжалдарды шешуге белсенді қатысып келеді. Осылайша, еліміз қазірдің өзінде жауапты мемлекет ретінде әлемнің тұрақты және қауіпсіз дамуына өз үлесін қосып отыр. Бұл орайда Орталық Азия елдерінің ұстанымдары өте ұқсас екенін де айта кеткен абзал», деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев халықаралық мәселелерде Орталық Азия өңірлерінің субъективтілігі артып келе жатқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ аймақтағы ынтымақтастықты нығайтудың негізгі тетіктеріне назар аударды. Бұл ретте парламентаралық өзара іс-қимыл және барлық мүддені көздейтін салалардағы байланыстарды нығайту мәселелері сөз болды.

«Қазіргі таңда парламенттік дипломатия өңірлік күн тәртібін ілгерілетудің және аймақтық кооперацияның құқықтық базасын нығайтудың катализаторына айналып келеді. Орталық Азия елдері арасында бизнес, су және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызы зор. Аталған бағытта көлік дәліздерін де дамыту өзекті болып қалып отыр. Аймақ ортақ тарихи және мәдени құндылықтарға табан тіреу арқылы жаңа күш пен бірлікке ие болады. Өзара сыйластық, сенім және прагматизм қағидаттарына негізделген біздің бірлескен күш-жігеріміз Орталық Азияның әлемнің қарқынды дамыған, өсіп-өркендеген және болашағы зор өңірлердің біріне айналуына жол ашады деп сенемін. Сондықтан түрлі тетіктерді пайдалана отырып, біздің Президенттеріміздің Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамаларын қолдау аса маңызды», деген Мәулен Әшімбаев осы жолда күш біріктіріп, ортақ міндеттерді іске асыруға баса мән берген абзал екенін айтты.

Іс-шараға қазақстандық және шетелдік жетекші талдау орталықтарының басшылары, зерттеушілер, сарапшылар мен дипломаттар қатысты. Форум барысында Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы өңірлік қауіпсіздік мәселелерін зерттеу басқармасының басшысы Шарифзода Саидхомид және Caspian Policy Center-дің (АҚШ) Каспий мәселелері жөніндегі аға ғылыми қызметкері Эрик Руденшиолд сөз сөйледі.

Айта кетейік, 16-17 қазан күндері елордада Астана халықаралық форумы аясында «Құбылмалы жаһандық тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды нығайту» тақырыбына арналған алғашқы Astana Think Tank Forum-2024 форумы өтті. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.

Екі күнге жалғасқан Форумда халықаралық сарапшылар Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі кеңістіктегі өзара іс-қимылдың геосаяси, экономикалық және стратегиялық аспектілеріне назар аударды. Тағы бір еске салар жайт, Astana Think Tank Forum-2024 форумының пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.