Кенен Әзірбаев әндерін ел арасында кеңінен насихаттауға арналған «Шырқа, даусым» республикалық байқауы биыл да өз деңгейінде өтті. Он екінші рет өткізілген дәстүрлі өнер додасына еліміздің әр қиырынан арнайы келген 18 үміткер қатысып, кең тынысты Кенен әндерін шырқады.
Байқаудың деңгейі 10 жыл бұрынғыға қарағанда айтарлықтай өскен. Ілгеріде қатысушылар Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ», «Шырқа, даусым!», «Қайран жастық» секілді санаулы әнін ғана орындайтын. Сол кезде ұйымдастырушылар «боз дала бозторғайы» атанған композитордың өзге шығармалары қалтарыста қалғанын айтып жататын.
Кейінгі уақытта осы бір олқылықтың орны тола бастады деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, осы жолы байқау қатысушылары Кенен әндеріне терең бойлай бастағанын байқадық. «Бал құйылды даладан», «Қазақстан аймағы», «Алатау алабында», «Бұлбұлға», «Бозторғай», «Гигигай» секілді Кенен Әзірбаевтың өзге де көптеген тамаша әнін байқауға қатысқан өнерпаздар шырқау шегіне жеткізе шырқап, тыңдармандардың алғысын арқалады.
Әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған байқауға қатысқан дәстүрлі әншілердің қай-қайсысы болсын, боз дала бозторғайының тамаша туындыларын шырқау шегіне жеткізе орындағанын айта кеткен жөн. Үлкен дайындықпен келгендері бірден аңғарылды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев бастаған қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға соққан жоқ.
Кіл жүйрік топқа түскен өнер аламанында ешкім жүлдесіз қалмады. Үздік үштіктің қатарына енбеген қатысушылар арнайы Алғысхат, дипломдармен және 50 мың теңге көлемінде сыйақымен марапатталды. Ал «Кенен ата» қоры тағайындаған арнайы сыйлық Қостанай облысынан келген Жасұлан Өтемұратовқа бұйырды.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен қостанайлық Айбике Таңатарова, жамбылдық Бекарыс Көштаев үшінші орынға лайық деп танылып, 200 мың теңге сыйақыға ие болса, Алматы қаласының үкілі үміті Нұрдана Сәлімханға жүлделі екінші орын және 400 мың теңге сыйақы берілді. Жамбыл облысының атынан қатысқан Мерей Абуева бірінші орын иегері атанып, 700 мың теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. Қазылар алқасы бас жүлде мен 1 миллион теңге жүлдеге Түркістан қаласынан келген Аружан Сағындықты лайық деп тапты.
Тараз