17 қазанда кәмелетке толмаған Ш.Болаттың өліміне қатысты жүргізілген тергеу жұмыстары аясында тағы бір күдікті ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», делінген хабарламада.
Айта кетейік, тергеу барысы Ішкі істер министрінің жіті бақылауына алынған.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда бір топ жас жігіт арасында ауызша жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Жанжал салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат пышақ жарақатынан көз жұмды, тағы екі адам ауыр жарақат алды. Куәгерлердің айтуынша, дүкен маңында оқ атылған.
Сондай-ақ 12 қазанда Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртенген еді. Полицейлер мүлікті қасақана жою дерегі бойынша іс қозғап, оқиғаның себептерін анықтап жатыр. Отбасы қауіпсіздікпен қамтамасыз етіліп, істі ҚР Бас прокуроры бақылауына алды.