Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот сотталған адамға қатысты азаптау іс-әрекеттерін жасаған Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға уәкілетті өкіліне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәтижесінде, қызметкер Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқаруға тыйым салынған.
Сонымен қатар ол «әділет капитаны» арнайы атағынан айырылып, жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына айыппұл төлейді.
«Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасы ҚАЖД қызметкерлері үшін сот процесін тікелей эфирде көрсетуді ұйымдастырды», делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын облыс прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізген.