• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қылмыс 18 Қазан, 2024

Тараз қаласында оқушылардың қатысуымен 18 қылмыс тіркелген

206 рет
көрсетілді

Құқық қорғау органдары қолдан келгенше жұмыс атқарып жатса да, жаөспірімдер арасындағы қылмыс жойылар емес. Біраз уақыт бұрын Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қоғам сабақ алатын күннің ауылы алыс секілді, деп жазады Egemen.kz.

Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында өңірдегі жасөспірімдер мәселесі жан жақты зерделенген. Бірнеше аудан әкімінің орынбасары мен Тараз қаласы әкімінің орынбасары баяндама жасаған жиында бірқатар мәселе сараланды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тыңдалды.

Халық тығыз орналасқандықтан облыс орталығы Тараз қаласындағы деректерге ден қойғанды жөн көрдік. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил келтірген дерекке жүгінсек, 9 ай қорытындысы бойынша қала аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 37 қылмыс жасалған. Салыстырмалы түрде көрсеткіш 5,1 пайызға төмендегенімен, жаөспірімдер арасындағы құқық бүзушылықтың отыздан асып жығылғаны кімді де болса ойландырса керек-ті.

«Осы 37 қылмысты 37  жасөспірім жасаған болса, соның ішінде: мектеп оқушыларымен -18 қылмыс, колледж білімгерлерімен -16 қылмыс жасалған. 2024  жыл 9 ай қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған – 53 қылмыс тіркелген (2023 -54) 1 дерекке немесе – 1,9 %  төмендеген», дейді қала әкімінің орынбасары.

Жалпы облыс бойынша басшысы жоқ мектептер аз емес. Жыл басындағы дерекке сенсек, 59 мектеп директорсыз қалған болатын. Ал жаңа оқу жылы басталар шақта облыс тық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов көрсеткіштің 17-ге азайғанын айтқан еді.

«Басқармаға басшы болып келгенімде 59 орын бос болатын. Төртінші сәуірден бері төрт мәрте конкурс ұйымдастырдық. Нәтижесінде, 17 мектеп директоры тағайындалды. Директорсыз қалған білім ошақтарының санын бастауыш мектептер арттырып отыр. Ол жерде директор емес, әдіскер деп аталады. Жалақысында 10 мың теңге ғана айырмашылық болғандықтан, мамандар ол қызметке қызығушылық танытпайды. Конкурстың басым көпшілігі осыларға ұйымдастырылып жатыр. Жақында бесінші мәрте конкурс жарияладық. Оның нәтижесі бесінші қыркүйек күні шығады», деген басқарма басшысының сөзі жадымызда.

Қысқасы, жаңа оқу жылы алдында 42 мектеп директорының орны бос болған. Бір-екі айдың бедерінде бұл көрсеткіш айтарлықтай азая қоймаған шығар. Кім білсін... Олай деуіміздің себебі де жоқ емес. Бірнеше айда 17 директор тағайындалса, 1-2 айда қанша директор тағайындалатынын болжаудың өзі қиын...

Әрине, мектептің бүкіл мәселесіне директор жауап береді. Облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланған дерекке сенсек, Тараз қалалық білім бөлімі тарапынан балалар төбелесі үшін №21 мектеп директорына сөгіс беріліпті. Сонымен қатар, №2 және №35 мектеп директорлары қызметінен босатылыпты. Ал комиссия отырысында келтірілген деректе қаладағы мектептерде оқитын балалардың қатысуымен 18 қылмыс жасалыпты. Әрине, аз емес.

Жоғарыда жергілікті басылымда жарияланған мақалада бірнеше мектеп директорының қандай жаза арқалағаны туралы дерек келтірдік. Әйткенмен, өңірде директор дефицит болып тұрғанын да ұмытпаған жөн. Жалпы жасөспірімдер қылмысына қатысты ондаған деректер тіркеліп жатқанына қарамастан, директорлар тұтылып, білім бөлімінің басшылары жазадан құтылып кетіп жатады. Бұның сыры неде? Қалада тіркелген деректер үшін қалалық білім бөлімі қаншалықты жауапты? Бұл мәселеге жергілікті атқамінерлер бір жауап берер деген ойдамыз.

Әрине, жасөпірімдер арасындағы қылмыспен қоғам боп күрескенде ғана оң нәтиже шығуы мүмкін. Бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігі зор екені айтпаса да түсінікті. Әйтсе де, нақты мәселеге келгенде директорлар ғана жаза арқалап жататыны таңдай қақтырмай қоймайды. Әлде өңірлердегі мәселелерге Мемлекет басшысы назар аударғанда ғана жағдай өзгере ме? Бірер жыл бұрын Тараздағы мектеп дәретханасының дауы Президенттің құлағыне жетіп, Мемлекет басшысының пәрменімен қала әкімі орынтағын босатып еді. Мектеп басшыларын жазалай берудің соңы тағы бір трагедияға апармаса дейміз.