Біздің ғасырда роботтармен дастарқандас бола қалсаңыз, оған таңғалуға болмайды. Тіпті олардан шай ма, кофе ме, не қалайтынын сұрауыңызға тура келеді.
Пенсильвания университетінің зерттеушілері сусындардың дәмін бір-бірінен ажырата алатын «электронды тіл» жасап шықты. Жасанды интеллектімен жасалған құрылғы сұйықтықтың түрін ғана емес, сапасында, құрамында қоспалардың бар-жоғын да біле алады. Роботтың датчиктері әртүрлі химикаттарды анықтауға қабілетті. Нейрожелі енгізілген деректер негізінде сусынның түрін ажыратып, сапасына талдау жасайды. «Электронды тіл» сынақ кезінде сүт, су, түрлі газдалған сусындар, кофе, жеміс шырындары түрлерінің 80 пайыздан астамын дәл тапқан. Ал жасанды интеллектіге бағалау параметрлерін өз бетінше анықтауға мүмкіндік бергенде, дәлдік 95 пайызға дейін артқан.
5G-ден жылдам
Лондон университеті колледжінің инженерлері сымсыз деректерді беру жылдамдығын 938 гбит/с-қа жеткізіп, рекорд орнатты.
Бұл Ұлыбританиядағы 5G жүктеу жылдамдығынан 10 мың есе жылдам. Мысалы, 5G арқылы 4K Ultra HD форматындағы екі сағаттық фильмді жүктеуге шамамен 19 минут кетсе, жаңа технологиямен оны 0,12 секундта жүктеуге болады. Ғалымдар бұл халық тығыз орналасқан аймақтар мен бұқаралық іс-шараларда тұрақты әрі жылдам байланыс орнатуға көмектесетінін айтады. Зерттеушілер жаңа жүйе алдағы зертханалық сынақтардан сәтті өтсе, 3-5 жыл ішінде қолданысқа дайын болады деп отыр.
Ғашықтар арасына түскен ChatGPT
ChatGPT қазір кез келген салада кәдеге жарап жүр. Бірақ оны ренжісіп қалған адамыңды жеңуге пайдалану тіпті қызық екен.
28 жастағы ару сүйген жігітімен араздасып қалғанда, оны жеңу үшін үнемі жасанды интеллектінің көмегіне жүгінеді екен. Тіпті тура ренжісіп қалған сәтте қолына смартфонын ала қойып, ChatGPT-ден ақыл сұрайтын көрінеді. Бұл туралы желіде қыздың жігіті жазды. Кейінгі уақытта олардың араларында бірнеше рет жанжал болған. Ренжісіп қалған сайын қыз жасанды интеллектінің көмегімен әрбір сөзін егжей-тегжейлі ойластырып алады екен. «Өзімді бәрін ұсақ-түйегіне дейін есте сақтайтын роботпен айтысып жатқандай сезінемін», деп жазды жігіт парақшасында.